ТЕМІР ЖОЛ ТҰЙЫҒЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛІП ТҰР

401 көрілім

2011 жылдан бастап экономикалық аймақтарды басқару және олардың жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңға қол қойған болатын. Содан бері республиканың маңызды деп тапқан қалаларында индустриалды аймақтар құрыла бастады. Индустриялық аймақ – бұл толық дайындалған, нақты жазылған заңды құқықтары, қажетті инфрақұрылымы мен коммуникациялары бар жер учаскелері. Олардың артықшылығы – ұсынылған алаңдарда кез-келген өндірісті орналастыруға болады: фармацевтикалық кәсіпорындардан бастап автомобиль зауыттарына дейін, ал инвестор ешқандай жасырын немесе қосымша шығындарды көтермейді. Яғни жобаның негізгі мақсаты жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету және машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары мен конструкцияларын, ауыл шаруашылығы жабдықтарын өндіру сияқты өнеркәсіптің басым салаларын дамыту. Алайда Түркістан қаласында құрылған индустриалды аймақ мақсаты – жеке кәсіпкерге қолдау көрсету емес, керісінше, құрдымға батыру секілді. Себебі Түркістан қаласындағы индустриалды аймақ – мемлекет бекіткен негізгі талаптарға сай болмай шықты.

Мәселен 2015 жылы «қолданысқа берілді» деп жаһанға жар салынған индустриалды аймақтың темір жол тұйығы бүгінге дейін мүлде іске қосылмаған. Ал Түркістан экономикасына он бес жылға жуық үлес қосып келген «Grand Miks» жиһаз фабрикасы директорының орынбасары Камалжан Юлдашев соның салдарынан шығынға батқанын айтады.

«ӘКІМДІККЕ ХАТ ЖАЗЫП ШАРШАДЫМ»

Негізгі жоспар бойынша қала ішіндегі индустриалды аймаққа дейін темір жол салынып, кәсіпкерлер сол арқылы сырттан шикізат алып, шығарған өнімін тасымалдап отыруы керек еді. 2015 жылы темір жол тұйығы салынды. Салынды деген аты ғана. Себебі оның толық мүмкіндіктерін біз пайдалана алмай отырмыз. Салдарынан 50-60 млн шығынға батудамыз. Ал енді «неге вагон келмейді, темір жол тұйығы салынды ғой» деп әкімдікке хат жазсақ мардымды жауап жоқ. «Grand Miks» ЖК айына 250 млн тенгеге өнім шығаратын отандық компания. Үкіметке ай сайын салығымызды төлеп отырмыз. Алайда ең маңызды нүктеге келгенде қолдау болмай тұр. Біз үкімет қарастырып берген барлық мүмкіндікке өте ризамыз. Алайда жергілікті билік оны дұрыс іске асырмайтын секілді. Мен темір жол тұйығы бойынша хат арқалап жүргеніме жеті жылдай уақыт болды. Одан бері Түркістанда 5 әкім ауысты. Барлығы «сіз дұрыс айтасыз, қолға алынады» деп шығарып салады. Бірақ нәтиже жоқ. Индустриалды аймақтың темір жол тұйығына келгенде барлығы үнсіз қалады. Әкімдікке хат жазып шаршадым. Себебі одан пайда жоқ, олар бізді естімейді әлде естігісі келмейді. Біз неге шырылдаймыз? Мәселен, басқа мемлекеттен шикізат алу үшін арнайы көлік жалдаймыз, оған жалдамалы жұмысшыларды қосыңыз. Екі есе шығынға батамыз. Кейде тауар кешігетін кез болады. Ондай уақытта уақыттан да, қаржыдан да ұтыламыз. Неге біз дайын жолды пайдаланбаймыз? Ақыры темір жол салынды деп үкіметке есеп берілді емес пе? Демек біз оның пайдасын көре алмасақ «құр манекен» үшін салынған. Басқа қалай ойлауға болады? Бұл мәселеден облыстық әкімдік те, қалалық әкімдік те хабардар. Сегіз жылдан бері индустриалды аймаққа вагон келмеу деген өте өкінішті жағдай. Осы уақытқа дейін аталған мәселені жергілікті билік шешіп беруге болар еді. Бірақ олар хатқа жауап беруге қолдары тимейді. Тіпті осы мәселе бойынша Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековке кіре алмай отырмын – дейді Камалжан Юлдашев.

Кәсіпкер атап өткендей, 2013 жылы Түркістан қаласындағы индустриалды аймаққа темір жол салу жоспарланған. Ал 2015 жылы әкім есебінде 40 гектарды құрайтын индустриалды аймаққа авто жол, темір жол, электр қуаты, су, сарқынды су жүйелері тартылғаны айтылған. Ал сол жылдары «Алматы-Москва» теміржолы логистикалық мүмкіндігіне қарай индустриалды аймаққа қатынайтын болған. Алайда содан бері 8 жыл өтті. Салынып қойған дайын жолға Ресейден вагон қатынамақ түгілі, әлі іске қосылмаған. Темір жол тұйығының неліктен іске қосылмай тұрғандығын білу мақсатында «ҚТЖ – Жүк тасмалы» ЖШС, ЖТ Шымкент бөлімше филиалы «Түркістан станциясының» басшысы Қадыр Сырлыбековпен жолықтық.

«ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАҚТЫҒЫ ТЕМІР ЖОЛ ТҰЙЫҒЫ ЕКІ РЕТ ҚАБЫЛДАУДАН ӨТПЕЙ ҚАЛҒАН»

Бұл мәселеден хабарымыз бар. Бірақ бұл ҚТЖ баланысына кірмегендіктен ішкі ахуалына араласа алмаймыз. Дегенмен индустриалды теміржол тұйығы 2015 жылы салынған. Әлі күнге дейін вагон бармағаны да рас. Оның нақты себебін біз кесіп айта алмаймыз. Дәл осы индустриалды темір жол тұйығына байланысты әкімдікке арнайы хат жолдағанмын. Жауапта сенімгерлік басқаруға беруге құжаттар дайындалып жатқандығы жазылған. Бірақ индустриалды аймақтағы темір жол тұйығы екі рет қабылдаудан өтпей қалған. Бірінші 2019 жылы, екінші 2022 жылы арнайы комиссия келіп «жарамсыз» деп тапқан. Демек, ол аймаққа вагон жіберу қауіпті. Ал ҚТЖ шартына сәйкес біз «жарамсыз» деп табылған аймаққа жібере алмаймыз. Ал ол үшін осы тұйыққа жауапты адам немесе мекеме болуы тиіс. Яғни осы жолдың қауіпсіздігін біреу мойнына алып, нақты бір нысанға жүктелуі тиіс. Өкінішке қарай, жауапкершілікті мойнына алатындар табылмай жатыр. Егер жергілікті билік осыны реттеп беретін болса ҚТЖ вагондарды жүргізуге дайын – дейді «Түркістан станциясының» басшысы Қадыр Сырлыбеков.

Индустриалды аймақтағы темір жол тұйығы Түркістан қаласының инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне қарайды екен. Ал мекеме басшысы Ерсейіт Бухарбаев 2021 жылы темір жол тұйығына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтады.

«БІЗДІҢ МЕКЕМЕ ИНДУСТРИАЛДЫ ТЕМІР ЖОЛ ТҰЙЫҒЫН ҚАРАУҒА АЛА АЛМАЙДЫ»

2014-2015 жылдары индустриалды аймақтың толықтай инфрақұрылымы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына қараған. Сол жылдары электр желісі тартылып, су, кәріз, темір жол жүргізілген. Алайда темір жол тұйығының біраз бөліктері ұрланып, жарамсыз болып қалған. 2018 жылдан бастап бұл аймақтағы инфрақұрылымдық жұмыстар біздің балансымызға өтті. Тиісінше 2021 жылдан бастап қайта жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Темір жол тұйығына жөндеу жүргізген «Жайлау-Агро» ЖШС. Бірақ темір жол тұйығы сол кезде пайдаланушы болмағандықтан қараусыз қалып, кейбір бөлшектері жарамсыз күйге түскен және ұрланған. Ұрлау жағдайына байланысты біздің мекеме тарапынан Түркістан қаласының полиция басқармасына бірнеше рет арыз жазылып, нәтижесін күтудеміз. Дегенмен басқа инфрақұрылымдық жұмыстар толықтай жүргізілді. Ол жер қазір кәсіпкерлерге қолданысқа берілген. Алайда темір жол тұйығы арқылы вагон бара алмайды. Себебі темір жолдың бірінші басын істеп болам дегенше, екінші жағы ұрланып жатыр. Ал біздің мекеме индустриалды темір жол тұйығын қарауға ала алмайды. Себебі мекеме қызметкерлері оны күндіз-түні күзетіп отыра алмайды. Ал арнайы күзетуге адам бөлуге менің қызметкерлерім жетпейді. Қазіргі таңда, индустриалды аймақтың инфрақұрылымын тиісті мекемеге өткізуге әрекет жасап жатырмын. Ал темір жол тұйығы сенімгерлік басқаруға беріледі. Бұл мәселе қыркүйек айына дейін шешіліп қалуы тиіс – дейді Ерсейіт Ермекұлы.

ТЕМІР ЖОЛ ТҰЙЫҒЫН ҚАЙТА ЖӨНДЕУГЕ 33,488 МЛН. ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛҒАН

Жоғарыда Ерсейіт Бухарбаев айтқандай 2021 жылы «Жайлау-Агро» ЖШС-мен 33,488 млн. теңге келісім шарт жасаған. Мемлекеттік тапсырыс негізінде «теміржол жүйелерін, жабдықтарын және құрылғыларын жөндеу, жаңғырту бойынша жұмыстары» көрсетілген. 2021 жылдың қазан айында «Жайлау-Агро» ЖШС жұмысын аяқтап, өткізген. Алайда тағы да қараусыз қалып, темір жол тұйығы жарамсыз халге түскен.

мемлекеттік сатып алу порталынан

Қорыта айтқанда, сегіз жылдан бері темір жол тұйығы қараусыз жатқан. Ал Түркістан облысының құрылғанына биыл 5 жыл толады. Атқарушы билік бес жылдық қарсаңында индустриалды аймақ жайлы жақсылап есеп беру үшін алдымен осы өзекті мәселені шешіп алуы тиіс. Себебі облыс статусын иемдеген мекенге бұл – үлкен сын. Одан қалды, индустриалды аймақты құрудағы негізгі мақсат – жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік деңгейде қолдау екені даусыз. Ал егер үкімет бекіткен жобаға жергілікті билік атүсті қарап, шешу жолын қарастырмаса не болмақ? Онсызда 2015 жылдан бері индустриалды темір жол тұйығы құр манекенге айналған.

Бұдан бөлек, аталған нысанның аты айтып тұрғандай осында орналасқан өндіріс орындарының жұмыс істеу қабілеті мен өз қуаттылығында өнім өндіруі көпшілік көңілін күпті етіп жүрген жайы бар. Әуелде аймақ құрылған кезде бұл маң қаланың үлкен өндіріс ошағына айналады деген сенім осы күні сағымға айналғандай. Ресми мәліметтерге жүгінсек бірнеше өндіріс орны бар Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта санаулы ғана зауыттардың тіршілік етіп жатқанын байқауға болады. Оның өзінде мемлекет уәде еткендей күйде емес, кәсіпкерлердің өлместің күйін кешіп жүргенін аңғару қиын емес. Осыған байланысты алдағы уақытта индустриалды аймақтағы өндіріс орындарының шынайы тіршілігімен танысып, олардың билік өкілдері айтқанындай қызмет етіп жатқанына журналистік көзбен шолу жасап көрмекпіз.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы