ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІНІҢ ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНА ТИГІЗЕР ПАЙДАСЫ МОЛ

986 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған үндеуінде әр саладағы өзекті мәселелерді қозғап, еліміз үшін маңызды бірқатар тапсырмалар берді.

Қоғам дамуының өзегі болып саналатын білім саласы да қалыс қалған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы білімге қолжетілімділікті арттыруға басымдық берілетінін ерекше атап өтті.

Президент Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің де атқарар міндеттері аз емес, әрине. Бірінші кезекте сауатты мектеп мұғалімдерін даярлау мәселесі тұр. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды біршама уақыт бұрын бастап кеткен болатынбыз. Қазіргі кезде университетімізде оқып жатқан білімгерлердің басым көпшілігі (30 %) педагогикалық мамандықтарда оқиды. Сондықтын осы білім беру бағдарламаларын қайта қарап, олардың сапасын көтеру, заманауи талаптарға сай ету – біздің негізгі мақсаттардың бірі.

Халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында да жұмыс істеп жатырмыз. Әсіресе, халыққа медициналық қолдау көрсетілуде. Университет қарамағындағы клиника-диагностика орталығы бүгінде Түркістан қаласы азаматтарының игілігі үшін қызмет етіп келеді. Тек ол ғана емес, оқу орнымыз тарапынан халыққа пайдалы тың жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Ана жұрттан – ата жұртқа денсаулық көпірі» жобасы. Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (ТИКА) бірлескен жоба аясында университет клиникасы заманауи стандарттарға сәйкес жаңғыртылады. Айта кетейік, жоспардың бір бөлігі орындалып, жақында ғана ТИКА біздің емханаға қаржылай көмек көрсетті. Бұл – емделушілерімізге сапалы қызмет көрсетуімізді одан әрі дамытады. Сондай-ақ, 2022 жылдың маусымына дейін Түркиядан 45 жоғары санатты дәрігердің келуі жоспарланған. Жоба аясында дәрігерлердің бір тобы келіп, қала тұрғындарын тегін қабылдап, емдеп кетті.

Университетте осындай білікті медицина мамандарын даярлау үшін студенттерімізге шетелдік білім мен тәжірибені таныту ісін қолға алдық. Бүгінде Түркияның жетекші Гази университетімен бірге «Медицина» қос дипломды білім беру бағдарламасы әзірленіп, сараптамадан сәтті өтті. (Енді бұл бағдарлама бойынша бітіріп шыққан түлектеріміздің дипломы бізде де Түркияда да мойындалады). Алдағы уақытта «Туризм», «Халықаралық қатынастар» және «Теология» мамандықтарын да қамтимыз деп отырмыз.

Президент үндеуінде техникалық мамандықтарға баса назар аудару керек екенін айтты. Университет бұл бағытта да нәтижелі істер атқарып келеді. Стратегиялық жоспарымызда Инженерия факультетін одан әрі дамытып, білім беру сапасын көтеру міндетін алдымызға қойдық. Өйткені, өңірлерде техникалық мамандарды даярлау кезек күттірмейтін мәселе.

Осы орайда, стратегиялық жоспар негізіндегі істер нәтижелі бастау алғанын атап өтеміз. Мәселен, Инженерия факультетінің базасында Huawei компаниясымен бірлесіп құрылған жаңа форматтағы Huawei ICT Academy зертханасы ашылды. Зертхана ІТ, цифрлық технология және телекоммуникация саласында жоғары білікті маман даярлауға мүмкіндік береді. Болашақта студенттерімізді Huawei компаниясының Қазақстандағы штаб-пәтері базасында және серіктес компанияларының филиалдарында тұрақты тағлымдамаларға жіберу жоспарлануда. Бұдан бөлек, университетіміз былтыр Түркияның техникалық бағыты бойынша ең алдыңғы қатарлы Йылдыз техникалық университетімен меморандумға отыр-ды. Ынтымақтастық оқу орнымызда техникалық, инженерлік мамандықтар-ды дамытуға жол ашты. Өзара келісім аясында «Ақпараттық технологиялар» және «Электроэнергетика» мамандықтарын қос дипломды білім беру бағдарламасына жеткізу жоспары бар. Сонымен қатар, «Электроэнергетика» бағыты бойынша Қазақстандағы осы саланың үздіктерінің бірі саналатын Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетімен ынтымақтастық құрылып, келісімшарт жасалды. Оның аясында оқу бағдарламаларын көтеру жұмысы жанданады. Айта кетерлік жайт, қазіргі уақытта Халықаралық қазақ-түрік университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті және Йылдыз техникалық университеті бірігіп, жаңа оқу бағдарламасын әзірлеп жатыр.

Өңірдегі үлкен кәсіпорындармен серіктестік нәтижесінде техникалық сала мамандарын даярлау моделі дайындалды. Ендігі кезекте, сол модельге сай білім беру бағдарламаларының сапасын көтеру жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысының әкімдігімен бірге бірнеше жобаны қолға алу жоспары бар. Олардың бәрі Мемлекет басшысы тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған. Мәселен, кәсіпкерлік және электронды сауда курстарын ұйымдастыру, тігіншілік, кесте және қолөнер шеберханасын құру, ақпараттық технологиялар (IT) және информатика курсын өткізу сынды жұмыстар күтіп тұр. Сондай-ақ, роботтық техника кодтау; дәнекерлеу бойынша оқу шеберханаларын, FABLAB оқу зертханасын құру және т.б жобалар жүзеге аспақ. Мұның бәрі өңірімізде техникалық сала мамандарының қатарын көбейтуге, оларды жұмыспен қамтуға оң әсерін береді.

Президентіміз үндеуінде елде шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашуға тапсырма берді. Оның екеуі техникалық бағыттағы университет болмақ. Бұл шешімнің бізге де тигізер пайдасы зор. Әлемге танымал университеттерге қарап бой түзеп, бәсеке қабілеттілігімізді арттыру мүмкіндігі туып отыр.

Оқу орнымызда жыл сайын білім беру бағдарламалары бойынша академиялық аудит өткізіледі. Биылғы аудит кезінде әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттеріне бенчмаркинг жасап, өзіміздегі мамандықтардың сапасын жақсарту жолдарын анықтап жатырмыз. Сондай-ақ, университетіміз Түркі әлемі университеттері Одағына төрағалық жасағандықтан, түркі дүниесіндегі барша мықты тәжірибені Қазақстанға алып келуге толық мүмкіндігіміз бар. Лабораториялық базаны, кітапхана базасын күшейту жұмыстары да шетте қалмақ емес. Көпсалалы университет ретінде атқаратын жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Бізді іргелі істер күтуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде мемлекетіміздің жаңа кезеңі басталғанын айтты. Бұл жолда еселеп еңбек етуіміз керек. Бұл – әрбіріміздің азаматтық борышымыз!

Жанар ТЕМІРБЕКОВА,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы