ОТАНҒА ОРАЛУ

1  275 көрілім

1990 жылдың қысында Оразбай Тәңiрбергенұлы тұрмысқа шыққан қызы Ләззаттың құдалығын шақырды. Жекжаттары түркiстандық екен. Құдалар құрамында сексеннен асқан ширақ, қайратты Нұрман Байкенжеев қария бар екен. Бұл кiсi жайлы бұрын да жылы сөздер естiгенмiн. Қызмет iстеген ортасында да, ағайын арасында да қадiрлi, беделдi болған жан екен.

Ең бастысы жақсы балалар тәрбиелеп өсiрген (Шархан, Тельман, Темiрхан, Батырхан, Қайрат).

Отырыс барысында Ташмахан көкеге Әлiмқұл ағаны балалар үйiнен Украинадан алып келген осы кiсi екен, ретiн тауып сол әңгiменi айтқызыңызшы деп өтiнiш айттым.

Алғашқы кезде, «Бұл құдалық-той дастарханына қолайсыз әңгiме ғой», – деп айтқысы келмедi. Тәкең қайта-қайта қолқа салған соң Әлiмқұлдың қазiргi жағдайын, бала-шағасын сұрап алып барып, әңгiме былай болған едi деп бастады.

Жауды жеңiп, Украинада бiр бұзылған зауыттың сыртқы құрылысын қалпына келтiрiп, жұмыс iстеп жаттық. Бiзге жақын жерге жетiм балалар үйi көшiп келiп қоныстанды. Олар асханамызға келiп, стол үстiнде қалған нан, толық iшiлмей қалған тамақты iшiп кетiп жүрдi. Жауды жеңгенмен жағдай оңалып кете қоймаған кез. Келген жетiм балалардың арасында құлағы қалқиған, нәзiктеу қазақ баласын көрiп қалдым.

– Қазақсың ба?- деп сұрадым.

– Қазақпын, – дедi.

– Қай жерденсiң?

– Түркiстаннан, -дедi.

– Атың, фамилияң кiм?-дегенiмде,

– Әлiмқұл Өскенбаев, – дедi. Басқа бiр ауыз сөз қазақша бiлмейдi.

– Мен де қазақпын. Түркiстаннанмын. Күн сайын түстiкте келiп тұр. Саған тамақ алып беремiн, – дедiм.

Ол күнде келiп тұрды. Маған әбден бауыр басып, үйiр болып алған.

-Елге қайтсам, менiмен бiрге кетесiң бе?- деп сұрадым. Сөзге келместен.

– Кетемiн, алып кетiңiз!- дедi.

Күндердiң күнiнде әскери басшылық бiздi сапқа тұрғызды да «Ауыл шаруашылығы мамандары Отанға қажет болып тұр, қайтасыңдар, дайындалыңдар» – дедi. Мен агроном едiм. Бiрiншi кезекте жетiм балалар үйiне барып, Әлiмқұлдың барлық жауапкершiлiгiн өзiме алып, құжаттарын алдым.

Сонымен әскерден аман-есен елге өзiм келсем, Украинадан Әлiмқұлды тауып алып келдiм. Ауылға келгенiмiзде екеумiздiң қуанышымызды айтып жеткiзу мүмкiн емес едi.

Туыстар, ағайындар, қоңсылар бiздi кезектесiп шақырысты. Қиын кез болса да барған үй дастарханына барын салады.

– Аға, бұларға қанша төлеймiз, – дедi ол.

– Тегiн, екеумiздiң елге келу құрметiне дастархан жайылып отыр деп түсiндiрдiм. Ол таң-тамаша болды. Бұл айтқаным оның балаң ұғымына сыйыспады.

Әлiмқұл менiң шаңырағыма құт-береке болды. Жақсы жұмыс та, сүйiктi жар да оңынан табыла бердi. Мақта зауытқа жұмысқа орналастым. Оны ФЗО-ға оқуға бердiм. Көңiлi жайланды ма бойы да өстi, сергек, қабiлеттi бала ана тiлiн тез меңгердi.

Өскенбай шалынан өлiдей, әскерге кеткен Ұзақбай баласынан хат-хабарсыз, ашаршылықта үкiмет асырап бередi деп жетiм балалар үйiне өткiзген балаларынан тiрiдей айрылып, Жұлдыз жеңеше бiр шаңырақта жалғыз өзi қалыпты. Тiршiлiктен күдер үзбей бiр Құдайға жалбарынып, жылап-еңiреп жүргенде Түркiстаннан Отырар түбiндегi Талапты ауылына әскерден келген Нұрман балалар үйiнен қазақ баласын алып келiптi деген үмiттi хабар жетiптi.

– Баламның еңбектеп жүрген кезiнде құманға жығылып басына түскен тыртығы бар едi. Тұрған шығар. Әсiресе әулетiнiң кемдiкке жүрмейтiн мiнезi қанында тұр оның. Аты-жөнi өзгерiп кеткен де болар, – деген ойлармен Жұлдыз жеңешем есегiне мiнiп Түркiстанға ұлын iздеп сапарға шықты. Әуелi “Әзiрет Сұлтан” кесенесiне зиярат етiп, сұрастырып жүрiп, ФЗО-ға оқу корпусына барыпты.

Жұмыста отырсам есекке мiнген Әлiмқұл таяқпен терезенi тықылдатып тұр. Далаға шықтым. Жылаған, көзi қызарып кеткен.

– Не болды?- дедiм.

– Аға, анам келдi. Менi iздеп тапты. Мынау соның есегi. Мен де маңғытай екенмiн. Жүрiңiз. Анама барайық, – дедi.

Тағдырдың салған ауыр жүгiнен әбден арыған, қажыған ана таяқтай болып қатып қалған екен. Менi құшақтап: ‘‘?шкен отымды жақтың. Өлгенiмдi тiрiлттiң. Құдай алдында саған қарыздармын’’ деп жылады. Мен де шыдай алмай қосыла жыладым. Жиналып қалып, есiтiп тұрған адамдар да жылап тұрды…

Жұлдыз жеңешем ұзақ жасады. Алты немересiн көрiп кеттi. Келiнi Мәрияш Сопбекқызы енесiне жақсы қарады. Жеңешем өмiрден өткенше барыс-келiсiмiз үзiлген жоқ, – деп аяқтады әңгiмесiн Нұрман қария.

Ана мен баланың бұл табысуы Құдайдың құдiретiмен болған iс. Әлiмқұл ағаның Отанына оралуы оған Нұрман қарияның себепшi болуы Құдайдың құдiретi едi. Бұл күнде Әлiмқұл ағаның Балтабай, Балғабай, Әлiшер, Әби, Құдiрет, Нәби есiмдi алты ұлдары – алты шаңырақ болып өсiп, өнiп, өркендеп отыр. Әр iстiң Алла ақырын берсiн дегенi осы шығар пенденiң.

Сабыр ОСПАНОВ,

зейнеткер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы