ЗАҢ САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

391 көрілім

Абибулла Шәріпбеков ағамыз өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы азамат екенін түркістандық көпшілік жақсы біледі. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттерінің арқасында заң саласында қажырлы еңбек етіп, біліктілігімен іскерлігімен елдің ықыласына бөленіп келеді. Шынында да адамды, абырой өсіреді, өркендетеді. Ал, ол қалай келеді? Бұл туралы небір өмір тәжірибелері толысқан азаматтар абырой адал еңбекпен келеді деп айтады. Осындай еңбекпен ел құрметіне бөленген деп ауыз толтырып Әбекеңді айтуға болады. Ендеше, ол кісінің өмір және еңбек жолдарына тоқталсақ.

Абибулла Шәріпбекұлы 1962 жылы 11 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген. Марқұм әкесі Шәріпбек Мүлкібаев соғыс және еңбек ардагері, партия, кеңес органдарында, халық шаруашылық салаларында басшылық қызмет атқарған, анасы Үрзия Мүлкібаева 10 құрсақ көтерген, Батыр ана.

Абибулла Шәріпбекұлы қаладағы М.Мәметова атындағы жалпы орта мектепті үздік бітіргеннен кейін 1978-1980 жылдар аралығында «Техоснастка» зауытында жұмысшы, токорь болып еңбек жолын бастайды. 1980-1984 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін тәмәмдаған. 1995 жылы Әль-фараби атындагы қазақтың ұлттық университетінің заң факультетін бітірген.

1984-1986 жылдар аралығында қаладағы С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатында орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі болады. 1986-1992 жылдар аралығында Түркістан аудандық комсомол комитетінде, Түркістан аудандық атқару комитетінде, Түркістан аудандық әкімшілік бөлімінде жауапты қызметтер атқарды. 1992-1995 жылдары Түркістан қалалық сот-прокуратура саласында, 1995-2003 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат, Түркістан қалалық заң кеңесінің меңгерушісі болды. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасының «Ақжол» демократиялық партиясының орталық аппаратында бас инспектор, Президент әкімшілігінде, Парламентте, Орталық сайлау комиссиясында тұрақты өкіл қызметтерін атқарады. 2004 жылы ҚР Парламент Мәжілісінің, 2005 жылы ҚР Президент сайлауларында үміткердің сайлауалды бас штабында заңгер болып қызмет атқарады.

2007-2008 жылдары Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат, 2008-2013 жылдары Қазақстан Халықтары Достығы университетінің «Достық» колледжінің директоры, 2013-2018 жылдары аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат, 2018 жылдан күні бүгінге дейін Түркістан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат қызметін абыроймен атқарып келеді. «Ақ жол» демократиялық партиясында белсенді қызмет атқарғаны үшін «Ақ жол партиясына – 20 жыл» мерекелік естелік медалімен марапатталды.

Өмірлік жолдасы Жанар екеуі 3 қыз өсіріп, оларды білім нәрімен сусындатып, үйлі-жайлы етуге нәсіп етті. Бүгінде қыздарынан тараған немерелері көз қуаныштарына айналды. Осынау мерейлі күнде Абибулла Шәріпбекұлын 60 жасқа толғалы отырған туған күнімен шын жүректен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына шаттық, отбасына амандық пен береке тілейміз.

Қ.ЕСЕНБЕКҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы