ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫ ҰЛЫҚТАУ

1  669 көрілім
  Еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы тойланып жатқан күндері түрленген Түркістан төрінде ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі де бірегейі - Қаздауысты Қазыбек бидің еңселі ескерткіші ашылған тарихи оқиға болды. Әрбір сөзі ұлтының ұранына айналған ұлы бидің ескерткішін өзі мәңгі тыныстап жатқан киелі Түркістан төрінде орнатуға арнайы жер бөлініп, Үкімет қаулысымен бекітіліп, ескерткіш жасалып, ол тұғырына қонғанға дейін   «Қазыбек би» қорының төрағасы, қадірменді ақсақал Пернетай Досыбеков бастаған белсенділер тобы бірнеше жыл бойына тыным таппай, ұшан-теңіз іс атқарды. Арнайы топ Арқаға да келіп, оңтүстік пен орталықты жалғаған алтын көпірге арқау болды. Даңқты Қазыбек би бабаның ұрпақтары да бұл игілікті істен шет қалған жоқ, қай-қайсысы да қор қожынына өз үлестерін қосты.    
 Енді міне нәтижесі шұғылалы оңтүстіктің  шырайлы шуағына шомылып, Түркістан төрінде Қазыбек би көшесі бойындағы, Қазыбек би аллеясында мыстан құйылған, биіктігі сегіз метр болатын Қаздауысты Қазыбек би мүсіні оң қолын алдына қарай созып, келешекке көз тігіп, қасқайып тұр. Авторы –Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Бексейіт Күзембеков, тұғырын  әрі берік, әрі әдемі етіп құйған қаршадай құрылысшы қыз Жансұлу деп көпшілік ризашылықпен айтып тұрды.
Алдымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ- де «Қаз дауысты Қазыбек би: тұлға және тарих» деп аталған ғылыми конференция өтті. Конференцияны жиналған жұрт орындарынан тік тұрып қарсы алған, күллі түркі жұртының ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров құттықтау сөзімен ашты. Мұнан соң Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хаты оқылып, «Қазыбек би» қорының өкілдеріне естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырылды.

Конференцияда белгілі ғалымдар мен профессорлар Қазыбек би Келдібекұлының тарихтағы орны, оның мемлекетті қалыптастырудағы еңбегі, тұлға мен Түркістан арасындағы байланыс туралы құнды деректер келтірген баяндамалар жасады.
Қаздауысты Қазыбек бидің даналығы мен көрегендігі ата- бабаларымыздың Ресей патшасы мен Қытай империясының қыспағында отырып та, Жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беріп, қазақ елі мен жерінің біртұтастығын сақтап қалуына ықпал етті. Тарихи жағдайды таразылап, әрдайым дұрыс бағалай білген ұлы би ұлтты үнемі тұтастық пен бірлікке шақырып, рулық тартыс пен айтыстан жоғары болуды, көрші елдермен ынтымақ –бейбіт қарым-қатынаста өмір сүруді насихаттады.
Ғылыми конференция мен ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, бидің ұрпақтары да келді.
Қарағанды облысының Облыс әкімінің мәдениет пен өнер мәселелері бойынша кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова бастап барған делегация құрамында «Саналы ұрпақ» жобасының жетекшісі, мемлекеттік қызмет ісінің ардагері Қайыржан Токушев, республикаға танымал әнші, «Құрмет» орденінің иегері Гүлбаршын Тергеубекова, Қарқаралы аудандық мәслихатының хатшысы Сламиден Нұркенов, аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Талғат Даутов, белгілі кәсіпкер, меценат Берік Көшенов, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің қызметкері, «Қазыбек би» қорының Қарағандыдағы өкілі Мейірман Жашкеев, Қазақстанның құрметті журналистері Серік Сексенов пен Ермек Балташев, мәдениет саласының ардагері Раушан Жылтыбаева тәрізді Қазыбек би бабаның ұрпақтарымен қатар «Saryarqa aqparat» ЖШС директоры Қамбар Ахметов, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ ректорының кеңесшісі Мирас Құттыбай және тағы да басқа көптеген азаматтар болды.
Конференцияда игілікті іске бір кісідей атсалысқан Түркістан облысының барша жұртына ризашылық білдірген делегация мүшелері естелік сый- сияпаттардың қатарында Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, академик Нұрлан Дулатбековтің қолдауымен жарық көрген «Қазыбек би» энциклопедиясы мен суретті альбомның бірнеше данасын қазақ – түрік университет басшылығына және мұражайға тапсырды.
Көне Түркістан шаһарына бұл күні қасиетті де, қасіретті Семей өңірінен де арда азамат Тасболат Битенов бастаған бір қауым ел жол-жоралғыларымен келіпті. Түс әлетіне таман ескерткіш маңы нөпір халық жиналды, барлығы да Қазыбек бидің қайсар рухына тағзым етіп, тәу етуді мақсат еткен.
Қаздауысты Қазыбек бидей есімі ұлтымыздың тарихына алтын әріптермен жазылған сұңғыла саясаткердің еңселі ескерткішінің ашылу салтанатында тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров «Ұлы бабамыз, бүкіл қазақтың басын қосып, бар қазақ бір қазақ болсын деп армандап еді. Ұлы бидің жатқан жерінде ескерткіштің ашылуы сол арманның орындалғаны деп санайық» деп Батыр ағынан жарылды.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалымқайыр Мұтанов, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген «Біз өткенін қадірлеп қастерлейтін, бүгінін бағалап, ертеңгі нұрлы болашаққа ұмтылған ұлтпыз. Тәуелсіз еліміздің 30 жылдық мерейтойы күндері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихымыз бен мәдениетімізді зерделеп, ұлттық санамызды кемелдендіру, тарихи тұлғаларымызды ұлықтау –елдігіміздің еңселі, бірлігіміздің бекемдігін байқатты» деді.
Киелі Түркістан төріндегі бұл игілікті істің халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің арқасында мүмкін болғанын атап өткен Рымбала Омарбекова Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке арнаған Алғыс хат- құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа тапсырды. Сонымен қатар осы мақсат жолында әрі азаматтық, әрі перзенттік парызын абыройлы атқарған «Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Пернетай Досыбековке «Қазақстанның 30 жылдығы» мерейтойлық медалін де зор құрметпен табыс етті.
Киелі Түркістан өңірінің қалың жұртына Арқа елінің атынан алғыс білдіре отырып, егемендігіміздің ертеңі нұрлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деп, баба рухына тағы бір тағзым етіп, жолға шықтық.

Сағат БАТЫРХАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы