ТӘРБИЕ ТАЛБЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

1  607 көрілім

Кеше ғана Парламенттегі баяндамасында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ең бірінші басымдық ретінде азаматтарымыздың қалаларда, елді мекендерде жəне ауылдарда жақындары мен балаларын уайымдамай жұмыс істеп, еркін жүріп-тұрып, оқи алуы үшін құқықтық тəртіпті толықтай қалпына келтіру керектігіне ерекше көңіл бөлді. Біздің қоғамымызда бала және жастар тәрбиесінің көзден таса қалғандығына қынжылыс білдірді. Тәрбие талбесіктен басталатындығын зерделесек, мұны сәбидің дүниеге шыр етіп келген күнінен бастау керек екендігі әмбеге аян.

Қазіргі қоғамдағы жас аналарымыз ауылдық жерде тұратындары болмаса, бесікті әсем қолөнер бұйымы ретінде жоғарыға іліп қойып, алаңсыз жүргек пайдалануға көшкендігі рас. Бесікті пайдалану арқылы аналарымыз сәбидің ағзасын таза ұстау ғана емес, ұйқысының тыныш болып, әрі бесік жырын айту арқылы да салт дәстүрімізді бойына сіңіретін. Бала үшін тәрбие-тұтас дүние. Балаларға ұлтымыздың әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін оның бала шағынан бойына сіңіріп, ойына ұялату, сол арқылы ізгілікке тәрбиелеу-қай кездің болсын басты мәселесі.

Атақты ғұлама ғалым Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы» деп тегін айтпаса керек. Тәрбиесіз білім бір қанаты жоқ құс секілді, алысқа ұзап ұша алмайды. Сол себепті де біздің балабақша ұжымының басты мақсаты бала өмірі мен денсаулығын сақтау және қазіргі заман талабына сай жан-жақты дамыған, ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңірген иманды да ибалы ұрпақ тәрбиелеу. Бала тәрбиелеу оңай жұмыс емес, ол үлкен шеберлік пен шыдамдылықты қажет етеді.

Тәрбиенің негізгі міндеті-қоғамның қажетті талаптарын әрбір баланың «борыш», «намыс», «ождан», «қадір қасиет» сияқты биік адамгершілік стимулдарына айналдыру. Осы орайда балабақшамызда атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Балаларды ата-анасын құрметтеуге, үлкенді сыйлауға Отанын сүюге, елін жерін қастерлеуге, айналасымен қарым-қатынас жасай білуге тәрбиелейміз. Сонымен бірге имандылық, кішіпейілікділік, ізеттілік, әділдік, қанағатшылдық та біздің балабақшамыз да қалыптасқан. Осындай сезімдерді әңгіме, тақпақ, өлеңдер, ойындар мен ертегілер арқылы бала бойына қалыптастырамыз. Балабақшамызда тәрбие ұйымының басшылары мен тәрбиешілер, педагогтар қауымы кәсіби шеберліктерін үнемі шыңдап, білімін жетілдіруге жүйелі көңіл бөліп, ұжымның шығармашылық бағыт-бағдарын айқындап, оны жүзеге асыруға белсенділікпен атсалысып отырады. Денсаулығы мықты елін, жерін сүйетін, тілін ата-салтын құрметтейтін білімде де тәрбиелі ұрпақ өсіру үшін салауатты өмір салтын ұстану дәстүрге айналдырудамыз. Жас бүлдіршіндерді ізгі тәрбиемен сусындатып отырған педагог қызметкерлеріміздің еңбегі ересен. Әр баланың бақытты болуға құқығы бар. Осы құқықтарды сақтау-барша ұстаздар қауымы мен ата-аналардың міндеті. Осындай ізгі істерді жаңартып, жетілдіру үшін балабақшамызда еңбек етуге толық жағдай жасалып, тәрбие мен білім берудің жаңа технологияларын сауатты меңгеріп, жаңа педагогикалық әдіс-тәсілдер жүйесін кәсіби шеберлікпен игеру. Оны тәжірибеде пайдалануға шығармашылықпен үлес қосып отырсақ, тәрбие мен білім сапасы артатыны сөзсіз деп ойлаймын.

Айгүл БЕКБЕНБЕТОВА

«Ақ желкен» санаторлық балабақша тәрбиешісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы