АҚ ОЛИМПИАДАҒА БІР АПТА ҚАЛДЫ

1  562 көрілім

Төртжылдықтың басты бәсекесі ХХІV қысқы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күндер қалды. Ең ірі спорттық жарысты өткізу құқығын Бейжің 2015 жылғы 31 шілдеде алды. Сонымен Қытай астанасы жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын қабылдаған алғашқы қала болады.

Ақпан айының 4 мен 20 жұлдызы аралығында өтетін Бейжің Олимпиадасында Қазақстан атынан 8 спорт түрі бойынша 33 спортшы қатысады. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысынан сынға түседі. Жалпы, ел құрамасының қоржынында 83 олимпиадалық лицензия бар.

Әлемнің 95 елінен 4000 мыңнан аса спортшылар қатысатын дүбірлі додаға ел спортшыларын қабылдаған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «ел намысын қорғау – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік. Біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында талай рет жеңіс тұғырына көтерілді. Көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетті. Сондай сәтте әрбір азаматымыздың кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні сөзсіз. Сіздер алдағы сайыста халқымыздың сенімін ақтайсыздар деп сенемін»,-деп спортшыларды жігерлендірді.

Бейжің Олимпиадасында 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жарыс үш аймақта өтеді, Пекин орталығы, Яньцинь және Чжанцзякоу. Биылғы қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына жеті жаңа жарыс түрі қосылды. Атап айтар болсақ, шорт-тректен аралас эстафета, шаңғы акробатикасынан, шаңғымен тұғырдан секіруден және сноуборд-кросстан аралас командалық турнир, фристайлдан ерлер мен әйелдер арасындағы биг-эйр, сондай-ақ, монобобтан әйелдер арасындағы бәсекеден жүлделер таратылады. Қосымша жарыс түрлері арқылы қысқы ойындар тарихында алғаш рет гендерлік баланс сақталмақшы. 2018 жылғы ойынмен салыстырғанда, әйелдер саны 45 пайыздан асады.

Олимпиадаға баратын спортшылар арасында Түркістан облысының спортшылары жоқ. Дегенмен ұлттық құрамаға жанкүйер болатын түркістандықтардың қатары көп. Ендеше, спортшыларымыздың көк туымызды Олимп шыңына шығарып, мерейімізді үстем ететініне тілектестік білдіреміз.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы