ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕПТЕР МАҚҰЛДАНЫП, ҰСЫНЫСТАР БЕРІЛДІ

294 көрілім

Сәрсенбі күні Түркістан қалалық Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде Түркістан қаласының әкімі Н.Тұрашбековтің, қалалық мәслихат төрағасы Ғ.Сәрсенбаевтың өткен жыл көлемінде атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Сонымен бірге, аталмыш кеңес төрағасы М.Атанбаев та Қоғамдық кеңестің өткен жылғы жұмыстары туралы баяндама жасаса, туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту, бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету мәселелері қаралды.

Тарқатып айтсақ, алғашқы баяндамашы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысындағы жұмыстарын атап өтті. Қала әкімі Н.Тұрашбеков өз сөзінде әлеуметтік-экономикалық даму барысындағы негізгі көрсеткіштердің бірі жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қорытындысымен 370,8 млрд тегені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда өсім 6,4 пайызға артқанын жеткізді. Шаһар басшысының кеңес отырысындағы есепті баяндамасын газетіміздің алдағы санында жарияламақпыз. Баяндамадан соң кеңес мүшелері тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Бұл ретте қала әкімінің жұмысына оң бағасын берген Т.Мұсаев барлық салада алға ілгерілеу бар екенін атап өтсе, Қ.Сырлыбеков Түркістанның бас қақпасының бірі темір жол вокзалының бүгінгі жай-күйіне тоқталды. Айта кетерлігі биыл Қазақстан темір жолының құрылғанына 120 жыл. Осы мерейлі датаны қарсы алуда тарихи мекеннің вокзалында сын көтермейтін жайлар бар екенін алға тартқан кеңес мүшесі әсіресе аталған нысандағы автотұрақ мәселесі, бұған дейін жөндеуден өткен тарихи ғимараттың әлі де болса кем-кетігі бар екенін жеткізіп, қала әкіміне осы жағдайға көңіл бөлуін ұсынды. Бұл жөнінде де біз газетіміздің алдағы санына темір жол вокзалының бүгінгі келбеті турасында арнайы мақала жарияламақпыз. Міне, осы тектес мәселелерге өз жауабын берген қала басшысы Н.Тұрашбеков кеңес мүшелерін нәтижелі жұмыс жүргізілетініне сендірді.

Бұдан соң сөз алған қалалық мәслихат төрағасы Ғ.Сәрсенбаев өткен жыл көлеміндегі жұмыстарын баяндай келе қоғамдық кеңес пен мәслихаттың көздегені бір екенін де атап өтті. Сондықтан алдағы уақытта бірлесе жұмыс жүргізуге әзір екенін және шаһардағы түйіткілді мәселелерді шешу барысында тізе қосып қызмет етуді ұсынды. Айта кету қажет, сегізінші шақырылымдағы Түркістан қалалық мәслихатына барлығы 18 депутат сайланған. Мәслихатта төрт тұрақты комиссия жұмыс істейді. Осы күнге дейін 12 сессия, тұрақты комиссиялардың 26 отырысы өткізілген. Ал, қаралған мәселелер бойынша 56 шешім қабылданған. Бұл бағыт қаладағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге негізделгенін баса айтқан жөн. Сонымен бірге, халық қалаулылары 52 қоғамдық қабылдаулар өткізген. Одан туындаған мәселелерді шешу мақсатында өткен жылы депутаттар тарапынан жергілікті атқарушы органдарға 143 сауал жолданған. Осылайша жалғасын тапқан басқосуда күн тәртібіне сай Қоғамдық кеңес төрағасы М.Атанбаевтың баяндамасы тыңдалды. Айта кетейік, Түркістан қалалық Қоғамдық кеңестің қазіргі құрамы, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы №383-V-ҚРЗ, «Қоғамдық кеңестер туралы Заңына сәйкес, өз жұмысын 2022 жылдың тамыз айынан бастаған болатын. Қалалық Қоғамдық кеңес өткен жылдың 10 айында өзінің 11 отырысын өткізді. Мұнда 35 мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Қаралған мәселелер ішінде, қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың ұсынған 14-нормативтік құқықтық актілері, зерделеніп, талқыланып, оның 13-іне келісім беріліп, біреуін қайта қарау ұсынылды.

«Қоғамдық кеңестер» туралы Заңның 18 бабының 4-ші тармақшасына сәйкес, бақылау рәсімі ретінде қала әкімдігінің 5 дербес бөлімінің есебі тыңдалып, ұсынымдар берілді. Жекеленген мәселелер бойынша, қаладағы 8 мемлекеттік мекемелер мен 7 қала әкімдігінің дербес бөлімдері басшыларының, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хабарламалары тыңдалып, талқыланып өздерінің құзырындағы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын арттыру туралы талаптар қойылды.

Қоғамдық кеңес отырысында қаралатын мәселелердің негізгі бөлігінде аталған мәселелерден бөлек Түркістан қаласы бойынша шетелдіктер үшін 2024 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы және Түркістан қаласында бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету жөнінде хабарламалар жасалып, кеңес мүшелерінің талқысына ұсынылды. Заман талабына сай және заң шеңберінде қазына қаржысын арттыруға бағытталған мәселелер бірауыздан мақұлданды.

Қорыта айтқанда, Түркістан қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында қаралған мәселелер кеңес мүшелері тарапынан оң бағаланып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар бойынша бірқатар ұсыныстар берілді.

М.ӘЛМАХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы