ЖЕТІСАЙЛЫҚ ГҮЛ ӨСІРУШІ ЖЫЛЫНА 4 РЕТ ӨНІМ АЛАДЫ

1  461 көрілім

Бүгінде кәсіп істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Теңгенің тиыннан құралатынын ескерсек, шағын кәсіптің өзінен толағай табыстарға жетуге болатынын дәлелдеп жүргендер аз емес. Солардың бірі – Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылының тұрғыны Жамшид Нартаев. Осыдан 12 жыл бұрын Өзбекстан республикасынан Қазақстанға қоныс аударған азамат үйіргелік 3 соттық жер теліміне жылыжай орнатып, гүл өсіріп, оны сату ісін өркендетіп отыр.

Оның жылыжайында құмыраға отырғызылған гүлдің 20-дан астам түрі өсіріледі. Қарасаң көздің жауын алатын гүлдер негізінен Жетісай және Мақтаарал ауданының базарлары мен гүл сататын дүкендерінде саудаланады.

«Жылыжайымыз көмірмен жылытылады. Гүл деген нәзік келгендіктен жылыжай ішіндегі ауа температурасына аса мән береміз. Біздегі гүлдердің ерекшелігі сол – бәрі құмыраға отырғызылады. Яғни, бізде өсірілетін гүлдерді үй жағдайында да күтіп-баптауға болады. Сұраныс та жаман емес. Жыл он екі айда үш-төрт рет өнім аламыз», – дейді ол.

Гүл өсіруші Жамшид алдағы уақытта жылыжай көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатта Қазыбек би ауылынан қосымша жер телімін де сатып алған. Жаңа жылыжайда қырыққабат, қияр, қызанақ егу ісін де өркендетіп, түрлі салаттар әзірлеу ісін қолға алмақ.

Бір қарасаңыз, жылыжай ашып, гүл өсіру аса қиын да іс емес секілді әсер қалдырады. Бірақ, кәсіпкер бұл көзқараспен мүлдем келіспейді.

«Алғашқы жылдары гүл өсіру ісіне күле қарап, мол табыс әкелетініне сенімсіздік білдіргендер аз болған жоқ. Алайда, мен жылдан жылға тәжірибе жинақтап, күтіп-баптау ісіне аса мән бердім. Ізденіс жоқ жерде ісің өрге баспайды. Сондықтан, күнделікті ізденіс мені осындай жетістікке жетеледі. Бүгінде Аллаға шүкір өзімнің сүйікті кәсібім бар. Айлық табысымыз бір әулетті асырауға жетеді», – дейді Жамшид Нартаев.

Бауыржан НАЙМАНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы