СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

220 көрілім

Қасиетті Түркістан – «Екі дүниенің есігі, Ер түріктің бесігі» атанған қасиетті қара шаңырақ, еліміздің рухани астанасы, Қазақ хандығының ордасы болған киелі шаһар. Сан тарау тарихи оқиғаларды құшып жатқан Оңтүстік өлкеге сапарлап келетін әрбір пайымды қазақ топырағы мен суына қасиет сіңген осынау қарт қалаға табан тигізіп, Әзірет Сұлтанға тәу етуден бастаудың қандай тылсым сыры бар десеңші. Бұл қазақ үшін Тәңір тағалам қазақы танымымызға тереңдей тамызып, ата-бабаларымыздың алпыс алты тамыры арқылы ұрпақтан ұрпаққа қанмен беріп келе жатқан құсни рәсімге айналғаны қашан! Мұндай қасиетті мекенде  қазақтың қаншама хан, сұлтан, би, батырлары жерленген. Ал, осы қазақ билері бүгінгі болаша­ғы­мыздың жарқын және кемел болуына көп еңбек сіңірді, дамып, өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Билер жүйесі мемле­кетіміздің қалыптасуына, хал­қымыздың ой-санасының, әлеу­меті мен мәдениетінің өсуіне зор ықпал етті. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары бар» деген бабаларымыздан қалған ұлы сөз бар. Қазақ қоғамындағы белгілі бір тектілік қасиеттерді ұстанған турашыл би-шешендеріміздің «қара қылды қақ жарған» әділ шешімдерінің ел, ру арасында орындалуы міндетті шарт болып табылған. Әрбір би әділ шешімдерінің өз ортасына ғана емес, дүйім жұртқа жайылғанын қалаған. Осындай мәртебе арқылы ел сеніміне ие болып, үмітін ақтау үшін аянбай қызмет еткен.

Елдегі сот жүйесінің тарихы қазақ билерінен бастау алады. Олар Шыңғыс хан қағанатының заң ережелерін бекіттірген. Майқы би «Орда биі» атанған. Ол кезеңнен «Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» деген даналық сөз қалған.

Бүгінгі Қазақстанның сот жүйесі Конституциямен және «Сот жүйесі мен судья­лары­ның мәртебесі туралы» Консти­ту­ция­лық Заңмен реттеледі. Қа­зақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны Ата Заңымызда айқын жазылған.

Беріде қазақ құқығының жүйе­ленген қайнар көзі болып табылатын «Қасым ханның қасқа жо­лы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын дала заңдары жа­рияланды. Заңдар жинағы – «Жеті жарғыны» бекіттірген, Әз Тәуке ханның тұсында билік еткен үш төбе биіміз – Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке би төрге шықты.

Еліміздің сот жүйесін Қазақ­стан Республикасының Жо­ғар­ғы Соты, Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына және Конституциялық Заңға сәйкес құ­рылатын жергілікті және басқа сот­тар құрайды. Ешқандай өзге ор­гандар мен тұлғалардың судья ­өкі­­леттігін немесе сот билігі функ­­­цияларын иеленуге құқығы жоқ.

Сот билігі Қазақстан Респуб­лика­сының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйым­дардың құқықтарын, бос­тан­дықтары мен заңды мүдде­лерін қорғауға, Республика Консти­туциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық акті­лерінің, халықаралық шарт­та­рының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Әрине, судья мамандығы еш­­қашан жеңіл болмаған және болашақта да оңай болмайтыны белгілі. Еліміздегі сот жүйесінің дамыған мемлекеттер сапына қосылуына үлес қосу – мәртебе әрі мақтаныш. Ал биыл 24 маусымда алғаш рет кәсіби мереке – «Судья мен сот қызметкері күні» атап өтілді. Елімізде әділ сот төрелігін қалыптастыру мен жетілдіру жолындағы қажырлы еңбек етіп келе жатқан әріптестерге табыс, төзімділік, күш-қуат тілеймін.

Сот жүйесін жетілдіру шең­­­берінде сот сатысының үш буын­ды жүйесі енгізілді, мамандан­ды­рылған соттар, инвес­тициялық сот өндірісі құрылды. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік әділет өз жұмысын бастады.

Бүгінгі сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланысты реформаларды бас­тан өткеруде. Реформалардың мақсаты – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру.

Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Кон­ституция мен заңға ғана бағы­нады. Ал заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Ендеше, судьяның әділ төрелікті дөп басып айтуы маңызды. Осы бағыттағы сот жүйесіндегі реформалар тәуелсіз Қазақстанның Жаңа Қазақстан құру жолында әділ сот төрелігін құру үшін судьялардың жауапкершілігін, көтерер жүгін арттырады. Сәйкесінше, сот корпусына талаптар күшейтілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы