ЖАҢА ТЕАТР – ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАҢА МӘРТЕБЕСІНЕ САЙ ӨНЕР ОШАҒЫ

3  943 көрілім

Түрленген Түркістанда бірқатар жаңа мәдени-рухани ордалар бой көтерді. Солардың бірі Түркістан музыкалық драма театры. Алғашқы премьерасы аншлагпен өткен театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасаровамен сұхбаттасқан едік.

– Айнұр ханым, Түркі дүниесінің рухани орталығы атанған жәдігер шаһарда жаңа театрдың ашылуы қоғамда резонанс туғызды. Бұрында да өз театры бар көне де жаңа қала үшін бұл бір мәдени серпіліс болғандай. Жалпы, түркістандық көрермендер үшін жаңа театрдың берері неде? Ерекшелігі қандай?

– Халқымыз баланың азамат болып жетілуі, тұлға ретінде толысуы оның тәрбиесінен, бесігінен дейді. Осынау киелі бесік іспеттес рухани орталықтың негізі бүгінде жәдігер шаһарда қаланып жатыр. 2018 жылы қалаға облыс орталығы мәртебесі берілгенде қаулы қабылданып, көне қалаға жаңаша келбет берер мәдени нысандар көптеп салынды. Тарихы терең Түркістан шаһары жаңа тұрпатта көркейіп, зор қарқынмен дамуда. Оны көре білу керек.

Өздеріңіз білесіздер, мамыр айында Елбасы Н.Назарбаев келіп театрымыздың тұсауын кесті. Ашылу салтанатына қатысып, ұжыммен кездесті, театрдың бағыт-бағдары туралы ойын айтып, ақ батасын берді.

… Иә, театр туралы сөз болғанда осында 90-жылдардағы қиын кезде Алматыдай әсем қаланы тастап, туған жеріне келіп, шәкірт тәрбиелеп, театр ашқан Р.Сейтметов туралы айтпай кетуге болмайды. Түркістанда тұңғыш театр өнерін қалыптастырған, із қалдырған сахна саңлағы Райымбек ағамыздың еңбегі ерен. Алғашқы премьерамызда басты рөлдердің бірін Р.Сейтметовтің шәкірті Ержан Нұрымбетов ойнады. Ержанның сондай талантты сахна саңлағының тәрбиесін алғаны көрініп тұрды.

Бізге осы театрды басқару жөнінде ұсыныс түскен кезде көп ойландық. Қазақта: «қанжығаң көтере алмайтын нәрсеге қол салма, көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар. Десек те, өнер саласында тәжірибе алмасудан өткеніміз, бұған дейін азды-көпті жасаған дүниелерімізді ескеріп «Керегесі қағылып жатқан өнер ордасына жаңашылдық, тың бағыт алып келулерің керек. Рухани қаламызды биік мәдени деңгейге көтеруге қызмет етіңіздер» деп басшылықтан сенім білдіріп, ұсыныс түскен соң келісім бердім.

… Мұнда маған алғашқы келген күннен бастап ұнағаны жан тыныштығы. Киелі мекен деп текке айтылмағандай. Алғашқы премьера кезінде қарбаласты болды, уақытпен санаспай жұмыс істедік. Театрға алғаш келген бір көрермен көзіне жас алып, қатты толғанды. Біз ол апайдың сөзін жазып алдық та. Осылай, жергілікті халықтың жылы күтіп алуының өзі бізді серпілтті, жігерлендірді. Осындай көне, тарихы терең шаһарда жаңа тұрпаты шаһардың қайта өрлеуі еліміз ғана емес, түркі әлемі деңгейінде мәні зор бағдар, бір спектр болып отыр. Біздің театрымыз «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деген мәртебесіне сай өнер ордасы болады. Театрдың басты ерекшелігі осында.

– Театрдың бағыты, мақсаты туралы айтып өтсеңіз…

– Қазір нарық бізде шамадан тыс толы: теледидар, интернет, YouTube желіcі т.б. Адамдардың көретін дүниесі көп. Бірақ нарықтың өз заңы бар. Бәсекелістікте жол табу керек. Мысалы, сырттан келетін туристерді айтпағанда, өзіміздің базбір көрермен (жастар жағы) тарихи дүниелерді қабылдамауы мүмкін. Қайтпек керек? Біз, әлбетте жаңа мультимедия технологиясын енгізе отырып, креативті дүниелерге құлаш ұрдық. Президент Қ.Тоқаевтың «Креативті индустрия» деген бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама текке жасалып жатқан жоқ. Өйткені, уақыт талабы өзгеріп жатыр. Толассыз ақпараттық тасқын, ақпараттың ұшқырлығы адамның қабылдауына өзгеріс енгізіп жатыр. Күннен күнге театрлар өзгеріске ұшырауда. Бұл бір жағынан қиын, екінші тараптан оны қабылдамасқа болмайды. Experinse деген термин бар шетелде. Эксперимент жасау арқылы көптеген театрлар жаңа бағытқа жол салып жатыр. Біз де сол Ресейдің озық театрларының, жақын шетелдік режиссерлердің тәжірибесін қарадық. Ресейде де, Еуропада да бізге қарағанда театр есіктері бұрынырақ ашылғаны белгілі. Сондықтан да солардың тәжірибесіне жүгініп, жаңа форматтағы, эксперименттік бағыттағы театр жасауды қолға алып жатырмыз. Бұл өнер ордасының ерекшелігі және концепциясы – перформативті театр атануында. Яғни, қазақстандық қана емес, түркі әлеміне ортақ мемлекеттердің актерлері де келісімшарт негізінде осында жұмыс істей алады. Жаңа технология мен тарихты ұштастыра отырып эксперименттік бағытта біз «Бөрте» қойылымын қойдық. Белгілі драматург Д.Исабековтің «Бөрте» пьесасын алып, 2 жылға келісімшарт жасастық. Екі жылға дейін ешбір театр бұл шығарманы сахналамайды. Бұл пьесаны жаңаша бағытта қою үшін эксперимент элементтерін қолдандық. Мультимедия технологияларын қолдана отырып, ерекше эффектілер беруге талпындық.

16-18 желтоқсан күндері Т.Ахметжанның «Махаббат мұнарасы» атты драмасының премьерасы өтті. Біз «Бөртені» қолға алғанда оның Қоңырат тайпасынан екенінен хабардар болғанымызбен, оның осы өңірдің тумасы, яки қоңыраттардың көбі Түркістан аймағында тұратынынан бейхабар едік. Алланың өзі Д.Исабеков ағамызды жолықтырып, нәсіп етті де ол қойылды. Осыдан 2 жыл бұрын Мәскеудегі «Современник» театрында тұңғыш рет «Фаризаны» сахналағанда Ф.Оңғарсынованың 80 жылдығына дөп келіппіз. (Кейін ол Астанада, Алматыда қойылды). Т.Ахметжанның осыдан 10-15 жыл бұрын «Сұлу мен суретші» атты академиялық театрда қойылған шығармасы бар. Өзімізге ұнағандықтан режиссер Нұрқанат Жақыпбайды шақыртып, қойғыздық. Басты рөлде Нұр-Сұлтандағы Жастар театрының директоры, белгілі актер Әділ Ахметов ойнады. Сезім сырын жеткізген қойылымда би де, опера элементтері де бар. Швейцарияда тұратын талантты музыкант Эльдар Сапараев 400 жылдық тарихы бар виолончель аспабымен қойылымға сән берді.  Жаңаша заманауи өрнекпен сахналанған бұл қойылымды көрермен жылы қабылдады. Премьера Талаптан Ахметжанның 60 жасқа толуына тура келді. Сәйкестік дейміз бе? Қалай десек те, бұл Алланың үлкен нығметі, қайырын бергені деп түйдім.

– Театр труппасы, актерлік құрам, режиссерлер туралы айтып өтсеңіз…

– Театр труппасы жас актерлерден тұрады. Біз бірнеше қалада кастинг жарияладық. Кастингке 600-дей әртіс қатысып, содан актерлерді іріктеп алдық. Солардың бірі кеше премьерада басты рөлді сомдаған актриса Айя Шәріп. Труппадағы актерлер кешегі қойылымдарда Шыңғыс ханның інілерін, 4 баласын, жас меркіттерді ойнады. Сахнада қойылған соғыс картиналарына балет әртістері өздерінің биімен қатысты. Мол технологиялық мүмкіндіктерді қойылымдарға пайдаланып жатырмыз. Бұл жұмыстардың барлығы мамандар арқылы жүзеге аспақ. Біз Астана, Алматы қалаларынан, республиканың әр өңірінен талантты жастарды: сценографтар, хореографтар, актерлерді тартып жатырмыз. Берісі Қырғызстан әрісі Ресей, Австриядан келіп жұмыс істеп жүр. Музыкалық жетекшіміз талантты, керемет туындылар жазып жүрген композитор Хамит Шанғалиев. «Бөртенің» музыкасын жазды. Басты рөлдерге үлкен қалалардан актерлер шақырдық. Бұл үрдіс әлі де жалғасады.

«Бөртені» қоюға белгілі италиялық режиссер Давиде Ливерморе (Davide Livermore) шығармашылық тобымен бірге шақырылды. Ла Скала, Реджо, Сан-Карло, Рим сахналарындағы қойылымдары арқылы әлемге танылған режиссер. Театрымыз эксперименттік бағытта болғандықтан бір режиссермен жұмыс істемейміз. Концепциямыз солай бекітілген. Еліміздің театрларынан да, шетелдік режиссерлерді шақырып қойғызамыз. Шетелдік режисерлерді әлі де шақырамыз. Біздің үйренеріміз көп. Өнерде шекара жоқ, өнер тілі – әмбебап тіл. Шетелдік режиссерлерді шақыруымыздың негізі бар. Шетелдік режиссерлерді шақыру арқылы тәжірибе аламыз, шеберлікті шыңдаймыз. Одан тыс шетелге біздің театрды таныту, Түркістанды таныту сияқты үлкен мақсаттарымыз бар.

– Алғашқы премьерадан кейін көпшілік көрерменнің театр билеттерінің бағасына қатысты назы болды. (Атап айтқанда, бағасы 25 мың теңге тұратын билеттер туралы). Алдағы кезде билет бағасы арзандамай ма?

– Жалпы, алғанда билеттер қатты қымбат емес. «Тикетон» сайтына кірсеңіз билет бағасы 1500-2000 теңгеден басталады. Ал 25 мыңға келсек, ол сол соманы көтеретін туристерге, қала қонақтарына, өз кумирлерін көруге асыққанда бағасына мән бермейтін көрермендерге арналған.

Біз өткенде Нұр-Сұлтан қаласында гастрольдік сапармен барып «Бөртенің» премьерасын астаналықтарға қойып қайттық. Билеттер 2000-нан басталып, 25000 теңге аралығында болды. Қазіргі індет жағдайына байланысты 550 орындық залдың 350-іне ғана рұқсат етіледі. Сол 350 билеттің 30 орнын ғана 25 мыңнан белгіледік. (Бар болғаны 10 пайыздай ғана. Онда да тек қана премьераға). Билеттер түгел сатылып кетті, тіпті кассаға келіп 50 мыңнан 100 мыңға екі билет тауып беріңіз, деп келген көрермендер де болды. «Бөртені» көруге Астана, Алматыдан көрермен келіп жатыр. Арнайы осы спектакльді көруге бола елдің басқа өңірінен келіп көріп кетеді. Бұл деген ғажап емес пе?! Оны мен Instagram парақшамда салып жүрмін. Өткенде екі күн «Тикетон» техникалық ақаулықтарға байланысты жұмыс істемей қалды. Сол күндері желіде хабарласқан көрерменнің тоқтаусыз сұрағынан менің инстаграмым «жарыла» жаздады. «Біз ертерек билет алуымыз керек, одан соң Түркістанға жетудің жолын қарастыруымыз керек. Неге «Тикетеон» істемейді? деп сұрақты жаудыртып жатыр. Мұның бәрі театрға деген зор сұранысты аңғартады. Міне, осы тараптан қарағанда, оған жұмсалған қаншама еңбек пен төгілген терді есептегенде билет бағасы әділ деп ойлаймын.

– Бас қалада өткен гастрольдік сапарларыңыздың аншлагпен өткендігінен әлеуметтік желідегі көрермен пікірінен һәм медиадан хабардар болдық. Алдағы кездегі жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Нұр-Сұлтан қаласындағы гастрольдік сапарымыз сәтті болды. «Бөрте» премьерасы аншлагпен өтті. Билеттерге сұраныс жоғары болды. Театр әкімшілігінің рұқсатымен студенттер мен жастарды біз текпешектерге де отырғызуға мәжбүр болдық. Көрермендер қойылымнан соң, әлеуметтік желі арқылы да ыстық ықылас, лебіздерін білдіріп жатыр. «Неге екі ақ күн қойылды?, дегендер де болды. Бірақ ол театрдың да өз жоспары, репертуары бар. Кейде қатты тойып кеткеннен, аздап тоймай қалған, тәтті дәмнің ауызда қалғаны да дұрыс қой. Сол сияқты «Бөртені» көре алмай қалған нұр-сұлтандықтар Түркістанға келіп жатыр. Мұның бәрі Алланың бізге берген мүмкіндігі, сыйы, екіншіден әулие бабамыздың желеп-жебеуі, сосын осында жасалған үлкен еңбектің жемісі деп ойлаймын.

Қазақта: «арық айтып, семіз шық» деген сөз бар. Жоспар көп. Оның көбі қаржыға, уақытқа байланысты. Болашақтың еншісінде, әрине. Біз келесі жылға 2 пьесаға тапсырыс бердік. Екі-үш пьесаны сатып аламыз деп отырмыз.

Италияның Генуя қаласындағы Ұлттық академиялық театрынан шақырту алдық. Италия тарапы тур жасаймыз деп жатыр. Алла жазса, бірнеше қалаларын гастрольдік сапармен аралап қайтамыз деген жоспар бар. Жоғарыда труппа жас актерлерден құралғанын айттым. Біз әлі шаранасынан жаңа шыққан жас бала іспеттіміз. Тәй-тәй қадам басқан балдырған, тап-таза, сәби жүректі жас труппа. Бұғанасы қатпаған жас театр болсақ та үлкен жүкті, міндетті алып жүру бұйырды. Ол – қайта өрлеу үдерісін өткізіп жатқан жаңа Түркістанның руханиятына үлес қосу. Осы ретте қолдау танытқан жерлестерге, түркістандықтарға алғысым шексіз. Instagram желісі арқылы көптеген көрермендеріміз хабарласып ыстық ықыластарын білдіріп жатыр. Қаланың ақсақалдары, зиялы қауым, ел ағалары ризашылығын айтып, батасын беріп кетті. Осындай ниеті дұрыс, өнерді түсінетін, адамның еңбегін бағалайтын ел ағалары бар, өнерді сүйетін жастары бар Түркістан қаласының халқына бек ризамын.

– Айнұр ханым, әдемі де әсерлі әңгіме-сұхбатыңыз үшін рахмет. Сіздерге зор шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан:

Әтіргүл ТӘШІМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы