ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ 80 ЖАСТА

241 көрілім

Түркістан жоғары медицина колледжінің ардагер ұстазы Аманбаев Амангелді Байтұрсынұлы 80 жасқа толып отыр. Құрметті ұстазымызды мерейлі жасымен құттықтаймыз.

Аманбаев Амангелді Байтұрсынұлы 1943 жылы 15 мамырда Бабайқорған ауылында туылған. 1963 жылы қазіргі Н.Төреқұлов атындағы орта мектептің орыс сыныбын бітірген. Мектептен соң Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетіне оқуға түсіп, провизор мамандығын иегері атанған.

Еңбек жолын 1968 жылы Шымкент облыстық орталық дәріханалар басқармасында №29 Шолаққорған орталық дәріхана бастығының орынбасары, облыстық орталық дәріханалар қоймасында бөлім меңгерушісі, Түркістан медицина училищесінің фармакология, латын тілі пәндері бойынша оқытушысы болды.

1969-1971 жылдары Кеңес қарулы күштері қатарында қызмет атқарып, әскерден соң Түркістан медицина училищесіне оралып, фармакология пәнінің оқытушысы, іс-тәжірибе бойынша бөлім меңгерушісі, акушер-мейірбике бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1995 жылдан бастап медицина колледжінде ассистент, жоғары санатты оқытушы болып қызмет істеді. Сонымен қатар, ұзақ еңбек жолында тәжірибе жинап, училищенің халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі болды.

КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер-педагог ретінде шәкірттеріне фармакологияның қыр-сырын түсіндіріп, болашақ орта буынды медицина мамандарының сапалы білім алуына өз үлесін қоса білген ардақты ұстаз.

Еңбегі ескеріліп 2008 жылы «Түркістан қаласының құрметті азаматы» төсбелгісімен, сондай-ақ «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін медальдарымен марапатталып, бүгінгі таңда бейнеттің зейнетін көріп жатқан сөзі дуалы, жастарға ақ батасын беріп отырған сыйлы ақсақал.

Жұбайы Есенкүлмен бірге екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген, қазіргі таңда мәуелі бәйтеректей немере, шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты отбасының алтын діңгегі.

Бүгінде 80 жасқа толып отырған ардақты ағамызды туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Өмірдің талай соқпағын көріп, сексеннің сеңгіріне сергек шыққаныңыз құтты болсын. Жанұяңыздың ақылшысы болып, ұл-қыздарыңыздың махаббатына бөленіп, қара шаңырақтың ұйытқысы бола беріңіз. Ұрпағыңызбен жүз жасаңыз!

Сіз, еліміз тәуелсіздік алған тұста колледжіміздің дамуына атсалысқан, қаламыздың көркеюіне аянбай қызмет еткен алдыңғы буын өкілісіз. Қазақ елінің жанашыр азаматтарын тәрбиелеп отырған ардақты әкесіз. Сіздей адамгершілігі мол, қамқоршы, қымбат әріптесті әрдайым құрмет тұтамыз. Түркістан жоғары медицина колледжінің өсіп-өркендеуіне өз үлесіңізді қосып, 40 жылдам астам уақыт адал еңбек еттіңіз. Сіздің жүрген жолыңыз келер ұрпаққа үлгі, өнеге. Еткен еңбегіңіздің зейнетін көріңіз, денсаулығыңыз мықты болып, аман-есен жүріңіз. Біліктілігіңіз бен іскерлігіңізді орайлы ұштастыра отырып, білім беру ісіне сүбелі үлесіңізді аянбай қоса білдіңіз. Сізге ақ ниетпен қартаймас жайдары көңіл, мәнді де мағыналы өмір, жемісті еңбек пен сарқылмас қуат тілейміз. Көңіліңіз шаттық пен қуанышқа, жанұяңыз бақ пен берекеге толы болсын.

Көлдей көңіл тілейміз таусылмайтын,

Өзендей өмір болсын сарқылмайтын.

Аспаныңыз айлы түндей ашық болсын,

Дұшпандар өзіңізден қашық болсын.

Өнегелі өміріңіз ұзақ болсын,

Шуақты күндеріңіз нұрға толсын.

Отбасыңыз жаныңызды жадыратып,

Әрқашан өзіңізбен бірге болсын!

Бүгінгі 80 жылдық мерейтойларыңызға орай Сіздерге зор денсаулық, жанұяңызға амандық тілейміз!

Мәнді де мағыналы, шуақты да сәнді ғұмыр кеше беріңіз, құрметті әріптес, ардақты ардагер!

Түркістан жоғары медицина колледжінің ұжымы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы