ТҮРКІСТАНДА АБАЙДЫҢ 175 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМДЕР ТҮСІРІЛЕДІ

412 көрілім

Түркістан облысы бүгінде телесериал мен анимациялық фильмдердің орталығына айналып отыр. Бұған дейін аңыз әрі тарихи кейіпкерлерді паш ететін бірнеше туындыны көрерменге тарту етті. Биыл да Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Түркістан құпиялары» деректі фильмін және Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында анимациялық фильмдерді түсіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді.

Айта кетерлігі, облыста түсірілген «Күш атасы − Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» телесериалы облыстың барлық аудандары мен қалаларында және жергілікті телеарналар мен «Хабар», «Асыл арна» телеарналарынан көрсетілген болатын.

«Өткен жылы облыстық кәсіби 3 театрда 10 жаңа қойылым сахналанды. Ағымдағы жылы аталған театрларда 702 қойылым халыққа ұсынылып, 22 гастрольдік іс-сапар ұйымдастырылды. Театрларда Әл-Фарабидің 1150, А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына орай жаңа спектакльдерінің премьерасы халық назарына ұсынылмақ. Аталған мерейтойларға байланысты сәуір айында «Театр көктемі-2020» кәсіби театрлардың фестивалі мен «Халықтық» атағы бар театрлардың байқауы өтеді. Сонымен қатар, Отырар ауданында «Open air» ашық аспан астындағы театры іске қосылып, тарихи көркем, анимациялық фильмдер көрсетіліп, қараша айына дейін халыққа қызмет көрсететін болады», – деді басқарма басшысы.

Бұдан өзге, биыл аталып өткелі отырған композитор Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай «Бақыт құшағында» атты ретро-фестивалі, «Ән еркесі» мерекелік концерті, «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы және барлық аудан, қалаларда 80-ге жуық іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары