“МЕНІҢ ҚҰРДАСТАРЫМ” РОМАНЫНЫҢ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

747 көрілім

«Менің құрдастарым» – Саттар Ерубаевтың аққу әні іспеттес, алғашқы әрі ақырғы романы. Себебі романның ең соңғы нүктесі қойылған жерде «1937» деген жыл жазылып тұр: бұл – Саттардың өмірден өткен жылы. Ал С.Ерубаевтың туған жылы, айы, күні туралы деректер – нақтылауды қажет ететіндігін, өткен бір мақаламызда айтып өткенбіз. Қазіргі сөз – Саттардың романы жайында.

Роман жайлы, жалпы, С.Ерубаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелеп отырған адамның алды біз емеспіз. Т.Кәкішев, Қ.Ергөбек, Ә.Шілтерханов, Б.Қойшыбай, Ә.Байтанаев, Р.Есбалаева сынды «әдебиет аулының» өз адамдары біршама қалам тербеген. Сонымен қатар Ә.Тәжібаев, З.Шашкин, М.Қаратаев, Ғ.Мұқатовтардың естелік жазбаларынан да, Саттар туралы керекті деректерді кезіктіруге болады. Ал енді біздікі – осы ақпараттарды негізге ала отырып, өзімізше оймақтай ғана ой бөлісу.

Өзінің өмірі секілді, роман туралы да, алдымен Саттардың өзіне сөз берелік. «Романның увертюрасы» немесе «Роман туралы әңгіме» деп аталатын беташар тарауда: «…Мен бір әңгіме жаздым. Ол менің көрінгенді құшақтап сүйгенім, бірінші шыққан айқайым еді. Онда шеберлік, жазушылық жоқ болғанымен, жаңа сезім бар еді…» – дейді. Осы сөйлемдерде романның «кейбір» емес, барлық ерекшелігінің жауабы жатқандай сезіледі. Саттар «шеберлік, жазушылық жоқ еді» деген сынды сөздерін үнемі қайталап айтып отырады. Бұл біріншіден автордың сыншылдығын және қарапайымдылығын білдірсе керек.

 Енді С.Ерубаевтың «жаңа сезім» дегеніне келейік. Бұдан жалпы «жаңаның бәрі – жақсы немесе ескінің бәрі жаман» деген ұғым тумаса керек. Кейбір құндылықтардың заман ауысқан сайын құбылып тұратыны бар. Бұл көп жағдайда, формацияның ауысуына байланысты болатын құбылыс. Осы көзқарас тұрғысынан келгенде, Саттардың заманы – басқа заман, яғни, қаламгердің «жаңа сезімін» тудырған «жаңа заман». Құндылықтар да басқа еді. Біздің пайымымыздағы ерекшелік ұғымының бір ұштығы осында жатыр.

 «Менің құрдастарым» – өндіріс, көмір кеніші, ондағы қайнаған өмір тақырыбында жазылған, қазақ әдебиетіндегі алғашқы шығармалардың бірі. Автор мұнда өз заманының шындығын: көзбен көргенін, жүрекпен сезінгенін, сол қалпында ашық жазды. Адамдар арасындағы достық, махаббат, сатқындық, қатыгездік, адамгершілік қасиеттерді бүкпесіз жазды. «Оқырман қалай қабылдар екен» дегендей тайсалу немесе шығармадағы талас-тартысты шиеленістіремін деп, оқиғаларды ойдан құрастыру жоқ. Романның негізгі ерекшеліктерінің бірі осы. Сондықтан да, «Менің құрдастарым» романы – Бейімбет Майлин шығармалары секілді, өз кезеңінің тыныс-тіршілігінен нақтылы ақпарат беретін деректі дүние десек болар.              

«С.Ерубаев музейінің» қызметкері,

Ердос АҚБОЛАТҰЛЫ.                                                  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы