ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ТУРАЛЫ ТУЫНДЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

873 көрілім

Түркістандағы «Ұлы Дала Елі» орталығында филология ғылымдарының кандидаты Баян Садыққызы «Өзбекәлік Жәнібек» атты ғұмырнамалық кітабының тұсаукесерін өткізді. Кешті жазушы, ардагер кітапханашы Әлима Пашанова жүргізіп отырды. Қазақстанның білім-ғылымына, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қайраткерлік қызметі, пайым-парасаты туралы нақты фактілерге негізделген түрде әдемі әдіптеген. Кезінде Бейсенбай Кенжебаев «қазақтың келіні» атап кеткен Баян Садыққызы тарихи тұлғалармен тығыз араласуы олардың арасындағы кісілік қарым-қатынастары туралы көпшілікке сыр шертті.

Жазушы, ғалым Құлбек Ергөбек ашқан зияткерлік мектебінде тәрбиеленіп жатқан 230 оқушылардың ішінен талантты балалар концерттік бағдарлама жасады. Үш жасар Аяла Алпысбай «Түркістан» әнін әуелете шырқауы көпшілікті тәнті етті. Зияткерлік мектептің би тобының «Қазақия» биі республикалық байқауда бас бәйге алған екен. Олардың «Бүркіт» биі ұлттық бояуының молдығымен ерекшеленді. Әсіресе, Баян Садыққызының сырласы Қазақстанның Еңбек Ері, Алтынсарин мектебінің директоры Аягүл Миразеваның скайп арқылы құттықтауы жұртшылықтың айрықша ризашылығын туғызды. Бәрінен бұрын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарық көрген, көзінің тірісінде ерлік істерімен аңыз адамға айналған Өзбекәлі Жәнібековтің ғибратты ғұмыры туралы жүректен шыққан шынайы шығарма оқырманның жүрегіне жол табары даусыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары