«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫНА 52 МЛРД ТЕҢГЕ ТҮСТІ

1  378 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентте сөйлеген сөзінде «Қазақстан халқына» қорын құру туралы мәлімдеді. Бүгінгі таңда бұрынғы қаржы министрі Болат Жәмішев басқаратын «Қазақстан халқына» қорына 52 миллиард теңге түскен екен. Күні кеше ғана қорға «Қазақмыс» кәсіпорны мен «Қаз minerals» компаниясы 25 млрд теңге аударғаны белгілі болды. Белгілі меценат Болат Өтемұратов 10 млрд теңге аударды.

Міне, мұндай азаматтық шараға түркістандықтар да белсене қатысуда.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер Инара Намазбаева «Қазақстан халқына» қорына «Қуаныш» ЖШС ұжымы екі миллион теңге аударғандығын «Фейсбук» парақшасында бөлісті.

-«Жылдың басы еліміз үшін оңай кезең болған жоқ. Кең тараған бизнес  және сауда орталықтарына жасалған қастандық пен қарақшылық тонаулар жанымызды түршіктірді. Сол бизнес нысандарында жұмыс жасап жатқан мыңдаған адамдар бір сәтте жұмыссыз, табыссыз, қорғансыз болып қалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде сұмдықты тоқтатып, тапсырмасына сәйкес зақым көріп, зардап шеккен бизнес нысандарын қалыпқа келтіру мақсатында «Қазақстан халқына» атты әлеуметтік қоғамдық қоры ашылды. Қорға аударылған қаржыдан төтенше жағдайларда және төтенше жағдай енгізілген кезде зардап шеккен халыққа көмек көрсетіледі. Осы қордың ашылғанын естіген сәтте, өзім әлеуметтік жауапкершілігі бар жеке кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты ретінде осы қорға қайырымдылық жасауды азаматтық борышым деп білдім.

Түркістандағы «Қуаныш» ЖШС-і атынан біз де өз үлесімізді қостық. Зардап шеккен  бизнес нысандары ертерек қалыпқа келіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болуына шын жүрегіммен тілектеспін. Осындай қиын қыстау уақытта барша азаматтарды ауызбіршілікке, бейбітшілігімізді аялап, сақтауға шақырамын!»,-дейді «Қуаныш» ЖШС-нің директоры, Түркістан облысы мәслихатының депутаты Инара Намазбаева.

Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов Мемлекет басшысының «Қазақстан халқына» қорының ашылғанын қуана құптайды.

Жарылқасын Әзіретбергеновтің айтуынша, бұл қорға жеке тұлғалар  ғана емес мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың үлес қосып жатқандығын айта келіп, кешегі Арыс оқиғасы, Мақтааралдағы жағдай кезінде зор белсенділік көрсеткен түркістандықтарды «Қазақстан халқына» қорына да үлес қосуға шақырады.

«Бізде Ұлттық қор бар, ол – еліміздің қаржылық тірегі. Бүгін «Қазақстан халқына» қоғамдық-əлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, əлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мəселелерді шешумен айналысады. Мысалы, сирек ауруға шалдыққан балаларға көмек көрсетіледі. Өйткені, көптеген отбасы емдеу ақысын төлей алмайды. Қалаларда, аудандарда, кенттер мен ауылдарда балаларға спорттық нысандар салынады. Дарынды балаларға көмек көрсетеміз. Мəдениетті қолдаймыз. Алматының сұмдық қасіретті оқиғадан оңалуына көмектесеміз. Осы қор есебінен қаза тапқан полицейлер мен əскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетеміз. Бұл жекелеген мысалдар ғана.

Атап өтейін: бұл Президенттің, Үкіметтің немесе басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл – барша қазақстандықтардың қоры, халықтық қор. Ол Əкімшіліктің немесе Үкіметтің жанында жұмыс істемейді. Беделді байқаушылар кеңесі құрылып, адал да жауапты басшы тағайындалады. Біз оның қызметінің толық ашықтығын, қоғам алдындағы есептілігі мен бақылануын қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет, жобалар сайтта жарияланады. Барлық ақпарат ашық болады.

Қор жеке жəне мемлекеттік көздерден қаржыландырылады. Халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін тарту жоспарланып отыр. Бұл қорға лотерея операторынан, бəс тігу орталығынан жəне басқа монополистерден міндетті жарналар түседі.

Əлбетте, біз Қорға ірі бизнес тарапынан қомақты əрі тұрақты, атап айтамын, тұрақты аударымдар жасалуын күтеміз.

Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар мен тіпті, халықаралық өлшемдер бойынша да бай адамдар тобы пайда болды. Енді Қазақстан халқына тиесіліні беретін жəне оған жүйелі əрі тұрақты негізде көмектесетін уақыт жетті деп есептеймін. Сондықтан Үкіметке компаниялар қатарын анықтау жəне олармен Қорға бөлінетін жыл сайынғы жарна көлемін келісу қажет болады. Сонымен қатар іс жүзінде орасан қаражатқа ие бола отырып, көлеңкеде қалып келе жатқан тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін. Қор қоғамды ұйыстырудың тағы бір құралы болатынына, азаматтарда əлеуметтік əділдік сезімін нығайтатынына сенімдімін», – деп атап өтті Президент.

Бүгінде қайырымдылық қорда 52 миллиард теңгеден астам қаржы бар. Ақшаны ірі бизнесмендерден бөлек қарапайым қазақстандықтар да аударған. Қор басшысының айтуынша, алғашқы қаржы қаңтардағы бүлік кезінде қаза тапқан әскери және полиция қызметкерлерінің отбасыларына бағытталады. Ақшаның бір бөлігі ауру балаларды емдеуге жұмсалады. «Қазақстан халқына» қорының құрылтайшылары ретінде үкімет іріктеп алған 4 қоғамдық ұйым танылды. Алайда олардың қатары әлі артуы мүмкін. Біз қайырымдылықпен айналысатын қоғамдық ұйымдармен жұмыс істейтін боламыз. Біз олардың әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру барысында әріптестік орнатамыз деген үміттемін», – деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Иса БЕРКІМБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы