2000 – ТҮРКІСТАН ҮШІН ТАРИХИ ЖЫЛ БОЛДЫ

940 көрілім

Мерейтой қарсаңында аталған мекеме ұжымы бұдан басқа қаладағы кәріз жүйесімен (канализация) қатар, сауда сувенирлер және гүлдер базарын салып, ел игілігіне тапсырғанына біз де куәміз.  Сонымен қатар, той қарсаңында «Түркістанкөлікқұрылысмонтаж» акционерлік қоғамындағылар түркістандықтардың мәдени демалысын ұйымдастыруға да айрықша қамқорлық жасаған. Сол жылдары ағаштары қурап, құруға айналған «Жеңіс» саябағы қайтадан желек атып, құлпыра түскен. Жас арудай жасанып, қала тұрғындары мен қонақтарының шын мәнінде көңіл көтеретін орнына айналды. Ондағы аттракциондар баяғыша зуыл қаққан. Аумағы тазартылып адам қызығарлықтай көркем көрініске ие болып, қала тұрғындары мен қонақтарына есігін айқара ашқандығын атап өтуіміз қажет. Сонымен қатар, А.Байтұрсынов атындағы №1 жалпы орта мектебі жанындағы көше қиылысынан Есім хан алаңына дейінгі Тәуке хан даңғылы жаяу жүргіншілерге арналып, Арбат салынып, көше жабылып, автокөліктер Байбұрт көшесі арқылы жүретін болды.

Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында сол кездегі «Түркістан» газетінің бас редакторы Балтабай Нұржановтың 10-нан аса сұхбаттары және мақалалары жарияланған. Атап айтсақ, «Той дүбірі сезіле ме?» №14, 2 сәуір, 1999 жыл, «Түркістан тойы: ол жайлы сіз не ойлайсыз?», қала әкімі Уәлихан Қайназаров: «Екі дүние есігі ескерусіз қалмайды» №15, 9 сәуір, 1999 жыл, «Оян ағайын, той жақын», №35, 17 тамыз, 1999 жыл, қала әкімі Ө.Әметұлы: «Той болады, оны ойдағыдай өткізу бізге түркістандықтарға байланысты» №37, 31 тамыз, 1999 жыл, «Тойға қосылар үлес, түркістандықтар азаматтығын танытты» №38, 10 қыркүйек 1999 жыл, «Түркістанда тумақ түгілі адамдар Түркістанда тұрғанына мақтанған» №45, 8 қазан 1999 жыл, «Түркістан – 2000 жылда» (қала әкімі Ө.Әметұлымен жаңа жыл қарсаңындағы сұхбат) №1, 6 қаңтар 2000 жыл, қала әкімі Ө.Әметұлы: «Мен халықпен біргемін, сондықтан көптің сөзін сөйлеп, мүддесін қорғауға міндеттімін», №8, 18 ақпан 2000 жыл, қала әкімі Өмірзақ Әметұлы: «Мен түркістандықтарға сенемін, Түркістан тойы жоғары деңгейде өтеді» сұхбаты жарияланған. Сонымен қатар, газеттің әр санында «Парыз» қорына үлес қосқан мекемелердің және жеке азаматтардың аударған қаржылары туралы мәліметтер тұрақты жарияланып тұрған.

Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақ еліне үндеу жолдаған. Кезінде Ұлы Жібек жолындағы Халықаралық сауда орталықтарының бірі ретінде Еуразияның рухани, мәдени өмірінің ұйытқысы болған Қазақстанның көне қалаларының бірі де бірегейі – Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын биыл Халықаралық дәрежеде, ЮНЕСКО деңгейінде тойлағалы отырмыз. Түркістанның мерейтойы – жарқын болашаққа көш түзеген тәуелсіз мемлекетіміздің іргесінің бекігендігінің белгісі, барша әлемге өзінің рухани, гуманистік, демократияшыл бағыт-бағдарының айқындығын жарқырата көрсетер тұсы. ҚР Үкімет басшысы Қ.Тоқаев барша ел, қауым болып, біртұтас халқымыздың, бірлігіміздің көрінісі ретінде мерейтой шараларын өткізу үшін Халықаралық «Парыз» қайырымдылық қорына бір күндік жалақы көлемінде қаржы аударуға шақырған.

Елбасымыз Н.Назарбаев қасиетті Түркістанға келді. «Түркістан» газетінің №18, 30 сәуір 2000 жылғы санында «Елбасы Түркістанға келді» тақырыпта Елбасының іс-сапары туралы жарияланған. Онда Елбасы Түркістан сапары кезінде Қ.А.Ясауи кесенесіне келіп, Ұлы баба рухына тағзым етуден бастаған. Түрік елінің «Вакиф-Иншаат» фирмасының кесенені жөндеу жұмыстары және қаланың бас жоспарымен, салынатын құрылыс жобасы, сызбаларымен танысқан.

Елбасы жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеп, республикамыздың ішкі, сыртқы жағдайынан хабардар етіп, елімізде бірлік пен татулық, ауызбірлікті нығайта түсуге шақырды. Президент көптің көңілін күпті етіп отырған түйінді сауалды тарқатып, Түркістанның 1500 жылдығы тойы болатынын және ол ЮНЕСКО шеңберінде кеңінен аталып өтетінін сөз етті. Н.Назарбаев қала тойына әзірліктің барысына қанағаттанғанын білдіріп, той өткеннен кейін де құрылыс жұмыстарын жалғастыра беру қажеттігін баса айтты. Елбасы мұнда көптеген мәдениет ошақтары мен жоғары оқу орындары болатынын атап өтіп, Қ.А.Ясауи кесенесіне Сауд Арабиясынан әкелген Құран мен үнтаспаны сыйға тартты.

Түркістан жұртшылығы атынан Кеңес Одағының Батыры Расул Исетов, қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергеновтер Елбасыға қасиетті қалаға қамқорлығы үшін алғыс айтты. Елбасы Есім хан алаңында болып, мұндағы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Елбасы Түркістан сапары кезінде теміржол вокзалын, «Тұран» шаруа қожалығының мақтаны өңдейтін, жіп иіретін цехтарын аралап көрді. Сапар соңында Н.Назарбаев ХҚТУ-нің мәдениет сарайына келіп, оның тұсауын кесті. Оқу орнының тарихы жайлы деректі фильмді көрді. Елбасының Түркістанға сапары кезінде қонақтар арасында вице-премьер Д.Ахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев, тағы басқа ресми адамдар болды. Елбасы Түркістанға осы жолғы сапары кезінде Қазақстанның рухани орталығы Түркістан болатынын тағы бір атап өтті.

ТОТЫДАЙ ТАРАНҒАН ТҮРКІСТАН

Тарихи жәдігер қала Түркістанның келбеті той қарсаңында адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары бірінен соң бірі пайдалануға берілді. Сол нысандардың бастысы – Есім хан алаңы 10 мың шаршы метр жерді алып жатқан алаңда 30 мың адам бір мезгілде түрлі ойын-сауықты тамашалай алады. Күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта әрленген қала әкімшілігінің ғимараты Есім хан алаңының сұлу көркін одан сайын нұрландырып, ажарландырып тұрды. Осы нысанның етегімен жалғасқан «Кіші Арбат» жарасым тауып тұр. Қала халқының бос уақытын еркін пайдалануына мұнда толық мүмкіндік бар. Аяқ басуға қимайтын әсем, өрнекті плиталар, оюлы тастар маңайы жасыл шыммен көмкерілген.

Теміржол вокзалы жаңарды. Түркістан өзінің төл мерекесі қарсаңында түлеп, түрлене түсті. Домбыраның қос шектеріндей керіле тартылған теміржолдың бойындағы ғасырлық тарихы бар теміржол вокзалы қайта түледі. Алматыдан келіп, құрылысты жүргізген «Айсел Қазақстан» фирмасы Түркістан станциясында теміржол вокзалын, перронды қайта жөндеуден өткізді. Вокзал ғимаратының ішкі және сыртқы көрінісін әлемдік деңгейдегі лайықты жөндеуді мақсат етті. Оған қажетті қымбат материалдар Алматыдан әкелінді. Су, жылу жүйелері мен канализация жаңартылды. Мемлекет бұл ауқымды жұмысқа 150 миллион теңге бөлді. Мұнда 96 адам еңбек етті. Вокзал ғимаратының ішіне Алмания, Франциядан жеткізілген бояулармен өрнектеліп жаңартылғаны әлі есімізде.

Той қарсаңындағы тағы бір нысан ол «Түркістан» қонақ үйі еді. Астана қаласынан келген «Ақмола–Мотив» ЖШС мекемесінің жұмысшылары «Түркістан» қонақ үйінің құрылысын жүргізіп, түркістандықтарға тарту етті. Құрылысты 185 адам жүргізсе, олардың басым бөлігі түркістандық жігіттерден құралды. Бұған қосымша Кентау монтаж басқармасынан 23 адам келіп еңбек етіпті. Қонақ үй негізінен 24 орынды «люкс» бөлме-лерден тұрса, мұнда тағы да қонақ үй мейрамханасы, 2 бассейн, шаштараз және қосымша бөлмелері болды.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ,

«Түркістан».

(Жалғасы бар).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары