АУЫЛЫ – АЛТЫН БЕСІГІ

538 көрілім

АБАЙДАН ҰШҚАН

АҚСҰҢҚАР

Қазіргі таңда Түркістан облысындағы шығармашылыққа бейім, зиялы қауым өкілдерінің Тельман Әбдібекұлы Бейсеновті білмейтіндері некен саяқ. Ол «Turkistan Mediа Holding» медиахолдингінің басқарушы директоры. Бір ғана басында журналист, медиаменеджер, тарих ғылымдарының магистрі, Қазақстан бас редакторлар клубының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, Түркістан облысының 2019 жылғы «Үздік журналисі» аталымының иегері болуы сегіз қырлы бір сырлы, сан-саланы бір басында тоғыстырған ғажайып шығармашыл жан екенін көрсетеді.

Себебі, Тельманның олай болмасқа лажы жоқ. Өйткені, Тельман Әбдібекұлы ауданға белгілі «дала академигі» Әбдібек қажының «ғалымдар отбасында» дүниеге келген. Сауран ауданы, Бабайқорған ауылындағы Қаратаудың бөктеріндегі табиғаты тамылжыған, тарихы терең Абай елді мекенінде дүниеге келгені, «Абай атындағы мектепті бітіргені, бала жасынан туған өлкесіне деген патриоттық сезімінің жоғары болуына, азамат болып ержеткесін еліне кіршіксіз адал қызмет етуіне ықпал еткені сөзсіз. Оның сыртында қажы, елдің батагөй ақсақалы Әбдібек Бейсенов пен Ұлпатшадай текті тұқымды асыл анамыздың қамқорлығында тәрбиеленуі жасынан ілім-білімге, ұлы істерге бастағаны айқын.

Туған жерге әр оралған сайын бойын шексіз сағыныш билейді. Тіпті орта мектепті ойдағыдай бітіріп, өндірісті қала Теміртаудағы жоғары техникалық оқу орнында инженер-механика мамандығы бойынша оқып жүрген жас жігіт кезінде де осындай кіндігі байланған ата мекеніне деген айырықша сезім оны екінші курстан кейін қайтадан туған ауылы Абайға алып келген. Өйткені, ол қаршадайынан осы жерде еңбекке баулынып, бейнеттің жемісті зейнеті болатынын жан-жүрегімен сезініп өсті.

– Біз үлкен өмірге қадам басып, еңбекке араласа бастағанда елдің жағдайы қиын еді. Тәуелсіздік алар тұста нарық экономикасымен қоса тоқырау келіп, дәулеті тасыған колхоздар мен совхоздардың аз уақытта күйі тайып, көз алдымызда тарап жатты. Адамдардың күн көрістері нашарлай бастаған кез-тұғын. 30 жылдай агроном болған әкем зейнетке шығысымен Түркістан ауданында алғашқылардың бірі болып алдымен ауыл іргесіндегі Сарыбай алқабында кооператив, артынан «Ақтөбе» шаруа қожалығын ашты. Сол тұстарда совхоздың төрт түлігі мен малына жұрт жабыла жармасып, техникасын талап жатқанда әкем малына да, көлігіне де қол созбады. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп ұлдарына совхоздан бір түйір шеге де алдырмады. «Бәрін өздерің еңбектеніп, дүние жиып, сатып аласыңдар» деп бір-ақ кесті. Тек шаруашылығына жер ғана алды.

Үйдің жанынан пісте май өңдейтін цех ашып, мал өсіріп, біраз адамға жұмыс тауып берді. Ауылдың шетінен жер алып, бау-бақша, егін салдық. Таудың тасынан әктас күйдірдік. Не керек, шаруа аяққа тұрды. Міне, осы қажырлы қайрат пен темірдей төзімді қажет ететін істің бел ортасында мен де жүрдім, – деп еске алады Тельман.

Алайда, қаршадайынан журналист болсам деген арманы оған маза бермеді. Бұған да әкесі Әбдібек ақсақал себепкер. Есі кіріп, әріп тани бастаған шағынан бастап, кітап оқуға баулыды. Әбекең атпен, ұлы Тельман тайға мініп, егінді алқаптар мен даланы аралап жүріп, үнемі ауылдың ежелгі тарихын шертіп, көнекөз қариялар қалдырған шежірелерді қаузайтын. Осының бәрін баласының құлағына құя бастағандағы мақсаты – зерек ұлдың болашақта жазу ынтасы оянып, қисапсыз қазынаны қаламының ұшына іліктіре ме деген үміт пен сенімі еді.

Өйткені, Әбдібек ақсақал әкеден тірідей, анадан жастай айырылып, жетім қалған еді. Әкесі Абылай ес білер шағында «халық жауы» деген жаламен тар қапасқа қамалып, артынан соғыс басталған тұста қан майданға аттанып, содан хабар-ошарсыз кетіпті. Көптеген арманына қу жетімдік кедергі келтірді. Оның үстіне әке ошағының түтінін өшірмеу мақсатында үлкендер ертерек үйлендіреді. Агрономдық мамандыққа оқығанымен, ары қарай ауылдан ұзап шыға алмапты. Сол себепті, өзі жете алмағанына ұлым жетсе екен дегені болса керек, ұлдарын білімге тәрбиелеуден еш жалыққан емес.

ЖАЙЫҚТАҒЫ ЖЕМІСТІ ЖЫЛДАР

Тағдырлы жазушы Хамза Есенжановтың қаламына арқау болған Ақжайыққа келісімен Тельман журналистиканың қыр-сырына терең бойлай бастайды. Жергілікті «Еділ-Жайық» қоғамдық-саяси газетінде қызмет атқарып жүргенде және басылымға бас редактор болған тұста да қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды мансұқтағысы келетіндердің әрекетіне басылым қызметкері Екатерина Макеева және өлкеге танымал журналист Мұнайдар Балмолда сынды басқа да жергілікті қаламгер азаматтармен бірлесіп, тойтарыс беріп жүрді. Газет бетінде астамшыл пиғылдағы кейбір адамдардың, әсіресе, орыс-казактардың түрлі айла-құйтырқы әрекеттерін әшкерелейтін ойлы, өрелі мақалалар жұртшылық арасында қоғамдық пікір туғызып отырды.

Әсіресе, 2006 жылы Орал қаласының отыздан астам көшесі бірден ұлтымыздың ұлы перзенттері Ғұмар Қараш, Құрманғазы, Сырым Датұлы, Мұхит Мерәліұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Кенесары, Әбілқайыр, Жұбан Молдағалиев, тағы басқа да көптеген тарихта орны бар адамдардың атына өзгерген кезде өре түрегелген топтардың қарсылығын тежеуге атсалысты. Соның арқасында «төр менікі» деп өктемсіген өркөкіректердің ауыздарына құм құйылды. Осы тұста оған ұлтжанды азамат, сол кезде Орал қаласы әкімінің орынбасары болған Аманжол Зейнуллин көп көмектесті.

«Әкем журналистика саласына қызығушылығымды оятып, бейімдеген болса, Аманжол Зейноллаұлының аз уақыт ішінде осы саланың маманы ретінде қалыптасып, саясатта шыңдалуыма көп септігі тиді.

АҚТАУДА АҚТАЛҒАН

АСЫЛ АРМАНЫ

2007 жылы Тельман жұмыс жағдайымен Ақтау қаласына қоныс аударады. Мұнда келісімен ол ілкі кезде облыстық телевиде-ниеге тілші болып жұмысқа орналасты. Каспийдің ақ маржаны атанған шаһарда да Тельманның айы оңынан туып жүре берді десек, қателеспейміз. «Өзі жақсы адамға қай жерде де бір орын табылады» демекші, мұнда да ақылшы ағалары бағыт-бағдар сілтеп, әріптестері ұсыныс-пікірін қолдап әкетті. Сол сәттерді ол былай деп еске алады:

«Ақтауға келген соң төрт айдан кейін телевидение басшысы Рауан Кенжеханұлы-ның ұсынуымен респуб-ликалық белді басылым «Айқын» газетінің меншікті тілшісі болдым. 2010 жылдың күзінде облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен қалалық «Ақтау ақпарат» газетін құрып, оның басшысы болдым.

Ал, 2012 жылы облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджановтың медиахолдинг құру жөніндегі тапсырмасы бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрбол Телегенов оны ұйымдастыруды маған міндеттеп, оның басшысы етіп тағайындады. Әрине, бұл үлкен жауапкершілік еді. Өйткені, 9 редакцияны таратып, қайта құру дегеніміз – ұзақ уақыт пен жүгірісті талап етеді және құжаттарын дайындау да оңай шаруа емес. Сондықтан ішкі саясат басшысы екеуміз алдымен жұмысты неден бастайтынымыз жайлы кеңесіп алдық. Жаңа құрылымның жағдайын дұрыстау үшін мемлекеттік тапсырыстан түсетін қаржыдан бөлек нарық заңына сайкес бәсекелестікпен облыстағы жағдайлары өте жақсы газеттердің жеп отырған нанына ортақтасу арқылы жарнамадан, түрлі тапсырыстардан қомақты пайда табуға болатынын жеткіздім және оның жолдарын да айттым. Сөйтіп, мекеменің атауы «Маңғыстау – Медиа» ЖШС болып бекітілді.

ТЕЛЬМАНДЫ ЕЛГЕ ТАНЫТҚАН «АЙҚЫН» ЕДІ

– Ақтауға келгеніме 4 ай уақыт болған. Жаздың ыстық мезгіліне қарамай, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан-ауылдарды аралап, халықпен кездесуді бастады. Бір күні ауылдарды аралап, ақпараттары-мызды дайындауға отырғалы жатқанда арнамыздың директоры Рауан Кенжеханұлы қасыма келіп: «Тәке, сіздер күндіз байланыс аясында болмай қалдыңыздар, маған «Айқын» газетінің бас редакторы Бауыржан Омаров ағамыз қоңырау шалып, өздеріне Маңғыстаудан тілші іздеп жатқанын айтты. Сіздің резю­меңізді жібердім. Қарсы болмасаңыз, сол газетте де қосымша жұмыс жасауға қалай қарайсыз? Ол кісінің өзі қазір хабар­ла­са­ды» деді. Сол бойынша Баукеңмен теле­фонда сөйлестік. 3 айдай сынақ мер­зімі болатынын айт-ты. Алайда арада 11 күн өткенде кадр-дан қоңырау шалып, штат­қа қабыл-дауға арыз жазуым керек еке­нін айтты.

Осылайша, республикадағы белді басылымның тілшісі атандым. Бұл – 2007 жылдың шілде-тамыз айы болатын. Келесі жылы білікті ұстаз, ғалым Бауыр­жан Жұмаханұлы басқа қызметке ауысып кетті. Газетке басшы болып белгілі қалам­гер, журна-листиканың майталманы Нұртөре Жүсіп аға келді. Содан Астанаға қоныс аударғанша тапжылмай, сол басы­лым­да 6 жылдан аса уақыт жұмыс атқа­рып, артынан Астанадағы «Айқын» газе­ті­нің меншік иесі болып табылатын «Нұр-Медиа» медиахолдингіне интернет сайт­тар бойынша бас редакторлық жұ­мыс­қа ауыстым, – деп аталмыш газет­те жұмыс жасай жүріп, салада шыңдала түс­кенін және бірқатар жетістіктерге жет­ке­ні­не мақтанатынын айтты Тельман Әбдібекұлы.

-Мені елге танытқан «Айқын» газеті болды. «Айқын» газетінің Маңғыстаудағы тілшісі де болдым. Сан алуан тақырыпты қаузайтын басылымда жұмыс істеп жүріп, өте көп тәжірибе жинақ­тадым. Облыста өзім басшылық жаса­ған бірқатар басылымдарға «Айқын­ның» тәжірибесін әкелдім.

Ауылға бір құшақ газетті әкелгенімде әкем балаша қуанды. Га­зет­терді оқып мәз болып жатыр. Со­сын аз ғана бұрын ал­ған «Жур­на­­листер одағының мү­шесі» деген қызыл билетімді көрсет­ке­нім­де, әкем көңілі босап: «Менің өмір бойғы арманым осы еді ғой. Ақыры қолың жетті-ау» деп маңдайына тигізіп, батасын бергенде, менің көзіме еріксіз жас келді. Әкемнің менен не қалайтынын және мой­нымдағы жауапкершіліктің еселей түс­кенін сезіндім, – дейді Тельман Бейсенов.

КИЕЛІ ТҮРКІСТАННЫҢ

ТУ ҰСТАРЫ

Қазіргі таңда «Turkistan Mediа Holding» медиахолдингінің басқарушы директоры ретінде киелі Түркістанның саяси-экономи-калық дамуына ақпараттық қолдау көрсетуге бар талантын, білімі мен білігін, өңірлерден алған іс-тәжірибесін сарқа жұмсауда.

Түркістан қаласының құрметті азаматы Әбдібек қажы ақсақал мен Ұлпатша анамыз он перзентті дүниеге әкелген. Олардан 36 немере-жиен, 29 шөбере сүйіп отыр. Ұл-қыздарының барлығы жоғары білімді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде сан-салалы мамандық бойынша қызмет атқарып жүр. Бес баласы ғылым саласында еңбектеніп жүр(профессор, доцент, аға оқытушы). 3-еуі ғылым кандидаты. Сонымен қатар 2 перзенті мен 6 немересі магистр және 18 немересі жоғары білімді. 3 немересі – студент.

Өскен-өнген отбасыда әрқашан адамгершілік ұстанымы ұлықталады. Үлкеннің сөзін бөлмеу, кісінің ала жібін аттамау деген қарапайым тәрбиені ерлі-зайыптылар балаға бесіктің әлдиімен құлағына сіңірді. Ауыл-аймақ, аудан, облыс төңірегінде Бейсеновтер әулеті ізеттігімен еленіп, отбасы тақырыбы төңірегіндегі кездесулерге көп шақырылады. «Ақ әженің аялы алақаны», «Үлгілі отбасы» атты отбасылық байқаулардың бас жүлдесін, республикалық деңгейде екі мәрте өткізілген «Батаменен ел көгерер…» байқауларында «Нартай» және «Молда Мұса» аталымын иемденген.

Есімін мақтан ететін Тельман Әбді­бек­ұлын жерлестері «Ауылдан шыққан танымал тұлға» деп ауылдағы құрмет тақ­та­сына іліпті. Оның бұдан өзге де мара­паттары жеткілікті. Бәрінен артығы – жүрегіндегі иманның молдығында. Айналасына жақсылық жасап жүретін жігіт ағасының қайырымдылығын, ақыл-кеңесін жас та, қарт та көргеніне көпшілік куә. Қазақ азаматтарының әрбір осындай туған елінің сүйікті перзенті, нағыз патриоты болғанына не жетсін?! Біз осыдан елу бес жыл бұрын кәрі Қаратаудың етегінде дүниеге келген ініміздің бойынан әркез іздену, көкейдегі ойын жүзеге асырамын деп бар күш-жігерін жұмсаудан танбайтын талмайтын, тынымсыз еңбектену қасиетін көреміз. Ал бұл қасиет оны үнемі таудай биіктерге бастап келеді.

Лайым да солай болғай!

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы