ТҮРКІСТАНДА ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ КҮШ СЫНАСТЫ

1  170 көрілім

Түркістандағы Керуен сарай кешеніндегі спорт аренасында қазақша күрестен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық турнирі өткізілді. Оған бес мемлекеттен атап айтқанда Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерімен қоса Қазақстанның барлық облыстарынан аса мықты балуандардың құрама командалары қатысты. Барлығы 280 балуан қатысып, Қажымұқан атындағы жүлдеге таласып, бақ сынасты. Халықаралық турнирді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаман алғысөзбен ашты.

– Бүгін Түркістан төрінде дүбірлі жарыс. Күш атасы Қажымұқанның 150 жылдық мерейтойына хош келдіңіздер! Биыл еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі де келіп қалды. Өңірімізде әсем ғимараттар көптеп салынуда. Олардың қатарында спорт нысандары да баршылық. Бүгінгі өткізіліп жатқан қазақша күресіміз әлемнің 40 елінде танылған. Алты мемлекеттен келген үздік балуандар бақ сынасады. Қазақта «бақ шаппайды, бап шабады» деген сөз бар. Ендеше, барлығыңызға сәттілік тілейміз. Бабы келіскеннің, бағы ашылсын!,- деп халықаралық жарыстың қатысушыларына табыс тіледі.

Түркістанда қазақ даласының батыры Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған халықаралық турнир аяқталды. Екі күнге созылған дүбірлі додада шын мықтылар жеңіске жетті. Жоғары деңгейде жалауы желбіреген бұл күрес бəсекесі талайларды тамсандырды. Спортсүйер қауым қазақ күресінен өтетін доданы сағынып та қалыпты. 74 келі салмақта бас жүлдені шымкенттік балуан Жұмажан Қожамбеков еншілесе, күміс жүлдені оның жерлесі Нұрдəулет Бақтыбайұлы иеленді. Ал қос қола жүлдені ақмолалық Рамазан Қуандықов пен Қарағанды облысының қыраны Алмас Махажанов жеңіп алды.

82 келі салмақтағы балуандар белдесуі де тартысты өтті. Мұнда екі бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан түркістандық талантты балуан Дидар Хамза жеңімпаз атанды. Күміспен «күптелген» Қарағанды облысының өкілі Мұхит Қарғабай өз өнерімен көпшілікті тəнті етсе, алматылық жас балуан Амангелді Төлемысов пен Өзбекстанның бетке ұстар балуаны Сарвар Шомурадов жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. 90 келі салмақта бабы мен бағы келіскен Шымкент қаласының дарынды балуаны Ерсұлтан Мұзаппаров жеңістің шыңын бағындырды. Жауырынды апайтөс саңлақтар арасында күміс жүлдені Ақмола облысының мақтанышы Әсет Жүнісов иеленсе, жасындай жарқылдаған жамбылдық Азат Рысбек пен Сыр өңірінің саңлағы Еңбек Сақтағанов қола медальді еншіледі.

100 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын тізе бүктірген шымкенттік Марат Байкамұров алтын жүлдені мойнына тақты. Бұдан басқа көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Түркістан облысының оғланы Қайсар Шамшидинов күміс жүлдегер атанды. Қызылордалық Нұрым Сəлімгереев пен қарағандылық балуан Мейірбек Байжігіт қола жүлдені місе тұтты. +100 келіде белдескен Сыр өңірінің тағы бір таланты Мақсат Исағабылов бас жүлдені жеңіп алды. Ақтөбелік Еламан Ерғалиев күміс жүлденің иесі атанса, алматылық Ерсұлтан Жорабек пен Жамбыл облысының намысын қорғаған Ғалымжан Қырықбай үшінші орыннан көрінді.

Жарыстың екінші күні белдесуде 55, 60 жəне 66 келі салмақтағы спортшылар бақтарын сынады. 66 келіде жамбылдық Аслан Сазанбай жеңімпаз атанды. Күміс жүлде жамбылдық Асылхан Дүйсенбекке бұйырды. Қос қола жүлдені Алматы мен Атырау облыстарының намысын қорғаған Ербол Алдухан мен Бекет Жүніс олжалады. Боз кілемде 55 келі салмақ дəрежесінде бабы мен бағы қатар жанған қарағандылық Нұржан Тілеухор – алтын, оның жерлесі Досжан Əбілқас күміс алқа иегері атанды. Тəжікстанның өкілі Мехрзод Суфиев пен Алматы қаласынан келген Ерболат Құлжанов қола жүлдені еншіледі. 60 келіде қарсыластарын тізе бүктірген Қарағанды облысының жас балуаны Еламан Қуанбай бас жүлдеге иелік етті. Ал күміс жүлде Алматы қаласының намысын қорғаған Дауылбай Оспанға бұйырды. Қола жүлдені қызылордалық Данияр Оралбаев пен шымкенттік Атабек Əмірəлі бірге бөлісті.

Халықаралық турнир олимпиадалық тәсіл бойынша өткізілді. Жеңілгендер бірден аттан ауып қалса, жеңімпаздар күресін жалғастырды. Керуен сарайдың шоу аренасында Қажымұқанның 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық турнир қарашаның 27-сінде мәреге жетті. Қажымұқан атындағы күреске бес елден үш жүзге жуық балуан қатысса, оның ішіндегі ең қызықтысы түйе балуандыққа таласқан алыптардың керемет айла тәсілдері қатысушылар мен көрермендердің қызығушылығын туғызды.

Халықаралық турнирдің бас төрешісі Нұржан Қазыбековтің айтуынша, он екі салмақ категориясы бойынша халықаралық күреске қатысқандардың әлеуеті жоғары. Көбі халықаралық жарыстарда ысылғандар. Алайда Қазақстанның барлық облыстарынан келген балуандарымыз бір жағынан көптігімен, екінші жағынан туған жердің топырағы да көмектеседі дегендей, өз еліміздің намысын бермеуге тырысты. Сондықтан командалық есепте де алда болдық. Түйе балуандыққа шыққандар да өзіміздің атақты балуандарымыз.

Жұртшылықты «түйе балуандар» сайысы ерекше қызықтыратыны сөзсіз. Әрбір бәсеке тартысты өтті. Шеберлігімен көпшілікті таң қалдырған Жамбыл облысының мақтанышы Ғалымжан Қырықбай барлық қарсыласын жеңіп, Қажымұқан турнирінің «түйе балуаны» атанды. Сөйтіп, ұйымдастырушылар әзірлеген жаңа автокөліктің иесі атанды. Талай əлемдік додаларға қатысып, ел намысын қорғап жүрген шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров жүлделі екінші орынды, қызылордалық Мақсат Исағабылов үшінші орынды жеңіп алды.

Түйе балуан Ғалымжан Қырықбай: «Халықаралық болғандықтан күрес оңай тиген жоқ. Әсіресе, қызылордалық балуан Мақсат Исағалиевтың мықты екендігі байқалды. Алайда мен149 килограм болсам, ол небәрі 90 килограм салмақта күреседі. Мұндай салмағы жоғары адамның күші де басым екендігі белгілі. Бірақ, түйе балуандыққа күресуші өз еркімен шығады. Барлық балуандарға сәттілік тілеймін», – дейді.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Əлімжан Құртаев пен Түркістан облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, сонымен қатар «Қазақстан барысы» республикалық жарысының үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев марапаттады. Осылайша, Түркістан жұртшылығы қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан бабаның мерейтойын жоғары деңгейде атап өтіп, қазақ күресінің мәртебесін асқақтата түсті.

Әлемнің 24 елінің батырларының жауырынын жер иіскеткен, басын иіп бағындырған жерлесіміз Қажымұқан Мұңайтпасұлының150 жылдық мерекелік тойына арналған халықаралық турнир қатысушыларының бәріне лайық сый-сияпаттар жасалды.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары