ГАЗДЫ ТҰТЫНБАС БҰРЫН ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІН ЕСКЕРЕЙІК

964 көрілім

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев облыс орталығы көшелерінің газдандырылуы бойынша әлеуметтік желі арқылы хабардар етіп отыруды жүйелі жолға қойған. Ол өзінің фейсбук парақшасында халықты газбен қамтамасыз ету жұмыстарымен Түркістан қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Тұрахмет и Компания» ЖШС, «Отау Строй» ЖШС және «ЭнергоРесурс» ЖШС айналысып жатқанын мәлімдеді.

Жазбада: «Әр мердігер компания жұмыстарды белгіленген уақытта аяқтауға міндетті. Құрылыс жұмыстары мерзім бойынша аяқталмаған жағдайда көрсетілген уақыттар тағы да жылжуы мүмкін. Әрине, біздің бақылауымызда болмайтын түрлі жағдайлар бар екенін ескере отырып, тұрғындарды түсіністік танытуға шақырамын»-делінген. Қосымша, мөлтек аудандардағы газдандыру картасының сызбасы жарияланған.

Түркістан мен Кентау қалаларын биыл 100 пайыз газбен қамту жос-парланған. Бұл газ құбырлары қала көшелерімен толықтай жүргізіледі деген сөз. Төлемақы төлеп, газға қол жеткізу әр тұрғынның еркіндегі шаруа. Түркістанда бүгінгі таңда көгілдір отынға қосылған 6500-ден астам абонент бар.

Десе де, табиғи газ мәселесі тұрғысында қала тұрғындарының сұрағы жетіп-артылады. Бірі көгілдір отынды пайдаланудың кереметтей екеніне қуанышты болса, енді бірі газ кіргізу машақаты көп дейді. Сондықтан жұртшылықтың көңілінде жүрген сауалдарға жауап іздеу мақсатында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Шалқар Омарбековпен тілдескен болатынбыз. Бұл қызметіне дейін Алматы және Ақтөбе өндірістік филиалдарына басшылық жасаған азамат ең алдымен газдан уланудың зардабын айтып, барынша қауіпсіздік шараларына ден қою керек деп дабыл қағуда.

Сұхбат барысында филиал директоры түссіз және иіссіз болып келетін табиғи газдан улану фактісі бойынша Шымкент қаласында күн сайын 2 немесе 3 жағдай тіркелетіндігін атап өтті. Бұл жағдайды рухани астанамызда болдырмас үшін сақтық шараларын ескеруге міндеттіміз деген пікірде. Егер де қандай да бір газдың ағуы (утечка газа) болған жағдайда шұғыл авариялық 104 диспетчерлік нөміріне (тәулік бойы) хабарласуға болады. Газ қазандығын да тұрғын үйден оқшаулап, бөлек бөлмеге орналастырған ләзім.

Сонымен қатар, үй жағдайында газдың ағуын тексеруге болады. Ол үшін сабынды көбік су пайдаланылады. Мүмкіндігінше газ саласы мамандарының көмегіне жүгінген жөн. Бұл бірінші кезекте өз өміріңізді сақтандыру үшін жасалатын қадам. Қауіпсіздіктің алдын алу үшін газ қалдықтарын шығаратын мұржа да биігірек болғаны жөн. Көгілдір отын шарапатын көргіңіз келсе мына жағдайларды ескере жүріңіз. Жоғарыда аталған мердігер компаниялардың көшелермен өткізген желілері арқылы сіздің үйіңізге 30 метрге дейінгі арақашықтықтағы екі нүктені газға қосу үшін 85 мың теңге төлемақы төлейсіз. Техникалық құжатыңыз түгел әрі дұрыс болуы шарт.

Ақау орын алған жағдайда тіпті бірнеше жылдар өтсе де құжатты негізге алып газ кіргізуге қатысты бүкіл құжаттар мен жұмыс сапасының заңдылығы тексеріледі. Бұл құжатыңыз түгел болмай үйіңізге газ кіргізу мүмкін емес. Келісім-шарт жасасқан мердігер компаниядан осы құжатты дайындауды талап етуге құқылы екеніңізді естен шығармаңыз. Тұрғындар арасында түсінбестік тудырып отырған тағы бір мәселеге тоқталсақ, ол – газға қосылу бағытында 85 мың теңге тарифі енгізілмей тұрып мөлтек аудандарда осы уақытқа дейін мердігерлер жүргізген жұмыстар келісім-шарт негізінде сол қалпында өзгертусіз қалады.

Айта кетейік, 2018 жылдың қараша айында ашылған облыс орталығындағы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалында жалпы саны 60 қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде 9 ауданға 2 қызметкерден жауапты маман етіп бекітілген.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы