Өміріңнің белгісін хатқа салдым…

545 көрілім

(Ұстазым Сапарбек Ергөбектің рухына бағыштаймын)

    Қуарған қарабарқын мен сояуланған жыңғылды дала аспанын сұрғылт бұлт қаптаған. Аңыраған «Арыстанды-Қарабас желі» сүйектен өтеді. Шәуілдірдің бір бүйіріне тығылған Темір ауылының күншығыс қапталында көлбей жатқан төбе бар. Сайрап жатқан қара жол бізді төбе басындағы қалың зиратқа жеткізген. Жер астынан шыққан сары топырақты жел кептіріп, күн мұжыған. Кеше ғана ортаңды ордалы елдей толтырып жүретін кісінің соңында қалған сағана осы бейіт десе кім сенер?! Оны өлді деуге құлыптастағы жазулар ғана қияды, бірақ, ол тас қой, ет жүрек ешқашан қимайды екен… Әуеде қалбалақтап жалғыз қарға ұшып бара жатыр, ұясын табар, кеудесіндегі шыбын жан құсқа айналып, мәңгілікке самғаған адам баласы ошағына қайта оралар ма екен?! Сыңсыған ақшеңгелдің үніне құлақ түрші?! Арманда кеткен арудың моласына көктеген ақшеңгел «өлім жоқ» деп тұрған жоқ па?! Аяулы ұстазбен енді қайтып дидар ғайып жоқ болғанымен оның рухы сағынышқа толы елжір жүрегімізде жүреді екен…

    Ол кісі өзі жақсы көретін қайраткерлердің бірі – Тұрғыт Өзал көшесінде тұратын. Ағайды алғаш осы көшеде көрдім. Жол бойындағы «Түркі тілдес халықтар кітапханасынан» шығып келе жатқанбыз. Оқуға жаңа түскен маған бір жылдан бергі түйіп-білгендерімен бөлісіп, кафедрадағы ұстаздарды таныстырып келе жатқан жерлесім Мадина: «Сапарбек деген ағай бар, керемет абзал жан, ұстаз тұтсаң өкінбейсің!» – деп айтқаны сол еді қарсы алдымыздан бурыл шашты, кесек пішінді, жылы жүзді адам басын изеп, күлімсіреген қалпы көк түсті Nexia көлігімен өте шықты. Соңында жеңіл көтерілген шаң қалды. Сөз етіп келе жатқан ағайының осы кісі екенін айтқызбай сездім. «Жақында ғылыми конференция болады, жетекшіңе ағайды талда», – деп ескертіп қойды.

Ертесі іздеп барған мені бірден танып, құшағын жайып қарсы алды. «Сен кешегі бала емессің бе? Бәрекелді, екеуіңнің маңдайларыңнан жарасқан жұлдызды көрем!» деді мейірлене күліп. Кімді меңзеп тұрғанын білем, бірден бұндай сөзді күтпеген менің екі бетім ду ете түсті. Ұстазым болуға пейілін берсе шәкірті болғым келетін бұйымтайымды айттым жасқана. «Сендер жазатын тақырып толып жатыр ғой, біз әдебиеті ту-талақай болып шашылып кеткен елміз. Тырнақтап жинау мойындарыңда. Арғы беттегі қазіргі әдебиеттің ауаны қалай екенін білмеймін. Қолыма түскен төте жазудағы кітаптарды оқып тұрушы едім, қазір ол да үзіліп қалды. Сен сол жақтағы жаңа шыққан ақындардың өлеңдерінен бірнешеуін алып кел маған. Сұранып тұрған конференцияңа содан артық тақырып жоқ», – деді.

Апта соңында кафедраға іздеп барып едім ағай жоқ екен, дайындап келген өлеңдерді тастап кеттім. Дүйсенбі күні сабақтан кешеуілдеп қалып, аптығып келе жатыр едім ағай дәлізден қарама-қарсы ұшыраса қалды. Мені көрген беті қауқылдап сәлемімді алып, қолымды қос қолдап қысты. Алақаны оттай ыстық, мейірге толы. «Сен маған жаңа бір көкжиек көрсеттің ғой, әкелген өлеңдеріңді түгел оқып шықтым», – деді бірден қуанғанын жасыра алмай. Ойланғанда көзін төңкеріп, болымсыз шалқаюшы еді. Сол ғадетімен ауыр бір тыныстап алды да: «Мұрат Әуес деген ақынның өлеңі толған күй ғой. Оқыған сайын сай сүйекті сырқыратар сарын бебеулейді. Баяғыда марқұм Тәкен Әлімқұловтың әңгімесін оқығанда осындай сезімге бөленуші едім. Сендерге айттым ба білмеймін, ол кісіні соңғы рет бір асханадан көрдім. Лағман мен шай алды да, үстелге отырмай состиып тұрды. Бір нүктеге қадалып, сағатқа жуық ойсоқты болып аңырған қалпынан айнымады. Алған тамағы да ішілмей қалды. Құлағын анда-санда әлденеге тігіп, елеңдеп, көзін жұмып, бірде тістеніп, кейде түксиіп ұзақ тұрғаны есімнен кетпейді. Енді ойласам сонда құлағына көктен күмбірлеп күй құйылып тұрған екен ғой. «Саржайлауды» жазған, тұтас бір бағы тайып өтіп бара жатқан көшпелі дәуірдің қайғысын бойына сіңіріп, оны қағазға түсіру аза жыр оқығанмен бірдей емес пе!? Оның үстіне Тәттімбет пен Сүгір күйінің тілін қанық түсінген ғой Тәкен, ол мың батпан шер сыйламайды деп кім айтады?! Қайран Тәкенді қазақ күй түсінсе сол кезде жүйке аурулар қатарына қоспас па еді! Жә, бірді айтып бірге кетеміз, айтпағым, Мұраттың «Қаражон бәйіттері» мен «Тегерек термелері» атты циклдері алпыс екі тараулы қосбасардың сөзбен салынған суреті секілді екен. Алпыс екі тараулы күйді толық тыңдамадық қой, десе де, көнеден жеткен аңызды естігеміз. Мына өлеңдер де солай Қаражондағы қазақы өмірдің оты маздап, тірлігі қайнаған мезгілі мен базары тарқап, көшкен елдің жұртындай көңілдің құлазыған  шағын жалғаған, кемсеңдеген көңілге басынан кешкен ащы-тәтті бар дәуренді айтып беріп басу айтқан тұтас тараулы күй екен. Ал, Ділмұрат Жұмақан деген ақынның «Алдаспан» атты өлеңін оқыдым. Кемпірбай «Кеудемнен көгала үйрек хош деп ұшты» деп текке айтпаса керек. Меніңше ол – жырдың киесі. «Бақыт құсы басына қоныпты» деген бар ғой, Ділмұраттың кеудесінен жыраулардың бойындағы жыршы құс сайрап тұр. Ақтамберді, Доспамбет жыраулардың рухы тіріліп келгендей қуанып, қаным тулап оқыған өлең болды. Үшінші ақын – Өркен Салубайдың өлеңі өзі айтпақтай «Әлмисақтан да ары, уақыттан да ескі» екен. Күлтегін жырындағы мәтіндер есіме келді. Көптен бері бір ой мазалап жүруші еді. Осы біздің қазақ поэзиясының қалыптасу тарихы туралы жүйелі еңбек жоқ. «Қазақ жазба әдебиетінің ірге тасын Абай қалаған» деген Кеңестің идеологияның сеңі әлі бұзылмай келеді. Күлтегін құлыптасындағы мәтіндер өлең емес деп кім айтады?! Содан бермен сабақтап, жүйелесе әр дәуірдің өзіндік қолтаңбасы шығады. Өлеңнің құрлысы халықтың болмыс-бітіміне қарай өзгеріп тұратын секілді. Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұнның еңбектері тынып аққан өзен, шалқып жатқан көл секілді. Оған асығып-аптығуға келмейді. Ақырындап оқып құйына батасың, сабырға, байсалдылыққа өзі-ақ шақырады. Ал, жырауларды сағыздап отыруға келмейді, өлеңнің өзі-ақ өрттей қаулатады. Жыраулар дәуірінің сүзіле бастағанынан кейін келген ақындардың өлеңі туралы енді ойлап көр?! Солай, өлеңге «реформа» жасау деген көбік сөз, формасын күштеп өзгертуге келер, десе де заманның толқыны тудырған ырғағына үңілетін сендер! Жә, әңгімеге айналып бір қауым уақыт өтіпті, жұмысыңды бастай бер, құдай жазса жақсы еңбек шығады…» деп қара портфелін қолтығына қысып жүріп кетті.

    Иә, ол кісі ақжарма еді. Пейілі түсіп, көңілі қаласа жолындағының бәрін қайырып қойып сол әңгіменің шүңетіне бойлап, жаны рахаттанып ұзақ айтушы еді. Сол жолы да кемі шай қайнатым көсіліп сөйледі. Сабақ әлдеқашан басталып кеткен. Ағайдың шығарманың ішінен шығарма табатын шеберлігіне сүйсініп, жан дүнием төңкеріліп қала берген едім…

***

    Оңтүстіктің аптап ыстығы, аңызақ желі басталып кеткен…

    Сапар ағайдың үйіне шөлден қаталап, қаңырығымыз түтеп зорға жеттік. Ол кезде біздің жатақхана Қазыбек би көшесінде еді. Ақан сері көшесін көктей өткенше шекемізден күн өтіп, ілбіп қалдық. Алақандай көлеңке табылса көзі қарауытып келе жатқан аш студенттер жата кеткісі келеді. Қасымдағы екі жолдасымның қабағы кіржиген. Оларды «Сапар ағайдан оқып тұруға Тұрсын Жұртбайдың қос томдық «Дуылғасын» алып едім, соны қайтарып келейікші» деп қиылып ертіп шыққан мен едім, енді өзімді кінәлі сезініп келем. «Әй, шіркін-ай, ағайдың үйінде мұздай көже болса ғой!» деп ернімізді қайзаймыз.

    Есік алды абыр-сабыр, абың-күбің. Ауылдан туыстары келіпті де ағай білек сыбанып қонақ күтіп жүр екен. Бізді көріп қалбалақтап, қуанып қалды. «Жүр, жүр, үйге кіріңдер»,- деп қыстап еді бірінші курстың жасық студенттері топты кісінің арасына еніп кетуге батылы жетпеді.

– Ә, онда сәл кідіріңдер, қуыс үйден құры шықпай, – деп төр бөлмеге қарай өтті.

    Ішімізде ит ұлыған біздің жанарымыз да болымсыз сәуле жарқ ете түскені рас. Еламанның кеше қас қараймай тұрып жасаған макароны бір қаупалақтағаннан аспаған.

– Мынау таза өзіміздің ауылдың шұбаты мен айраны, алыңдар, ас болсын айналайындар! – деп ағай қолындағы бүйірі қампиған қос дорбаны бізге ұстатты.

    Үйден көп ұзағамыз жоқ, дорбаны дереу ашып жәукемдей бастадық. Тоңазытқыштан жаңа алып, кертіп тураған қазы-қарта, бауырсақ… жылы-жұмсақтың бәрін салыпты. Шұбат тіл үйіріп, мұздай айран таңдай жарғанда достарымның көзі күлімдеді. Келгендеріне дән риза сияқты. Өзек жалғап, ар жағымызға ел қонған біз осы бір талдың түбінде ұзақ отырып едік…

    Сол сәмбі талдың түбінде әлі тұрмын. Осы жолғы жетелеп жеткен жол  басқа. Үзеңгілес достарым қиырда, біз іздеп келетін ағайымыз ауылдың дәмін алдымыздан аңқалаңдап  алып шықпайды. Бір кездері үш қара сирақ студент түбіне келіп жүрек жалғағанын бұл тал да ұмытпаған шығар. Иә, табиғат бәрін есінде сақтайды, ұмыт қалтырмайды. Түркістанның қалың қарғаның қарқылымен аппақ тұманға оранып ататын таңында, мұңлы, сырлы, бұйығып жататын көшелерінде, тым ескі, жел мұжыған кесене, қорғандарында ең бір ыстық елестер қалды. Кеудең сағынышқа мелтектеп толған шақта сол өткен күндерге саяхат жасайсың. Жаңбырдың тырсылы естіліп, хош иіс танауыңды жаратын алыс жылдардың  арасынан мейірлене күлімдеп Сапар ағайың қарап тұрады. Сен сол кісімен бірге кешкі мұнарға бөккен шәр Түркістанды бірге қыдырасың… Ол кісіні үйіне ұзатып салып, теңселе басқан жүрісіне қарап тұра бересің, тұра бересің…

***

    Университеттің кітапханасының алдына қаңтарып қойған көк түсті Nexia көлігінің есігін ашып жатыр екен деймін. Шашы бурыл тартып, толқынданып кетіпті. Тұлғасы тіптен зорайып көрінеді. Жүгіріп барып, ту сыртынан дауыстай сәлемдестім. Бір қолымен есікті ашып тұрып, маған толық денесімен бұрылып қарады. Айналаға жап-жарық шуақ шашылғандай болды. «Әй, балам, сен неден алаңдайсың, жазам деген дүниеге тәуекел деп бірден кірісу керек. Кейін бәрі кеш болады. Мені үлкен кісілер шақырып жатыр, жүре берейін» деп терең жымиып есігін жапты. Оң қолын көтеріп бұлғады да, машинасын шегіндіре айландырып жүріп кетті…

     Мен ағайды осылай көргенімді досыма айттым. Ол менің бетіме таңдана қарады.

– Құдай-ау, Сапар ағайдың аттанып кеткеніне бес ай болды емес пе!…

    «Мен анамның құрсағында жатқанда әкем қайтыс болады. Шешем байқұс көп жапа шегіп, миханат тартты. Заманның да қысылып, тарайып кеткен кезі. Соған қарамай бізді қолтығына қысып, аузына тістеп өсіріп, ел қатарлы азамат қылды ғой. Бір күні шаршап-шалдығып, әлденеден тауы шағылған кезі болса керек әкем түсіне кіріпті. Қыстың күні, атқа шана шегіп, қар басқан маң далаға қарай кетіп бара жатыр екен. Бір заманда соңына бұрылып шанада отырған шешеме қарап зекіпті. «Түс, қал, сен кетсең балаларға кім қарайды, асықпай бар!» деп ұрсып-ұрсып түсіріп кетіпті. Адамға алдын-ала сәуе беріп ата-баба аруақтарының өзі жетелеп кетеді ғой. Бұл дүниенің хикметі шексіз» деп күрсіне беріп еді. Кітапхананың төртінші қабаты. Күн қып-қызыл болып ұясына кіріп бара жатқан. Батар күннің алқызыл сәулесі жүзін тіпті де нұрландырып, ескінің көзіндей, ертегінің ақсақалдарындай көрсетіп еді. Анау Қаратаудай қарт көкірекке бәріміз еніп кеткіміз келіп, әңгімесін ұйып тыңдап тұра бергенбіз…

***

    2019 жыл. Мамыр айы жаңа туған. Қаратаудың масатыдай құлпырып, табиғаты тамылжыған мамыр шағы.

    Ащысайға барып қотарылып көліктен түсіп жатырмыз. Іргемізде сылдырап аққан бұлақ, жағасын шоқ-шоқ біткен бақа тал көмкерген. Көңілі марқайған группаластар текемет төсеп, су тасып, отын теріп әбігер. Біз істейтін шаруа отын шабу мен ошақ қазу аяқталғасын Сапар ағайдың қасында болдық. Төбемізден төніп тұрған жақпар-жақпар тастарға қарап, керімсал даланың тұнық ауасын құшырлана жұтып, әңгіменің тиегін ағытып еді…

    Нағима апай самаурынға шоқ салып жатыр. Будақтап шыққан түтін мынау меңіреу өлкеге жан бітіргендей. Қаратаудың құшағында мәңгі ұйқыға кеткен ескі елестер, бағзы замандар бас көтеріп тірілгендей. Тау-тастың кеудесі күңгірлеп тіл қататындай. Құдды бір ғайыптан перінің ауылы келіп қонғандай, мынау бір будақтап ұшқан көк түтінді сағынып қалыппыз. Бізге қарай ұшса екен деп тілегендей жүзімізді аңсай тосамыз. Әркім алыста қалған ауылының өмірін әрқалай сағынады… Ағайдың кеудесінен өткен күннің ұмытылмас естемелері атойлап шыққандай жанарына қаймыжық жас толды. Балалық шағы қалған сонааау жатқан Сыр бойындағы ауылы қайта-қайта тіл ұшына орала берді. Қаратау көкірегіндегі беріш болып қатқан жараның аузын тырнайтын секілді. Осы тауға шықса қазақтың қаралы тарихы жадында парақталып, Қаратаудың басынан боса асқан көштердегі бұйдасын бос салған тайлақтың боздаған үні құлағына жететіндей… Кілең қанды кешу, есе кеткен тар заман, аңғалдық орға жығып, қапы кеткен тарихтың талай-талай шерін сапырды… Қоясын ақтарды…

    Түс қайта біз тауға шықтық. Сапар ағай мен Нағима апай қарсы бетке көтеріліп, қожыр-қожыр тасқа жармасып бара жатқан шәкірттерінен көз алмай қарап отырды. Анда-санда еміс-еміс айғайы естіледі.

    Ұстаз деген сол, шәкірттерін шыңға өрмелетіп қойып өзі алыстан барлап, бағып, жол нұсқап отырады. Үнсіз мейірін төгіп, айтпай-ақ елжіреп сүйе біледі екен…

***

    2019 жылдың 10 желтоқсаны.

    Біздің кафедраның бар студенті мен ұстаздары жиналған кеш өтті.

     Соңғы курс болып үлгерген біз төрт жыл тәлім берген ұстаздар мен білім ордамызға алғысымызды айтып аттанып барамыз. Қайсымыз сөз алсақ та әңгіменің арқауы Сапар ағай хақында өрбіді. Төрт жылдық азды-кемді студенттік ғұмырда естен көшпес тәтті естелік болып Сапар ағайдың болмысы қалыпты. Сабақтағы жырдан қызық әңгімелерді бірінен кейін бірі жалғап, маржандай тізіп айтады. Тек біз ғана емес университеттің табалдырығын жаңа аттаған бірінші курс студенттері де ағай туралы аяулы сөздер айтқанда орнынан қопақтап тұрып кетті де, қатты толқып қол соқты.

– Қап, бағанадан бері неге телефонға осының бәрін түсіріп алмадық екен! Ертеңгі күнге жақсы естелік болар еді, – деді риза болып, шәкірттеріне сүйсіне қарап.

– Ағай, асықпаңыз, сіз туралы естеліктер айтуға әлі ерте ғой, – деп әзілдеген болдым.

– Әй, қайдам! Өлместің дәрісін жасаған Даниял пайғамбар тірі болса қане?! Біз үшін шәкірттің жылы сөзінен қымбат не бар! – деді көңілді сауыққа ойысқан балаларына қарап…

    Сол күні қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болып еді. Өмірдің базары тарқамайтындай, көңіл елі көшкен жайлаудай құлазымайтындай… Сіз қаумалаған барлық шәкірттеріңізге батаңызды беріп, ақжарма тілегіңізді айтып, қимай-қимай хоштасып едіңіз…

***

    Ғұмырыңыздың соңында WhatsApp желісінде жазған хаттарыңыз телефонымда сақтаулы екенін, сізді сағынғанда оқып тұратынымды, қайтарып жауап жазғым келетінін білесіз ғой. Егер хат жазсам қайтарма жауап та жазатын шығарсыз, өйткені, ешкімнің көңілін қайтарып, десін жықпайтын жан едіңіз…

    Сөз соңына ол хаттарды тіркеп сөзімді қамырыққа бөлесем сіз үйреткен қайсарлық пен қажырға  сын. Ол хаттарды оқып біреудің бота көзіне үйіріліп жас келсе кісінің көңілін қалтырмайтын қасиетіңіздің бойыма дарымағаны. Естелігімнің соңғы нүктесінен көз жас көрінсе дәл сіздей мынау жарық күнді сүйе алмағаным…

    Өміріңіз жеткенше үйреттіңіз. Сіздің дем таусылған күннен бастап шәкірттеріңіз мойнында ауыр жүк, ардақ аманат бар екенін сезініпті. Дәрісханада емес көкірегіндегі жарық сәулемен тыңдайтын жаңа бір лекция басталыпты…

***

    Далаға шығып түннің тұнық ауасын жұттым. Арқадағы ақ боран ұлыған бөрісырғақ амалы өткен, бүгін үп еткен жел жоқ. Төбеден төңкеріліп қараған көк күмбезді аспанға ұзақ тесілсем сағатты сағатқа жалғап лекция оқып отырған сізді көрем…

     Өткен жылдың соңында Түркістанда басталған сіз туралы естелігімнің бір парасы осы жерден тамамдалған сияқты…

Рухыңыз шат болсын аяулы ұстаз!

Ғылымнұр Кәдірбай

27/02/2021

Қараөткел

One Reply to “Өміріңнің белгісін хатқа салдым…”

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары