ТҮРКІСТАН: РУХАНИЯТ САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ

336 көрілім

Бұл жер бұрындары қараусыз қалып, қоқыс алаңына да айналған еді. Кейін осы маңдағы тұрғындар «мұнда мектеп салынса» деген тілектерін де айтқан. Өйткені қаланың дәл осы маңында білім ұясының өзектілігі әлі де күшін жойған жоқ. 

Иә, аталған мәселені шешу жөнінде биліктің бір ойлағаны бар шығар. Бүгін тұрғындардың жайлылығы үшін салынған руханият саябағының ашылу салтанатына куә болдық. Балалар ойнайтын алаң, жасыл желекпен көмкерілген демалыс орындары. Жаяу жүргіншілердің серуендеуіне арналған аяқжолдар төселіп, шаршаған жан бір мезгіл тыныс алатын таптырмас орынның бой көтеруі және айлардың сұлтаны – Рамазан айында оның қолданысқа берілуі көпшілікке қуаныш сыйлағанын айта кету керек. Қала зиялыларының басын қосып, пайдалануға берілгелі тұрған руханият саябағының лентасын қазыналы қарияларға қидыру рәсімі де өз жарасымын тапқандай. Сонымен бірге, игілікті істің басына Түркістан облысының бас имамы болып жаңадан тағайындалған Ержан Төлепов мырзаның келуі де жақсылыққа балануда.

Осылайша жалғасын тапқан игілікті шарада ауызашар жиыны болды. Көпшіліктің басын қосып, ас беріп, қасиетті айдың тәртібіне сай құран бағышталғаны да «біссімілләсіз іс қылма» деген ұстанымды еске салады. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің бастамасымен ұйымдастырылған ауызашар рәсімін қаланың бас имамы Мұхамеджан Жұмадуллаев жүргізіп, соңында арнайы құран бағыштады.

Қорыта айтқанда, Түркістан қаласында тағы бір саялы орын бой көтерді. Оны руханият саябағы деп атауының өзінде бір мән бар сыңайлы. Демек бұл атау соңғы кездері кенжелеп келе жатқан руханият саласына серпіліс әкелу үшін жасалған бетбұрыстың нақты қадамы болса керек.

Жиын соңында Түркістан қаласының бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлымен тілдескенімізде шаһардағы дін өкілдерінің қолдауымен осында біраз басқосулар ұйымдастыруға ниетті екенін қуана жеткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы