ТҮРКІСТАНДЫҚТАР “ЯСАУИ ІЗІМЕН” ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ

655 көрілім

“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері “Ясауи ізімен” ғылыми танымдық жобасы аясында Қызылорда облысына барды. Экспедиция барысында Хорасан ата (Әбдіжәлил баб), Қылауыз Жақып ата, Оқшы ата және Айқоша ишан кесенелері мен Қылышты ата(Саид-Бұрханидин), Төлегетай мемориалдық кешенін аралап, тарихымен танысты. Аңыз-әңгімелерде Қожа Ахмет Ясауи Қорасан атаға зиярат етіп, бас игендігін хикметтерінен білуге болады.
Шежіреші қариялардың айтуынша, Әбдіжалил Баб (Хорасан Ата) Мұхаммед пайғамбарымыздың ұрпағы болып табылады.

-“Шежіре деректеріне сүйенер болсақ, Әбдіжалил бабтың (Хорасан Ата) 6-шы атасы Әзірет Әлі мен Мұхаммед пайғамбарымыз екеуі немере болып келеді. Ал Әбдіжалил бабтың туған ағасы Ысқақ бабтан тараған 6 ұрпақтан кейін, 7-ші ұрпақ боп Қожа Ахмет Ясауи дүниеге келген. ІХ ғасырда Иран мен Тұран бағытында қазіргі Орта Азия мен Қазақстанға ислам дінін тарату мақсатында Әбдірахим Баб, Ысқақ Баб және Әбдіжалил баб бастаған топ жіберілді. Бұл кездері Ысқақ Баб пен Әбдіжалил Бабтың әкесі Әбдірахман Баб Шам шаһарының патшасы еді, ол қайтыс болған соң орнына үлкен ұлы Ысқақ Баб таққа отырып, патшалық құрады. Ал Әбдірахманның інісі Әбдірахим Баб Бағдаттың (қазіргі Ирак), Әбдіжалил Баб Иеменнің патшасы болады”,-дейді ауыл ақсақалы Мұхтар Сейітқасымұлы.

Қорасан ата –Сырдарияның төменгі ағысына келген алғашқы ислам миссионерлерінің бірі. Әбдіжалил баб иемденген жеріндегі халықты ислам дініне кіргізіп, мешіт-медреселер салдырып, арабша сауатын ашып, мәдениетінің өсуіне де ықпал еткен. Қорасан өлкесінде де осындай игілікті тірлік жасаған. Осылайша Хорасан ата атанады. Ол ірі қолбасшы әрі жолбарыс жүректі батыр болған екен.

-“Тарихи деректерде Хорасан атаның (Әбдіжалил бабтың) туған ағасы Ысқақ Бабтың 7-ші ұрпағы Қожа Ахмет Ясауи 63 жасқа келіп, қылеуетке түскенге дейін жылдағы Ораза, Құрбан айт намаздарында осы Бабаның басына келіп құранын бағыштап, Меккедегі Қағбатілләнің осында көшірмесіне жүзін беріп намазын оқып қайтады екен.
Бұған Қожа Ахмет Ясауидің:
«Уа-а, Бабам Хорасан, келдім арасан,
Зиярат етейін деп ісімді сұрасаң.
Мүшкіл ісімді оңына қылғайсың,
Рахым ете көр, Бабам Қорасан!» – деген өз өлеңі дәлел болады.
Мұндағы «арасан» сөзі «емші» деген мағынада. Хорасан  Ата Ислам діні мен мәдениетін таратушы оқымысты, батыр да батыл, білікті әскери қолбасшы, бойына қасиеті қонған емші, халықты адамгершілік пен имандылыққа, шыншылдық пен адалдыққа, білімділікке тәрбиелеген ағартушы болған”,- дейді Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері Құралай Мақұлбекқызы.

Хорасан ата кесенесінде Әзірет Әліден Хорасан атаға мирас боп қалған туы да таныстырылды. Тудың сабы қоладан құйылып, сүйір ұшы мыстан жасалынған. Тудың жоғары жағында «Аллаху Ахад», одан төменірек «Әли» деген арабша жазуды оқуға болады. Хорасан ата кесенесінің биіктігі – 14 метр, ұзындығы – 16 метр, ені – 8 метр, қос күмбезді. 2006 жылдан бастап кесененің бұрынғы архитектуралық қалпын сақтап қалған. Сондай-ақ, экспедициялық сапар Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, ислам дінін орнықтыруға атсалысқан ғұлама Қылауыз (Жақып) ата кесенесінде жалғасты. ХІІ ғасырда өмір сүрген Жақып ата кесенесі Жаңақорған ауданындағы Қыркеңсе елдімекенінен 10-11 шақырым қашықтықта орналасқан. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, сондай суды дариядан арық тарттырып,тұрғындардың егіншілікпен айналысуына мүмкіндік жасаған Қылауыз ата екен. Қылауыз атаның қара құрт, жылан шаққан адамдарды оқып жазатын, тісі ауырғандарды емдейтін де қасиеттері болған әулиелігі болған. Қылауыз (Жақып Ата) – Әбу Лайстың ұлы. Ал Әбу Лаис IX-X ғасырларда өмір сүрген ғалым әрі ойшыл, Ислам дінін насихаттаушылардың бірі болған, Самарқанды мекен еткен. Қылауыз ата мен Қожа Ахмет Ясауидің әулиелік кереметтері мен бір-бірімен байланысы туралы да көптеген аңыз-әңгімелер бар.

Экспедициялық топ қазақ даласындағы дін исламның білім беру жүйесіндегі орны айрықша Айқожа Ишан кесенесінде болды.Бесарық стансасынан оңтүстікке қарай 6 шақырымда орналасқан кесенеде діни ұстаз, әулие Айқожа ишан жерленген. Айқожа ишанның 11 баласынан қазіргі кезде 400-ден аса отбасы бар. Бабаның басындағы күмбезді кесене мен “Айқожа” мешіті оның үлкен ұлы Ибаділланың басшылығымен салынған.

Қызылордаға жасалған сапар барысында Шиелі ауданындағы Оқшы ата кесенесі де назардан тыс қалмады. Ертеден жеткен мұраның бірі – оғыз-қыпшақ заманының жәдігері болып табылатын Оқшы ата мазары. Оқшы ата мазаратындағы «Жеті әулие қорымы» жатыр. Оқшы ата әулиелер мазаратының тарихы сонау әріден басталады. Кейбір ғылыми деректерге ден қойсақ, осы қасиетті мекеннің бұдан мың, мың жарым жыл бұрын-ақ бабаларымыздың жамбасы тиген жер екені байқалады. Ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаев атап көрсеткендей, ХІV ғасырда Қожа Ахмет Яссауидің даңқты кесенесін Ақсақ Темір салғанға дейін Оқшы ата ежелгі Тұран, Оғыздар мен Түркі-қыпшақтардың бекзат азаматтары жерленген пантеон болған екен.

       -“Оқшы ата, Есабыз ата, Асан ата, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол және Бала би сияқты ұлылар осы қорымда мәңгілікке тыныс тапқан. Филология ғылымының докторы, порфессор, түркітанушы Ә.Қоңыратбаев «Оқшы ата бабамыз ХІ ғасырда өмір сүрген, осы өңірді жаудан қорғаған батыр, көріпкел әулие, халық қамы, болашағы үшін арпалысып өткен ұлы тарихи тұлға» деген тұжырым жасайды.  Ғалым одан бөлек Оқшы ата 1043 жылы қайтыс болып, қазіргі өз атымен аталатын мазаратта жерленген деген деректер келтіреді. Оқшы ата мазары сонау оғыз заманының ескерткіші, батырдың басына қойылған киелі кесене болып табылады. Оның азан шақырып қойған есімі турасында халық арасында бірнеше болжам айтылады. Ол кісінің шын есімін біреу Көгентүп десе, екіншісі Ибраһим дейді. Тағы бір деректерде азан шақырып қойған аты – Ибраһим, лақап есімі Көгентүп делінсе, халықтың қойған аты Оқшы болған деседі. Оқшы атаның Қожа Ахмет Ясауиге жасаған зияраттары жайлы көптеген аңыз-әңгімелер бар”,’-дейді Шиелі аудандық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Темірәліұлы.

-“Сыр өңірі тарихи орындар мен әулиелі мекенге бай. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауидің қоғамдық орнымен байланысты тұлғалар көп. Алдағы уақытта зерттеу жұмыстары жалғасын табады”,- деді “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков. “Ясауи ізімен” ғылыми-танымдық жобасының мақсаты Қожа Ахмет Ясауи мен Түркістанда жерленген тұлғалар жайлы тың деректер жинап, жұртшылыққа кеңінен насихаттау. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы