ЗАҢ МЫҚТЫ БОЛМАЙ СОТ ПӘРМЕНДІ БОЛМАЙДЫ

186 көрілім

Сот билігінің құзыреті мемлекеттегі заң үстемдігімен, әділ төрелікпен, елдің қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Осындай зор міндеттер жүктелгендіктен сот билігінде үнемі реформалар жүргізіліп, ірі жобалар, бастамалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларының қай-қайсысы болмасын сот саласының жұмысын айналып өткен емес. Сот — мемлекеттік биліктің бір тармағы. Мемлекет атынан төрелік ету құзыреті берілген сотты үшінші билік дейтініміз сондықтан. Бұдан бөлек заң шығарушы және атқарушы биліктің тәуелсіз елдің болашағын баянды етудегі міндеті ауқымды. Биліктің үш тармағы өзіне жүктелген функцияларын толық айқындап, теңгерімде қызмет етіп келеді.

Себебі, заң мықты болмай, сот пәрменді болмай мемлекеттегі әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелердің түйіні тарқатылмайды. Үшінші биліктің қызметін дұрыс үйлестіруде республика судьяларының съездері де маңызды рөл атқарады. Еліміздің бүкіл судьяларының басын біріктіретін Судьялар одағы қоғамдық бірлестігі бүгінде төрелік алаңындағы мәселелерді тиімді шешуге бастамашы болатын беделді ұйымға айналған. Судьялар одағының ұйытқы болуымен 1996 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан съездердің де сот саласында айтарлықтай орны бар. Бүгінгі күнге дейін қазылардың пікір айтар, ақыл қосар алаңына айналған съездердің арқасында сегіз рет елордада алқалы жиын өткізудің сәті түсті.

Сот билігі өз үкімін орындата алуымен құнды. Судьяның шешімі мен үкімі орындалмай орта жолда қалса, заңнан пәрмен, соттан бедел кетеді. Сондықтан судьяның шығарған шешімі заң үстемдігінің үлгісі болуы керек. 

Осы сегіз съездің де сот билігінің жұмысын жандандыруға қосқан үлесі зор. Әр съездің талқысына айналған тақырып қандай әртүрлі болса, басқосу соңында сот қауымына берілген тапсырма да сан салалы. Мысалы алғашқы съезд судьялардың әдебіне қатысты мәселелерді таразы басына салып, Әдеп кодексінің қабылдануына негіз қалады. Одан бері бірнеше рет жаңғырып, жаңартылған бұл кодекс судьялардың білім-білігімен қоса, адамдық, кісілік бейнесіне, қызметте, қызметтен тыс уақытта өзін-өзі ұстау қағидаларын бекітіп берді. Осының өзі судьялардың сот отырысында ғана емес, сот залынан шыққаннан кейін де әдептен аттамауы керектігін заңды тұрғыда бекітті.

Cот – қоғамдағы құқықтық қатынасты реттейтін биліктің бір тармағына жатады. Тәуелсіздіктің айшықты белгісі саналған Конституцияның қабылдануымен Қазақстанның өзіндік сот жүйесі қалыптасты. Тарихи бастауын қара қылды қақ жарып, әділдіктің алдаспаны болған дала данышпандарының даналығынан алған отандық сот жүйесіне халықтың сенімі жоғары. Ендігі мақсат – сол сенімге селкеу түсірмеу.

Қоғам болған соң онда түрлі дау-дамай орын алып жатады. Сәйкесінше, істің ақ-қарасын ажырату үшін соттың алдына келетіндер көп. Міне, осы сәттен бастап әділ шешім шығаруда судьялардың кәсібилігі сыналады. Түркістан қалалық соты қызметкерлерінің пәрменді жұмыстар атқаруы арқасында қаншама күрмеуі шешілмеген мәселелер өз шешімін тауып, жылдан жылға судьялардың кәсіби шеберлігі артуда. 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы