ҰЛЫ АҚЫННЫҢ МҰРАЛАРЫ ОТЫРАР ТӨРІНДЕ

1  961 көрілім

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы сапар орталығында» Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «ШЕЖІРЕЛІ ШЫҢҒЫСТАУДАН – КИЕЛІ ОТЫРАРҒА» тақырыбында жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов құттықтау сөзінде: «Абайдың мерейтойы – Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің, қазақтың сөз өнерінің мерекесі. Оның өнегелі өмірі мен ғажайып туындылары халқымыздың игілігіне мәңгі қызмет ете береді»,-деп ізгі тілегін айтып, көрмені ұйымдастырған Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұжымына алғыс хат табыс етті.

Халық ақыны Әселхан Қалыбекова мен Нұртаза Алдабергенов Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы екендігін жеткізіп, осындай игі іс-шаралар арқылы халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсетіндігін айтты.

Шара барысында ұлы ақынның өлеңдерінен әндер шырқалып, жас ақын Гаухар Жүсіпәлиева Абай Құнанбаевқа арнаған арнауын оқыды.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері Нұрсұлу Өмірбекова көрменің мақсаты мен мазмұнына тоқталып, Отырар өңіріне Абай мұраларын насихаттауға қолдау білдірген Отырар қорық-музейі ұжымына алғысын жеткізді.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қорындағы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи құжаттар мен архивтік деректер, құнды қолжазбаларымен жабдықталған көрмені қорық-музейдің жетекші ғылыми қызметкері Нұржан Ерланұлы таныстырды.

Ұлы ақынның мұралары Отырар ауданының тұрғындары мен қонақтарына бір ай көлемінде насихатталатын болады. Осы бір ай аралығында отырарлықтар жылжымалы көрмеден Абайдың өмір сүрген кезеңі және оның айналасына қатысты тарихи тұлғалар туралы, Абайдың ақындық өнері және Семей қаласындағы 80 жылдық тарихы бар қасиетті қарашаңырақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің тарихы мен Абайтану ғылымының дамуы хақында мол мағлұматтар алуларына болады.

Қазақтың бас ақыны, ағартушы, философ, жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың мұрасы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалары сөзсіз.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы