КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТҚАН «КӘРІС КЕЛІН»

300 көрілім

Түркістан еліміздегі ең жас облыстардың бірі. Бұл қала облыс орталығына айналғалы тоқтаусыз құрылыс жұмыстары жүріп, еліміздің ғана емес барша Түркі тілдес елдердің «рухани» астанасы атанып та үлгерді. Осы жылдар арасында өңіріміз бен шаһарымызға маңызы бар нысандар бой көтеріп, қаланың дамуына орасан үлестерін қосты.

Соның бірі өңіріміздің жаңалықтарын, тыныс-тіршілігін күллі түркі жұртына жа-рия етіп отырған – «Алатау-Медиа» орталығы «Түркістан» телеарнасы қызметкер-лері. Сонымен қатар, құрылғанына небәрі үш жыл толатын бұл телеарна еліміздің ең жас бұқаралық ақпарат құралы. Сәтті жылдарға толы болған бұл арнаның кейінгі ба-ғындырған белесі де жоғары болды. Атап айтсақ, жуырда ғана Республикалық дең-гейге көтерілген телеарна жақында тұңғыш рет өз кинотуындысын түсірген болатын.

Комедиялық мелодрама жанрындағы «Кәріс келін» өмірдегі шынайы оқиғаға негізделген. Фильмнің сюжеті Сәкен атты түлкібастық жігіт пен Оңтүстік Кореялық Суджин Ли есімді қыздың арасындағы махаббат туралы болады. Кореяда бес жыл жұмыс істеген Сәкен 2023 жылы Суджин Лиді қарашаңырағына келін етіп түсірген. Сондай-ақ, фильмде Суджин Лидің Қазақстанға келген алғашқы күндердегі басынан өткен оқиғалары суреттеледі. Фильмнің мақсаты екі жастың махаббат оқиғасы арқылы отбасы құндылықтарын, қазақы дәстүрлерді насихаттау. Сонымен қатар жаңарған Түркістан қаласы және Түркістан облысының тұмса табиғатын көрерменге кеңінен көрсету.

Бүгінде мәні мен мазмұнына қарамастан түсіріліп жатқан кинолардың қарасы қалың. Сол өтімсіз дүниелердің артында ең болмағанда адамның санасына құятын бір өзегі болса ғой деп те жатамыз. Мысалы қазақ киноиндустриясының жемісті туындыларының бірі – «Менің атым Қожа» фильмі. Бұл туындыны 1963 жылы «Қазақфильм» студиясы түсірген болатын. Міне сол жылдардан бері әлі күнге өзінің сапасын, көрерменін жоғалтпаған бұл фильмнің сұранысы әлі де жоғары. Демек бұл туынды көрерменге күлкі сыйлап қана қоймай, адамның санасына сіңіретін тәрбиесінің бары да анық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатсақ.

Апта басында жоғарыда айтылған «Кәріс келін» киносының жабық көрсетілімі өтті. Көрсетілімге БАҚ саласында жүрген барша әріптестеріміз келіп, қолдау білдірді. Олардың көрсетілім уақытындағы көңіл-күйіне қарап-ақ туындының қандай дәрежеде халыққа жол тартқанын аңғаруға болады. Шындығында бұл туындының өз айтары бар екенін аңғардық. Өзгені де өз баласындай көретін қазақ жұртының тәлім-тәрбиесінің мықтылығы туындыда анық байқалады. Әр күлкілі сәттің астында жасырынған тәрбиелі сөздер мен көріністерге көрсетілімге келген көрермендер жоғары баға берді. Осынша әсерлі сәттерді көрерменге жеткізе білген актерлер тізіміне назар салыңыз.

Бұл фильм белгілі киноактер Марат Оразметовтің кино әлеміндегі соңғы жұмысы болды. «Кәріс келін» фильмінде ол – Сәкеннің әкесінің рөлін сомдады. Ал басты рөлдегі Сәкенді – Асылан Қайыпжан, Суджинді – Жұлдыз Мұрат және Сәкеннің анасының рөлін – Ақмарал Маханова сомдады. Бас режиссер – Сардор Расулов. Айта кетейік, «Кәріс келін» фильмі 1-31 наурыз аралығында Түркістан қаласындағы PRIME CINEMA, Шымкент қаласындағы CINEMAX және Pixel Cinema кинотеатрларында көрсетіледі.

Ержан СМАҒҰЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы