ШЕКТЕН ТЫС ҚАРЫЗДЫҢ КӨБЕЮІНЕ ПРЕЗИДЕНТ АЛАҢДАУЛЫ

1  586 көрілім

Қазіргі таңда қазақстандықтардың шектен тыс қарызы көбейіп кеткен. Бұл мәселе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты да алаңдатып отыр. Парламентте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы осы жайға алаңдаушылық білдірді.

«Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан əрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, əлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін.

Қазіргі таңда қазақстандықтардың шектен тыс қарызы көбейіп кеткен. Бұл мәселе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты да алаңдатып отыр. Парламентте сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы осы жайға алаңдаушылық білдірді.

«Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан əрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, əлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін.

Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын əзірлеуді бастады. Бірақ, бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу жəне дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты əрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын»,-дейді Президент.

Қазіргі таңда Парламент қабырғасында «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы заң жобасы әзірленуде. Жасыратыны жоқ соңғы жылдары қазақстандықтардың банкі алдындағы қарызы шамадан тыс көбейіп барады. Әсіресе, қалалықтар тұтыну несиесін алуды ұлғайтқан. Шетелден 3-4 пайыздық заем алған банкілер 30-35 пайызға дейінгі өсіммен қарыз беруде. Әсіресе, қарапайым тұрғындар тұтыну тауарлары үшін де қарыздануды әдетке айналдырған. Қазіргі таңда қарызын қайтара алмай басқа банкіден несие алу арқылы бұған дейінгі қарызын қайтарушылар қатары көбейе түскен. Парламент қабырғасында әзірленіп жатқан заң жобасы жеке тұлғалардың банкроттығын заңдастыруы арқылы банкілердің берген қарыздарын төлеу мерзімін уақытша тоқтата тұруды қарастырады. Алайда, бұл шараның екінші жағы бар. Яғни, банкілердің шығыны көбейе түседі сөз.

Ұлттық банктің дерегінше, өткен жылдың соңғы 10 айында қазақстандықтардың 3 трлн 021 354 млн теңге ипотекалық қарызы болды. Жеке тұлғалардың тұтынушылық несиесі 5 трлн 768 562 млн теңгеден асты. Ал мерзімі өткен несие берешегі 640 млрд, оның ішінде 90 күннен асқан қарыз мөлшері 359 млн теңгеге жетті. Төлем қабілетінің төмендеуі ел азаматтарын тығырыққа тіреді. Қарыз қыспағынан құтыла алмаған адамдар шарасыздықтан өзінің де, өзгенің де өмірін қиюдан тайынбайтын жағдайға жетті.

Бұған өткен жылы 3 баласы мен өзінің ажалына себепші болған алматылық келіншек пен 5 адамды жайратып тастаған азаматтың оқиғасы дәлел. Қайтыс болған әйелдің бір басында 3 несиесі болған. Ол осыны тағдыр тауқыметі деп қабылдап, өмірімен қош айтысты. Ал 5 адамды атып өлтірген азаматтың оқиғасы күрделі әрі шым-шытырық. Ол екінші деңгейлі банкке 121 млн теңге қарыз еді. Борышын өтемеуіне байланысты банк одан құны 181 млн теңгені құрайтын тұрғынжайды жер телімімен қоса тартып алды. Кейін борышкердің мүлкін 94 млн деп бағалап, қалған ақшаны алу мақсатында үйіне көз тікті. Сөйтіп оны кәмелетке толмаған балаларымен бірге жалғыз баспанасынан айыруға оқталды. Қайғылы оқиға сот шешімін жүзеге асыру барысында орын алды.

Мәжіліс депутаты Андрей Линниктің айтуынша, қолданыста «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң болғанда жоғарыдағы қанды оқиғаның алды алынар еді.

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау қажет екенін 2014 жылдан бері айтып келеміз. 2015 жылы заң жобасын әзірлеп, 2016 жылы үкіметке ұсындық. Алайда министрлер кабинеті бізді қолдамады. Мұның салдары қайғылы оқиғаларға себеп болып жатыр. Заң тұрғысынан қарағанда банктің әрекетін түсінуге болады. Алайда борышкердің кепіл мүлкін алып қою кезінде бағалау құнынан ауытқу 10-15%-дан аспауға тиіс деп санаймыз. Себебі кепілге рәсімдеу кезінде мүліктің негізгі бағасы онсыз да төмендетіледі», – деді депутат.

Андрей Линниктің пікірінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктердің борышкердің кепіл мүлкінің құнын төмендету мүмкіндігін шектеуге тиіс. Ал несие жүктемесін жасанды түрде ұлғайтуды тоқтату үшін пайыз мөлшерлемесін азайту қажет. Бұл үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты саясатты қайта қарауы керек. Осыдан 8 жыл бұрын наурыз айында «Оңалту және банкроттық туралы» заң қабылданды. Құжатқа заңды тұлғалардың таратылуы мен банкроттығының құқықтық мəселесін реттеу міндеті жүктелді. Ал, «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның қабылданбай келе жатқанына жылдардың жүзі болды.

Өткен жылдың соңында Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев: «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау, уақыт талабы екенін мәлімдеді. Ол кезінде жалғыз пәтерін кепілдікке қойып, іс бастаған жеке тұлғалардың 90% қарызын қайтара алмай, банкрот болғанын тілге тиек етті. «Екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдар халыққа несие беріп, «көмек қолын» созады. Қарызды қайтарған кезде туындайтын жағдайға түсіністікпен қарамайды. Өз беделін сақтап, «сүттен ақ, судан таза» күйінде қалады да, халықтан соңғы тиынына дейін сыпырып алуды коллекторларға тапсырады. Ал коллекторлардың әрекеті баршаға мәлім», – деді депутат. Азамат Әбілдаев: «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды әзірлеп, тезірек Парламентке енгізуді ұсынды. «Заң қабылданғанша коллекторлық компанияларды, яғни «заңдастырылған рэкетті» тізгіндеу керек, – деді мәжілісте.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жеке тұлғалардың банкроттық институтын енгізу қажет деп санайды. Оның ойынша, микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің жауапкершілігін арттыруға басымдық беру керек. «Қарызын қайтара алмай жүрген азаматтардың ісін жеке сот орындаушыларына тапсыруға асықпаған дұрыс. Жеке тұлғалардың банкроттық институты құрылса, алдымен соған жүгінген жөн. Себебі бұл қадам мәселенің ушықпай, оң шешілуіне ықпал етеді», – деді Мәдина Әбілқасымова.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдау қаржы реттеушісінің құзырына жатпайтынын мәлімдеді. «Мемлекет қолданыстағы заң аясында заңды тұлғалардың банкроттығын мойындайды. Ал жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты құжат жоқ», – деді Ерболат Досаев.

Банк секторының лоббистері… «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылдауға кедергі келтіреді. Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның сөзінше, банкротқа қарсы санкцияға қарамастан, банк те тәуекелге барады. Сондықтан қаржы ұйымдары заңның қабылданғанын қаламайды. «Банкроттық көптеген адамдар үшін қаржы шұңқырынан шығудың жалғыз әрі заңды жолы. Банкроттық борышкерді өзіне тиесілі мүлікке билік ету, шетелге шығу, қарыз алу, несие және қаржы институттарында басшылық қызмет атқару құқығынан айырады. Есесіне жалғыз тұрғын үйі мен қажетті тұрмыстық заттарын сақтап қалу, өзінің қарызын отбасы мүшелеріне жүктетпеу мүмкіндігін береді. «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылданса, банктерге борышкерден тәркілеген мүліктің құнын төмендетуге тыйым салынады», – деді депутат Айбын Асқарұлы.

ҚР Қаржы министрі жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы жылдың ақпан айында дайын болатынын айтты.

Үкімет отырысында оқыған баяндамасында ведомство басшысы капиталды елден негізсіз шығару бөлігіндегі заңнамаға қандай түзетулер әзірленіп жатқанын атады. Олар:

1) дивидендтерге салық салу кезіндегі жеңілдіктерді, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы көздерден резидент еместерге төленетін жеңілдіктерді қайта қарау;

2) үлестес шетелдік компаниялардан алынған «материалдық емес» қызметтер бойынша шегерімге шектеулер енгізу;

3) бақыланатын шетелдік компания шеңберінде жеңілдіктерге шектеулер енгізу.

«Сондай-ақ, трансферттік баға белгілеу бойынша түзетулер жобасы әзірленді. Ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының ресми қорытындысында қолдау тапты. Бұл қазақстандық экспорт үшін әділ бағаның қалыптасуына мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке тұлғалардың банкроттығы мәселелері бойынша заң жобасы ағымдағы жылдың ақпан айында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесіне енгізілетін болады», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Қалай болғанда да Парламент қабырғасындағы заң жобасынан халықтың үміті зор. Себебі, қарызын уақытында қайтара алмай шерменде болып жүргендер күн санап көбейіп барады.

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы