БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ – 70 ЖАСТА

1  133 көрілім

Бүгінде 70 жасқа тың жігер, жарқын көңілмен жетіп отырған Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Кенжетай Құрманбайұлының есімі өңіріміздің білім саласында ойып орын алады. Бүкіл саналы ғұмырын жастардың білімі мен тәрбиесіне арнаған ұлағатты жан. ХХ ғасырдың бел ортасында яғни 1950 жылы 13 наурызда дүние есігін ашқан Кенжетай Құрманбайұлы жастайынан ұстаз болуды армандағанын оның сөздерінен көп байқаймыз.

Түркістан ауданының Үшқайық ауылында өмірге келіп, орта мектепті қалада яғни бұрынғы Никитин, қазіргі Н.Төреқұлов атындағы №8 орта мектепте бітірген бозбала Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі.

Алматыдағы аталған білім ордасында география пәнінің мұғалімі мамандығын алғаннан кейін ауылға оралып, ұстаздық жолын Аманкелді атындағы орта мектебінде бастайды. Дегенмен, алғашқы еңбек еткен күндерінен-ақ көзге түсіп, уақыт өте тәжірибе жинақтаған мұғалім бас-аяғы 3 жылдың ішінде мектеп басқаруға лайық деп танылады. Осылайша басшылардың сынағынан іркілмей өтіп, 1976 жылы «Құмтүйін» орта мектебіне директор болып тағайындалады. Ол кезде небәрі 26 жаста болған Кенжекең әріптестері арасында «Ең жас директор» атанады. Қазіргі таңда да бұл жаста мектеп ұжымын басқарған жас басшыларды табу қиын. Сондықтан да Кенжекеңнің бұл «рекорды» әлі жаңаланбаған десек те болатын шығар.

Жас болуына қарамай білгір басшы болып, ұжымды жетегіне ала білген Кенжетай Құрманбайұлы осы білім ұясын 30 жыл басқарғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Айтуға оңай болғанымен, 30 жыл бойы жауапкершілік жүгін арқалап, көпшіліктің көңілінен шығу оңай шаруа еместігін білеміз. Кенжекең басқарған мектеп жанындағы интернат облыс көлемінде топ жарды. Ал, Социалистік жарыстарда да қатарынан бірнеше рет қызыл туды қолдарында желбіретті. Іскер басшы қай кезде де лайықты бағасын алатындығы ақиқат емес пе?!

Халық Кенжекеңді таныды, ісін көрді, бағасын берді, үлкен сенім артты. Бұл өз кезегінде жауапкершілік жүгін ауырлатпаса жеңілдеткен жоқ. Елімізде мәслихаттар алғаш құрылған жылдары халық қалауы Кенжетай Құрманбайұлына түсіп, аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Үміттері ақталған сайлаушылар бір емес, үш рет яғни І, ІІ, ІІІ шақырылымдарда Кенжекеңе сенім артып, депутаттық мандатты аманаттады. Сенім тағы да ақталды, халық қалаулысының мінбеде айтқан сөздері желге ұшпай, ауылда талай жұмыстардың атқарылуына сеп болды. Кім білсін, Кенжекең мемлекеттік қызметке ауысып кетпегенде әлі де депутат ретінде қаншама игі істің жасалуына мұрындық болар ма еді?!

Мемлекеттік қызмет демекші, 2006 жылы қалалық білім бөлімі басшысының орнына таңдау жасалғанда білім беру саласында мол тәжірибесі бар білікті басшы Кенжетай Құрманбайұлының есімі аталды. Қала әкімі 30 жыл бойы бір мектептің жүгін көтеріп келген ұстазға енді 70-ке тарта мектептің, сонымен қоса мектептен тыс мекемелер мен балабақшалардың жауапкершілігін жүктеді. Әлі есімде, Кенжекең білім бөліміне басшы болып тағайындалғаннан кейін өткен қала әкімдігінің бір жиналысында сөз алған белгілі ұстаз, білікті басшы, бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған Мырзахмет Сарманұлы мінбеде сөз алып, «Осы кезге дейін мектептегі 500 балаға бас болып келдің. Енді 50000-нан астам баланың тағдыры сенің қолыңда. Үлкен жауапкершілік алдың. Іскерлік таныта білсең, абыройың асқақтайды» деп ізгі ниетін білдірген еді. Алдыңғы буынның айтқаны айнымай келіп, елуді еңсерген жігіт ағасы, білім саласында мол тәжірибесі бар, депутат ретінде қала билігімен етене жұмыс жасап келген басшы 4 жылға жуық жолынан жаңылмай, сенім үдесінен шыға білді.

Кенжетай Құрманбайұлы білім бөлімінің бастығы қызметінен кеткенімен білім саласынан кеткен жоқ. Ағарту саласының ауылынан ұзамады. Қаладағы №21 кәсіптік лицейге директор болып ауысты. 2013 жылға дейін осы мекемеде лайықты қызмет атқарып, құрметті зейнеткерлік жасқа да жетті. Еңбек жолында өнегелі істерімен артында зор із қалдырған ұстаз зейнетке шыққаннан кейін де қоғамнан тыс қалған жоқ. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген сөз бар халқымызда. Өзінің өмірде көргені мен түйгенін бүгінде облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі ретінде жастарға жеткізіп келеді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облыстық филиалы жанынан құрылған облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі. Облыстық «Адалдық алаңы» ұйымында да жастарды өмірде адал болуға, сыбайлас жемқорлықпен күресуге шақырып жүрген жайы бар.

Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отыр. Жұбайы, ұлағатты ұстаз Роза апамызбен бірге өсірген 5 ұлы да бүгінде өз орындарын тапқан әулеттің жалғастырушылары. Қос ұлы ғылым саласында яғни жоғары оқу орнында еңбек етсе, тағы екі ұлы құқық қорғау саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Құрылыс саласын таңдаған кенжесі бүгінде бір құрылыс мекемесіне жетекшілік етіп, ел игілігі жолында жұмысын жалғастыруда. Олардан тараған немерелері де ата мен әжесінен өнеге алып өсіп келе жатқанын білеміз.

Халқына адал еңбек еткен адам әрқашан сый мен құрметке ие болады. Абырой биігінен түсіп көрмеген Кенжетай Құрманбайұлы да 70 жасты лайықты қарсы алып отыр деп айта аламыз. Елу жылға жуық отасқан жұбайы Роза апамызбен өнегелі өмір сүріп, бақыттың бағында ұлдары мен немерелерінің қызығы мен қуанышына, сүйіспеншілігіне бөленіп, ағайын-туыс ортасындағы алтын көпірдей қадірлі қалыптарын сақтасын дейміз.

Акбар ИСХАКОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы