ЕСКІ ИҚАН АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

2  234 көрілім

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Жеке кәсіпкер Мамирхан Юлдашевтің еліміздегі бұқаралық және кәсіптік спортты дамыту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында салған спорт кешені алдағы уақытта ауыл жастарының спортпен шұғылдануларына мол мүмкіндік береді.


Жаңа нысанның ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары жиналды. Алғаш сөз алған Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлы Ескі Иқан ауылында ашылғалы отырған «Муталиб Юлдашев» атындағы спорт кешенінен алдағы уақытта еліміздің көк туын желбірететін спортшылар шықсын, ауыл тұрғындарына жаңа ғимараттарыңыз құтты болсын деді. Жеке кәсіпкер Мамирхан Юлдашевке әкесінің атын өшірмей, осындай спорт кешенін салып, ел игілігіне тапсырып отырғанына алғысын білдірді. Сондай-ақ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айтмұхамбетәлі Бердашев, Ескі Иқан ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Набихан Мубараковтар бүгінгі шара егемендігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгенімен құттықтап, аталмыш ғимараттың жас жеткіншектерге бұқаралық спортпен шұғылдануларына мол мүмкіндік беретінін айтты. Шара ауыл ақсақалы Бабажан қажы Якубовтың ақ батасынан кейін жаңа кешеннің алдына тартылған лента қию рәсімімен жалғасты. Содан кейін қонақтар мен ауыл тұрғындары спорт кешенінің ішін аралап көрді.
Айта кетейік, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту болған жалпы көлемі 1,5 гектарды құрайтын жаңа ғимаратқа 416 млн. теңге жұмсалған. Мұнда алдағы уақытта 18 жасқа дейінгі 340-қа жуық жас жеткіншек еркін күрес, дзюдо, волейбол, футбол, теннис, шахмат спорт түрлерімен шұғылдана алады.

Райымжан ӘЛІБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы