2000 – ТҮРКІСТАН ҮШІН ТАРИХИ ЖЫЛ БОЛДЫ

927 көрілім

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалық азаттық алғанға дейін үкіметке сүйеніп, қамсыз келген халықтың ес жинауына түрткі болды. Сол бір алаң-елең шақта әлеуметтік жағдай тұралап, халық жан бағу үшін қолдан келген іспен айналысу керектігін түсіне бастады. Солай болуы да керек еді. Міне, осы дүрбелең шақты түркістандықтар да көппен бірге бастан өткерді.

Биыл тоқсан жылды еңсеріп отырған газетіміздің 1991 жылдан бермен қарайғы тігінділерін парақтап отырсаңыз зауыт-фабрикалардың одақ кезіндегі байланыс жүйесі үзіліп, жұмыс тұралап, күн өткен сайын табыс көзі құрдымға кетіп бара жатқанын байқау қиын емес. Соның ішінде өндіріс орын басшыларының осындай мәселелерді алға тартып, жұмыс орындарын қысқартпай, жұмысшыларға жалақы беру барысында өнімді пұлдайтын амал-әрекеттер жасайтындықтарын жиі жариялаған. Қарап тұрсақ, бұл әрекет сол кездегі ауыртпалықтардың алғашқы көрінісі еді. Кейін көп ұзамай зауыт-фабрикалар тарқап, әлеуметтік мәселе күрделене түсті.

Міне, дәл осы тұста яғни, 1996 жылы республика Үкіметі Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде шешім қабылдады. Мұндай қадамға ол кезде жұртшылық дайын ба еді? Бұл басты мәселе екені айтпаса да түсінікті жағдай болатын. Енді осы мерейтой қалай аталып өтті. Осы сауалға «Түркістан» газетінің тігінділеріне сүйеніп кеңірек тоқталайық.

Иә, сонымен «Түркістан» газетінің 1999-2000 жылғы сандарына үңілдік. Осы тұста Түркістан қаласының жасын анықтау мақсатында арнайы құрылған комиссия қала аумағында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізгендігі белгілі. Қазба жұмыстарының нәтижесінде қаланың толық біржарым ғасырлық тарихы бар деп анықталып, қорытынды жасалынды. Сол кездегі деректерге сүйенсек, қаланы Шавғар, Ясы, Түркістан деп үш тарихи кезеңге бөліп қараймыз. Әлгі айтқандай археологиялық қазба жұмыстары кезінде қаланың тарихына, жасына қатысты көптеген бағалы заттар табылды. Бұл дүниелер «Әзірет Сұлтан» қорық музейінің алтын қорына қабылданды. Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында «ХІХ ғасыр – жұма мешіті» музейінде «Тарихи Түркістанға – 1500 жыл» атты көрме ұйымдастырылды. Көрме көне Түркістанға қатысты бағалы экспонаттармен, қазақи суреттермен безендірілген еді.

Иә, сонымен көптен күткен «Түркістанның 15 ғасырлық тойы тойланады» деген сөз көне қаланың ойдым-ойдым көшелерінде желдей есіп, жүдеу тартқан шаһардың кәрі тамырларына қан жүгіргендей болатын. Күл-қоқысқа тұншығып, қараусыздықтан азып-тозған қасиетті топырақтың тұрғындары жыртық тымақтары желпілдеп, сол тойды өздері емес, жоғарыдағылар келіп, өткізіп беретіндей, той қарсаңында өздері үшін қаланы ретке келтіретіндей көрінді. Бұл жоғарыға қарай жалтақтап қалған кеңестік дәуірдегі психологияның санада қалған сарқыншақтары еді. Басқасы басқа, тіпті «Мен түркістандықпын!», – деп кеуде қаққанда алдына жан салмайтындардың өзі нақты іспен қаланы көркейтуге атсалысуды ойлай бермейтін…

Дегенмен, Тәуелсіздік желі Түркістанның шаңын қағып, адамдардың санасына тың өзгерістерді ұялатты. Өмірге көзқарас түбегейлі өзгеріп, адамдар көп нәрсені жаңаша қабылдап, жаңаша іс-қимыл жасауына тура келді. 1996 жылдың 10 маусымында Республика Үкіметі Түркістанның 1500 жылдығын мерекелеу туралы маңызы зор құжат қабылдады. Осы кездің өзінде Түркістан ебіл-дебіл шығып самарқау күйде жатыр еді. Содан той кейінге ысырылды. Енді ентігі басылған жерлестеріміз «Той бола ма, болмай ма?» деген күдікті күйге көшті. Өйткені сол кезде қаланың орталық көшелерінің де, көрікті орын саналатын орталық саябақтың да жолаушылар қабылдайтын теміржол вокзалының сиқы да тозығы жетіп, қораштау көрінетін. Тіпті, Қ.А.Ясауи бабамыздың кесенесін әлденеше рет жөндеу мақсатында жасалған әрекеттерге қарамастан жаңғыра қоймаған еді. Қонақ үйлер мен мәдениет ошақтарының халі тым мүшкіл болатын…

Бірақ, түркі жұртының рухани төрі саналатын Түркістанның 1500 жылдық тойын тойламауға, ата-бабаларымыздың рухын құрметтемеуге әсте болмайтын еді. Сондықтан Елбасымыз Н.Назарбаев батыл қадам жасап, халықаралық беделді ұйымға бағытталған нақты ұсынысының нәтижесінде ЮНЕСКО Түркістанның 1500 жылдық тойын әлемдік деңгейде тойлауға шешім қабылдады.

Осы кезде қасиетті қалаға әкім болып келген (1999 жылы тамыз айында) Өмірзақ Әметұлы «Той болады, оны ойдағыдай өткізу бізге, түркістандықтарға байланысты», – деп қала тұрғындарын күдіктен арылтып, бойларына сенім ұялататын үндеу тастады. Сонымен қатар, халықты нақты істерге бастады. Қала әкімі «Алдымен тойға дайындықты біз, түркістандықтар өзімізден, өз үйіміздің ауласын, көшемізді тазартудан, көгалдандырудан, тазалықтан бастауымыз керек», – деді.

Өмірзақ Әметұлы Түркістанға келгенде алдына үш міндет қойса, соның біріншісі – Түркістан тойына әзірлікке шұғыл кірісіп, қала деңгейінде атқарылар шараларға қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану еді. Алғашқы қала активінде әкім қала халқын бұл іске жұмылдыру туралы айтты. Қандай істер атқару қажеттігін тиісті мамандармен бірлесіп, белгілеп, Үкіметке ұсыныстар жасады. Сөйтіп, ең бастысы қала көлемінде қолдан келетін шаруаларды атқаруға осындағы мекеме, ұйым, коммерциялық және өзге де бағыттағы барлық құрылым басшыларының зиялы қауымның, іскер азаматтардың басын қосып, ақылдасуы да өз нәтижесін берді. Әрине, той қаржылай қолдауды қажет ететін еді. Оған халық жазушысы Шерхан Мұртазаның АСАР жариялау туралы ұсынысы қолдау тауып, бұл «Парыз» қорын құруға мұрындық болды. Оған зейнеткерлерден бастап үлес қосушылар көбейді.

Сонымен, Түркістан құрылыс алаңына айналып, қым-қуыт тірлік басталып кетті. Қаладағы өнеркәсіп, құрылыс орындары, кәсіпкерлер өз күштерімен қаланы көркейтуге кірісті. Осы тұста «Түркістан» газеті игі іске халықты тарту ісіне жұмылдырылды. Олар әкімшілік ғимаратынан бастап салынып жатқан құрылыстар туралы материалдар дайындаса, «Парыз» қорына қаржы салып, аударушыларды газеттің әр санында тұрақты үзбей хабарлап, жақсы істердің жанашыры бола білді.

Қала әкімі Ө.Әметұлының бастамасымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің айналасын қоршауға алып, металл шарбақтар орнатылып қызу жұмыс басталып кетті. Қаламыздың 1500 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың ішінде басты нысандардың бірі 13 шақырымдық айналма жол құрылысын салу да көзделген. Бұл істі Түркістан құрылысшылары өз қолдарына алып, Қызылорда мен Шымкент бағыттары бойынан бастау алатын айналма жол салу ісін бастап та жіберді. Айналма жол құрылысына республикалық бюджеттен 295,5 миллион теңге қаржы жұмсалса, құрылысты жеті мекеме жүргізген екен. Атап айтсақ, Түркістан құрылыс компаниясы, «Ақ жол», «Наурыз» фирмалары және Шымкент пен Кентаудан келген құрылыс мекемелері бұл істе үлкен ұйымшылдық танытып, халық игілігіне өткізген. Бүгінде бұл жолдар қайта реттеліп, кеңейтіліп, «Батыс-Қытай-Батыс-Еуропа» халықаралық дәлізімен жалғасып жатыр. Мәселен, көршілес Қызылорда облысынан келген ауыр жүк көліктері қала ішімен емес, осы айналма жол арқылы Шымкент бағытына қарай шығып кететін болды.

Түркістанның мерейтойы қарсаңында іске қосылған басты нысанның бірі «Аспа көпір» болатын. Сол кездегі түркістандықтардың сөзімен «жолдың асты» атанып кеткен шағын мөлтек ауданының тұрғындары үшін үйлеріне жетуге мақта зауыт арқылы 15 шақырымды сарп ететін. Осы мәселені шешу бағытында «Аспа көпір» салынып, пайдалануға берілді. Сол кездегі теміржолдың арғы бетінде тұратын халықтың аспа көпір құрылысының барысын күнде көріп, «осы көпір тезірек бітсе екен» деп айтып жүргенін жиі еститінбіз. Жолдың арғы бетіндегі 30 мыңнан астам түркістандықтардың өзегін өртеген осы мәселені шешумен сол кезде тікелей айналысып, құрылысын жүргізген «Түркістанкөлікқұрылысмонтаж» акционерлік қоғамы (бастығы Эйлер Сулейманов) болатын.

Сонымен әңгімені әріден бастасақ, теміржолдан аспа көпір салына бастады. Бұл қаланың шығыс және батыс бөліктерін өзара байланыстырады. Жобалық – сметалық құжаттарын сол кезде алматылық мамандар дайындапты. Сол жылдары аталған фирма көктем мен жаз айларында салып бітіруді қолға алып, мерзімінде тапсырған екен. Эйлер Сулеймановтың қол астына сүйектестер емес, ниеттестер ғана жиылғанын айтып кетуіміз керек. Эйлер Жамаледдинұлы өзі бастап, туған қаласы Түркістанның тағдырына аса жауапкершілікпен қарайтын азаматтың бірі екенін түркістандықтар жақсы біледі.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

(Жалғасы бар).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары