БӨЛІНГЕНДІ БӨРІ ЖЕЙДІ

1  030 көрілім

Руды бiлгенiң – қасиет, руға бөлiнгенiң – қасiрет. Ру – қазақтың шыққан тегiн таныту деп есептейтін болсақ, «Тегiн бiлмеген түгiн бiлмейдi» деген мақалға қосылмасқа амалымыз қалмайтыны анық. Қазақтың барлық қасиетін көрсететін осы рудың арқасында қазақ халқы әлемдегi ең қаны таза халықтың бiрi болып сақталып келе жатқандығы, бүгінде барлық елдердің таңданысын туғызып,  қызығушылығын арттыруда. Ежелден қазақ өз руын бiлгенімен, руға бөлiнушiлiктi ешқашан дұрыс деп құптамаған.

 Соңғы уақытта халқымыздың руға бөлінуі қоғамдағы белең алып отырған ең үлкен мәселелердің қатарына да еніп отырғандығы рас. Оның дәлелі дүкен ашса да, сусын шығарса да, тақия, жейделерге де ру атын жазып ендігі аялдама атауларын ру атымен атап, өздерін руға бөлуді дұрыс деп санауы. Осыдан аз уақыт бұрын Түркістан қаласында «Шоқпарлы» деген дүкенді көзім шалып қалғаны бар. Содан бір ойланып көлікпен кетіп бара жатқанымда «Жауғашты» деген аялдаманы байқадым. Ал бірде  бір топ балалардың дүкеннен түрлі рудың аты белгіленген сусындардың бірін қолына ұстап тұрып, өзі қатарлас балалармен «Кімнің руы мықты? » деп дауласып тұрғандығын көріп жүрегім ауырды. Менің ойымша, бөліністің басы осы секілді қарапайым дүниелерден басталып, арты дау-жанжалға ұласып жатады. Бұған жауапты адамдардың қайда қарап отырғаны қызық. Осы мәселені көтеретін бір де бір адамның болмағаны да, қоғамды дұрыс жолға бастайтын басшылардың  осы мәселе төңірегінде бір ауыз сөз айтпауы да өкінішті… Бұл жәй ғана руға бөліну емес, таза бөліністің басы.

Сонда бұл қазақ кімнен,не себепті бөлініп жатыр? Айналдырған аз халықтың ала тайдай болып руға бөлінуінен не ұтамыз… Онсызда халқымыздың талай жылдардан  бері руға бөлініп, опық жеуінен берекеміздің қашқаны белгілі емес пе еді? Еліміздің басты байлығы – тыныштық. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін ел ішіндегі тыныштықты сақтайық. Кезінде Ресей осы рушылдығымыз арқылы бірімізді-бірімізге айдап салып, қынадай қырғандары қалай тез жадымыздан ұмытылады?!

     Осы мәселе төңірегінде Түркістан қаласының тұрғындарының пікірін білу үшін арнайы сұқбат алған болатынмын. Көпшіліктің пікірі «Руға бөлінгендігіміз дұрыс. Дегенмен бұл тек қана қан тазалығын сақтау жолында ғана болуы тиіс. Руға бөлініп онсызда аз қазақты далалық-қалалық, одан қалса орыс тілді қазақ, шала қазақ деп бөліп, тіптен намаз оқитын қазақ, оқымайтын қазақ деп ұлт арасына жік салып, тарыдай шашылудан ештеңе ұтпаймыз» деген пікірге тоқталды. Ал кейбір тұрғындар пікірінше: «Руға бөліну құптарлық іс. Руға бөліну арқылы, еліміздің бірлігін сақтаймыз» деген сөзді дұрыс деп санады. Сөзімді қорытындылай келе, қазақ халқының «Руды білгенің-қасиет, Руға бөлінгенің-қасірет» деген даналық сөзінің мағынасының тереңде жатқанлығын ұғынғандай болдым. Әр қазақ өз руын білсін, бірақ руға бөлініп, айрандай ұйып отырған тыныштығымызды бұзып алмасын дегім келеді.

Гүлжан ТАЖЕНОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы