ІНДЕТ ДЕНДЕП БАРАДЫ, ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАЙЫҚ

1  534 көрілім

         Бүгінде әлем елдерін әбігерге түсірген жұқпалы дерт елімізде қайта күшейіп отыр. Оған себеп «омикрон» штаммының таралуы деп мамандар дабыл қағуда.Қазіргі таңда еліміздегі облыстардың басым бөлігі қызыл аймақта, тек Түркістан облысы сары аймақ қатарында. Қазақстанда тәж вирусының түрлі штаммы дендеп барады. Сонымен қатар, негізгі шаралардың бірі ретінде шектеу талаптары кезінде санитарлық талаптарды орындауымыз қажет. Халық көп жиналатын ірі сауда, ойын-сауық орындарына, той-думандар және басқа да көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шараларға облыстық бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес шектеулер енгізілді. Мұның барлығы – халықтың денсаулығы мен өмірі үшін жасалып отырған маңызды шаралар – деп түсінуіміз керек. Осы тұрғыда өңір аумағында эпидемиологиялық ахуалды білу мақсатында Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовке жолыққан болатынбыз.

         Басқарма басшысының мәлімдеуінше дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы 6 қаңтардағы деректері бойынша «Омикрон» SARS-CoV-2 штаммы әлемнің 126 елінде анықталған. 2022 жылғы 6 қаңтардағы толық геномдық секвенирлеу нәтижелері бойынша 8,3% – да «Омикрон» коронавирусының нұсқасы, оның ішінде: 7-уі Алматы қаласында және 1 жағдай Нұрсұлтан қаласында, 71,0% – Дельта штаммы, 16,0% – Дельта плюс, 4,7% – басқа штамдар анықталған. «Омикрон» нұсқасының ерекшеліктерін айтатын болсақ, жоғары жұқпалы, қайта жұқтыру қаупінің жоғарылауы, жағдайлардың санын екі есе көбейту уақыты – 2-3 күн, ревакцинация «Омикронның» ауыр түрлерінен қорғану деңгейін қалпына келтіреді, ауруханаға жатқызу және өлім деңгейін 70% дейін төмендетеді. Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде – 28 науқас короновирус бойынша ем алуда. Өңір бойынша «Омикрон» штамымен науқастар тіркелмеген. Қазіргі таңда, облыстағы медициналық ұйымдарда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың аса қажетті тізімі бекітіліп, 2 айлық резервтік қоры қалыптастырылған.

        «Омикрон» штаммының белгілерін айтатын болсақ, дене қызуының көтерілуі,  әлсіреу, тамақ ауыруы, бұлшық еттер мен буындардың, маңдайы мен самайының және басының ауырсынуы байқалады. Өңір бойынша 341 мобилды бригада және ситуативты орталықтар жұмыс жасайды. Вакцина – вирустың таралуының алдын алатын басты емдеу – профилактикалық шараға жатады. Ревакцинация «Омикронның» ауыр түрлерінен қорғану деңгейін қалпына келтіреді. Ауруханаға жатқызу және өлім деңгейін 70% дейін төмендетеді.

        Бүгінгі күнге дейін екпе егу бойынша жалпы І кезең 1046238 адамға және ІІ кезең 1032911 адамға вакцинация егілді. Коронавирус инфекциясына қарсы халықты вакцинациялау жоспарға сәйкес, I кезеңі толық қамтылған. Пфайзер вакцинасы I кезең қамтылуы – 113125, II кезең – 51 562 құрауда. Сонымен қатар, облысымызда қараша айының соңынан бастап ревакцинациялау мерзімдерін ескере отырып, медициналық ұйымдарда тиісті контигенттерге ревакцинациялау жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 66260 адамға ревакцинация салынды.

          COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге, жүкті әйелдер мен лактация кезеңіндегі әйелдерге профилактикалық егулер жүргізу үшін азаматтардың осы санаттарына «Комирнати» (Пфайзер, АҚШ) вакцинасы қолданылуда. Бұл ретте вакцинациялау мәселелері бойынша ата-аналармен немесе өзге де заңды өкілдермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижиесінде халықтын көпшілігі індеттен сақтанудың ең тиімді жолы вакцинациялану екендігін ұғынуда. Бүгінгі күні жасөспірімдер -98143, жүкті әйелдер – 6660 және емізулі аналар 7593 қамтылған.

Әрбір түркістандық тұрғын өздерінің қауіпсіздігі үшін енгізілген шектеулерге үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне де, жұртқа да қауіп қатер төндірмеуі керек, – деп ойлаймын. «Тәртіпке бағынған елдің ырысы мол болады» – дейді дана халқымыз. Қатерлі індеттің жаппай алдын алудың басты мақсаты вакцина екенін жұрт бүгінде мойындап отыр. Сондықтан барша түркістандық жерлестерімді екпе егуге асығуға шақырамын. Бұл әлемді шарпыған індетті тек қана вакцинация арқылы ауыздықтай алатын боламыз. Ендеше, сақтық саулықта екенін ұмытпауымыз керек.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы