ОН ЖЫЛ ҮЗІЛІСТЕН КЕЙІНГІ ҚҰРЫЛТАЙ ОҢ ҚАДАМҒА БАСТАДЫ

1  475 көрілім

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Түркістандағы «Farab» кітапханасында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті. Мемлекеттік тілдің мәселесі қозғалған маңызды жиынға өңірлерден 57 делегат шақырылды. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары қатысты.

Құрылтайда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайға арналған құттықтау хаттарын оқып берді. Сондай-ақ қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін маңызды жұмыстар жалғасатынын, елді біріктіретін фактор мемлекеттік тіл екенін атап өтті. Президент әкімшілігі мен ел үкіметі тарапынан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге барынша қолдау көрсетіле беретінін мәлімдеді. Мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыру бағытындағы жоспарларды саралап, тиісті тапсырмаларды бекітті.

«Бұл құрылтайды Түркістанда өткізуімізде мән бар. Елбасының тарихи шешімімен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде дамып келеді. Қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Сіздер – ел алдында жүрген азаматсыздар. Елорданы көріп жүрсіздер, бұл жолы Түркістанның жаңа келбетін көрсін, қуансын деп құрылтайды осында ұйымдастыруды жөн көрдік», – деді Қ.Көшербаев.

Құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысы бойынша Орталық кеңесінің есебі тыңдалды. Қоғам филиалдарының басшылары да баяндама жасап, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен бірге қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды.

Түркістан төріндегі құрылтайда делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы сайланды. Ал оның вице-президенттері қызметіне Максим Рожин мен Анар Фазылжанова лайық деп танылды. Берік Әбдіғали мемлекеттік тілді тұғырына толық қондыру бағытында жұмыс күшейетінін жеткізді.

«Қазақ тілінің мәселесін қазақ тілді ортада ғана талқылай бермей, орыс тілді ортада да талқылап, мемлекеттік тілдің маңыздылығын кей ағайындарға түсіндіру керек. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті», – деді ол. Жиында қоғамның құрылтайлар аралығындағы басшы органы болып табылатын Орталық кеңестің жаңа құрамына ҚР Парламенті-нің қос палатасының депутат-тары мен филиал төрағалары және зиялы қауым өкілдерінен құралған 47 адам сайланды. Ал Орталық кеңес басқармасының жаңа құрамына 18 адам сайланып, қызметке кірісті.

Құрылтай барысында өңірлерде қоғам филиалдарының жұмысы күшейтіліп, бас кеңсе Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілетіні айтылды. Бас ұйым мен филиалдардың жұмыс жоспары бекітілді. Сондай-ақ жиын барысында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат «Парасат» орденімен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ғалым Анар Фазылжанова «Құрмет» орденімен марапаттал-ды. Оларды Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев арнайы марапаттап, қазақ тіліне қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Маңызды басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских әлеуметтік желілер мен ғаламторда қазақша контенттерді көбейтіп, жастардың сұранысын қанағаттандыру керек деген пікірін білдірсе, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы мен тіл жанашыры Асылы Осман мемлекеттік тілді толық тұғырына қондыруға кері әсерін тигізіп отырған факторларға тоқталып, қазақ тілінің болашағы үшін нақты жұмыстар атқарылуы керектігін жеткізді.

Түркістан облысында 2 күнге созылған құрылтайға қатысушылар Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына тағзым етті. Осы сапарда делегаттар тіл жанашырлары әрі қоғам қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков пен Өмірзақ Айтбаевты еске алды. Жиынға қатысушылар Түркістандағы оң өзгерістерге ризашылықтарын білдіріп, құрылтайдағы маңызды бастамаларды жүзеге асыруға бар күштерін салатындарын жеткізді.

Он жылдан кейін өткен Түркістандағы құрылтайдың мән-маңызы мен өздері аралап көрген қазіргі шаһардың даму қарқыны туралы республикаға танымал тұлғалардың пікірлерін жазып алудың сәті түскен еді.

ҚАЗАҚША ТІЛІ ШЫҚҚАН БАЛА АНА ТІЛІН ЕШҚАШАН ҰМЫТПАЙДЫ

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Тіл саясаты комитетінің «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов

– Қасиетті Түркістанға келіп жатырмыз. Қанша жылғы үзілістен кейін 6-шы құрылтай өтіп жатыр. Екі күннен бері киелі жерлерді аралап қайттық. Маған үлкен ой салды. Түркістан тарихын білеміз. Бұрын хрестоматиядан, тарихи кітаптардан оқығанбыз. Алайда, көзбен көріп, қолмен ұстаудың әсері бөлек екен. Мен осы Фараб кітапханасына кіргенде де ғажап толғаныста болдым. Мұндағы қаншама көне кітаптарды көріп, ойға қалдым. Осы Түркістан арқылы Қазақстанның руханияты Шығысқа бет бұрғаны бірден байқалады.

Себебі, басқа қалаларымызда еуропалық стиль басым. Астанада бәрі шыны болып кетті деген әңгімелер болды. Ал, мына Түркістанның сәулет өнеріне келгенде, өзіміздің түпкі тамырымызға қайта оралған секілдіміз. Адамның айналасындағы кеңістік оның таным, парасатын әзірлейді дейтін болсақ, осы отырған ғимараттарымыздың өзі бағзы заманмен таныстырғандай, табыстырғандай. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына жеткенде, Шығысқа бетбұрысы байқалады. Бағзы мен бүгінді байланыстырып тұр. Кеше жаңа әкімшілік ғимараттарды көрдік. Өте биік емес. Шығыстық стильмен салынған. Өрнектері әдемі. Түркі, парсы стилдері көңіліме қуаныш ұялатты.

– Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында санымыз аз, шамалы күте тұрайық дейтінбіз. Қазір Қазақстанның демографиялық алғышарты толық қалыптасты. Себебі, 70 пайыз қазақпыз. Қоғамдағы білімділер саны жоғарғы оқу орындарындағы жастардың үлесі 56-57 пайыз болса, мектепте 70 пайыздан асты. Бастауыш сыныптарда 84-85 пайызға жеттік. Адамдардың физиологиялық және инттелектуальдық жайы пісіп жетілді. Енді мұның құқықтық негіздері шешілуі тиіс. Соған сәйкес саяси шешімдер қабылдануы керек. Мемлекеттік тіл туралы заң, көрнекі ақпарат, қазақ тілін міндеттейтін жайлар шоғыры болуы тиіс. Мәселен, шетелдердегі «Азаматтық туралы» заңдағы талап қою, «Білім туралы» заң қайта қаралуы тиіс. Осы секілді көптеген құқықтық негіздер бар.

Бүгінгі құрылтай осы халықтың ішіндегі он бір жылдан бері әбден пісіп, иі қанған, тек шешімін күтіп тұрған нәрселерге қолдау білдіріп қана емес, соған пәрмен, тың қарқын беретіндей жиын болады деп түсінемін. Бұған үлкен деңгейде мән беріліп жатыр. Сондықтан сөзден іске көшетін уақыт келді. Жаңа басында Түркістан түпкі тамырымызға қайта оралып жатыр дедік қой. Ендеше, тіл сол тамырдың өзегі. Тамырымызға бұрылатын кезең келді. Қазіргі жаһандану бізді сақтандыру керек. Себебі, жаһандану өте үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Жаһандану ең алдымен біздің жас ұрпағымызға келеді.

-Менің ойымша міндетті шет тілін оқуы кем дегенде екінші сыныптан басталуы тиіс. Ал, негізі бастауыш төрт сыныпты ана тілінде оқып барып, шет тілін үйренуге көшкені дұрыс. Бесінші сыныптан бастап үйренсе де жетіп жатыр. Өйткені, қазір тіл үйрену бұрынғыдай үлкен проблема емес. Ауылдан келген бала қалаға келген соң, алты айда тілді үйреніп үлгереді. Тіл үйрену қажеттілікке айналғанда өзі үйреніп кетеді. Бәріміз орысша, ағылшынша үйренгенде бәріміз сол салада қызмет етпейміз ғой. Мәселен, ағылшын тілін білетін мамандар елдің 15 пайызы болса да, жеткілікті. Жаппай ағылшын тілін оқытқанда мектептен кейін қажет болмай қалуы да мүмкін. Қырыққа келіп те ағылшын тілін үйреніп, шетелге кеткен кісіні білемін. Сондықтан қандай нәрсе болса да қажеттіліктен туындауы тиіс. Қазір қытай, жапон, корей тілін үйреніп жатқандар бар. Себебі, олар сонда барып жұмыс істеуге әзірленуде.

Ал, балалар бастауыш сыныптарда ана тілімен толық сусындауы тиіс. Баяғы ана мектебі деген дұрыс. Жапондарда ана мектебі деген түсінік бар. Оның ішіне дәстүр, тәрбие, тіл кіреді. Ана тілінде тілі шығып бастауыш сыныпта өз ана тілінде оқып, дәстүр-салтын меңгерген бала ана тілін ешқашан ұмытпайды.

БАЛАЛАРЫН ОРЫС БАЛАБАҚШАСЫНА БЕРЕТІН АТА-АНАЛАР ӘЛІ ДЕ КЕЗДЕСЕДІ

Алматы қаласы, Түрксіб ауданы «Қазақ тілі» ҚБ төрайымы, Күлдарихан Құрышбаева

– Қаланың облыс орталығы болғанына үш жыл болды. Осы аралықта қаланың тез көтеріліп келе жатқанын көзімізбен көріп отырмыз. Қаншама үйлер мемлекеттік қызметкерлер отыратын ғимараттар салынып жатыр екен. Халқы да кішіпейіл, қонақжай. Әруақты ата-бабаларымыз жатқан жер болғандықтан киелі мекен. Арыстан баб, Өзбекәлі Жәнібековтердің басына барып, құран бағыштадық. 6-шы құрылтайдың Түркістанда өтуінің өзі де үлкен мәнге ие. Қазақ тілінің дамуына барынша үлесімізді қосып жатырмыз. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болды. Басқа Тәуелсіз мемлекеттер секілді бізде де мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдері де жетік меңгергені жөн.

Грузия, Балтық жағалауы елдерінде Украйнада болдым. Оларда тек өз тілінде сөйлейді. Германияға көшкен достарым бар. Солар немістер барған соң арнайы курстарда оқып немісше үйренген. Себебі, қажеттілік. Кей ата-аналар балаларын әлі күнге дейін орыс балабақшасына беретіндері бар. Сондықтан нағыз қазақпын деп өзін есептеп, өзін-өзі сыйлайтын ата-аналар балаларын қазақ балабақшасына беруі тиіс.

– Мен «Аяжан» колледжінің директорымын. Көп жастар қазақ бөліміне түсіп жатыр. Аралас та, тек қазақ тіліндегі балабақшалар да бар. Бірақ, көбісі қазақ балабақшасына беріп жатыр. Қазақ мектептеріне барып жатыр. Өз тәжірибемнен айтсам, біздің колледжде сабақтың 70 пайызы қазақ тілінде өтеді.

Біреулер балабақшадан бастап ағылшын тілін үйретуге болады деседі. Бұл әрбір ата-ананың өзінің отбасылық ісі, әрі баласының қабілетіне де байланысты болса керек. Бірақ 1-ші сыныптың өзінде қазақша, орысша, ағылшынша оқыту балаға тым ауыр тиетін секілді. Ресейдің «Лучше всех» деген телебағдарламасы бар. Сонда үш жастағы бала бірнеше тілде сайрайды. Қазіргі балалар талантты. Тағдырын шетелмен байланыстырған ата-аналар балаларына шет тілдерін кісі жалдап та оқытады. Қазір вундеркинд, индиго балалар туылып жатыр. Ата аналардың қалауымен қытай тілін үйреніп жатқандары да бар. Қазір демократиялық қоғам. Сондықтан тіл үйренемін деген адамға шектеу жоқ.

ТҮРКІСТАН АЗИЯНЫҢ ӘСЕМ ҚАЛАСЫНА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских

Осыдан үш жыл бұрын Түркістан облыс орталығы мәртебесін алды. Мұның өзі қаладағы құрылыс қарқынының өсуіне ықпал етті. Осы құрылтай өтіп жатқан жердің өзінде ешқандай құрылыс нысаны болмағаны белгілі. Ол артық айтқандық емес. Аз ғана мерзімде зәулім сарайлар, үлкен ғимараттар пайда болып, Азияның әсем бір қаласына айналып келеді. Түркістан түркі әлемінің рухани астанасына да айналды. Әлемде үлкен құрметке ие. Шетелдіктер, түркиялықтар мол инвестиция салып жатыр. Мұнда үлкен ауқымдағы халықаралық мәдени іс-шаралардың өтуі де көп жайды аңғартады. Халықаралық делегациялар келіп саяси экономикалық шешімдер қабылдауы – бұл Түркістанның үлкен қарқынмен дамудың жолына түскендігін көрсетеді. Менің ойымша бұл әлі бастамасы. Жақында Үкімет басшысы Асқар Мамин Өзбекстанның Премьер министрімен кездесіп екі елдің арасында жүйрік жоғары жылдамдықпен жүретін пойыздың қатынауын қамтамасыз ететін келісім шартқа қол қойды. Бұл жоба көршілес екі елдің экономикасын жоғары қарқынмен көтеруге мүмкіндік әпереді. Бұл өте үлкен мегажоба болатыны анық.

Маған мәжіліс депутаты ретінде теміржолдың облыстық басқармасын Шымкенттен көшіріп әкелу, Түркістанда жаңа теміржол вокзалын салу жұмысын жеделдетуге елдің аманаты ретінде кірісе аласыз ба? деген сұрақты көп қояды.

– Мен мұны Мәжіліс депутаты ретінде «Қазақстан темір жолы» ҰК өкілдерімен кездесіп, зерделеп көрейін. Бұл жерде ол жобаның логистикалық тиімділігін талдап көру керек. Бұл жерде Шымкент қолайлы ма, Түркістан қолайлы ма деген мәселе туындайды. Себебі, қазір Шымкент қаласы да респуб-ликадағы үлкен бір мегаполис бо-лып саналады. Бұл жерде саяси шешім емес, жан-жақты майшам-мен экономикалық, логистикалық, өндірістік тиімділігін зерделеуіміз керек. Жаңа теміржол туралы айтатын болсам. Мен мұнда 2020 жылы болдым. Бір жылдың өзінде қаншама өзгерістерді көріп, таң қалдым. Алдағы уақытта халықтың тығыздығы өскен кезде бір теміржол вокзалының аздық етуі мүмкін. Сондықтан Өзбекстан екі арада мегажоба жасаушы футурологтар мұны қаперіне алып отырған сияқты. Нақты шешімді солар айтады.

ТҮРКІСТАН БІЛІМ- ҒЫЛЫМНЫҢ, РУХАНИЯТТЫҢ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫ

Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі

-Түгел түркінің төрі саналатын Түркістан, Түркі әлемінің рухани астанасы атанғаннан кейін, шын мәнінде түбегейлі өзгерістерге ұшырап, көркейе түскен. Мұнда түркі әлемінің ауқымды мәдени іс шаралары өтуде. Бұрын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне келушілер ғана болатын болса, қазір Түркістандағы шығыстық стильдегі әрбір ғимараттың өзіндік орны бар. Түркістанның жаңа келбеті туристерді тарта түсуде. Шын мәніндегі білімнің, ғылымның, руханияттың орталығына айналып келеді. Мұнда жыл бойы ірі халықаралық мәдени іс шаралар өткізілді. Халықаралық түркі академиясы да халықаралық жиындар мен көптеген кітаптардың тұсаукесерін өткізді. Биыл мұнда ТүркПА-ның жиыны өтті. Рухани жиынның бірі бүгінгі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің 6-шы құрылтайының өткізілуі. Бұндай көлемдегі жиын көптен бері болмаған еді. Өмірзақ Айтбайұлы ағамыз Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы үшін үлкен күрес жүргізгені белгілі.

Құрылтайы соңғы он жылда өтпеген екен. Сондықтан бүгінгі жиыннан күтеріміз көп. Жаңа төраға, басқарма мүшелерін сайлау, жаңа Жарғының қабылдануы мұның барлығы мемлекеттік тіліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын.

Бүгінгі жиынға Мемлекеттік хатшының, Үкімет мүше-лерінің қатысуы да бұл тілге Үкіметтің бет бұрғанын көрсетеді. Соңғы жылдары тіл мәселесіндегі біраз жай-лар қордаланып қалды. Соған орай Үкіметтің мемле-кеттік тілге бет бұрғаны жақсы болды. Үмітіміз мол.

ҚҰРЫЛТАЙ ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІНЕ ҮКІМЕТТІҢ ҚҰЛАҚ АСҚАНЫН КӨРСЕТТІ

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова

-Киелі Түркістанда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің құрылтайында бас қосып жатырмыз. Бұл енді халық үшін ұлттың арманы Тәуелсіздік болатын. Тәуелсіздіктің арманы мемлекеттік тілі болатын. Жері болатын. Мемлекет басшысының жер туралы «қазақтың жері ешкімге сатылмайды. Бұған ешкімнің алаңдауына жол жоқ» деген болатын.

Қазіргі елді алаңдатып отырған –бұл тіл мәселесі. Қайта-қайта көтеріліп жатқаны белгілі. Көңілде алаң болғаны белгілі. Осы жағынан келгенде бүгін Мемлекет басшысының қолдауымен Мемлекеттік хатшының басқаруымен үлкен құрылтай болып жатыр. Құрылтайда біраз өзгерістер болып, заң қабылданады деп ойлаймын. Халықтың үнін еститін Үкімет құлақ асып, арманы орындалады деп ойлаймын.

МАҒЖАН АРМАНДАҒАН ТҮРКІСТАННЫҢ БАҒЫ БАСЫНА ҚАЙТА ҚОНДЫ

Мемлекет қайраткері Оразкүл Асанғазы

– Бүгін міне көптен күткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоға-мының алтыншы құрылтайы өтіп жатыр. Бұл Түркістандағы «Фараб» кітапханасында өтуінің өзі керемет. Барша қазаққа бел-гілі соңғы үш жылда Түркістан баяғы өзінің Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Бар балаңды бауырыңа сен тартасың ана тілім»,- деп қазақ тілінің алғашқы құрылтайы да Түркістанда өткен. Арада он жыл өткенде, қайта айналып қазығын тапты. Бүгін бір ерекше өзгеріс болатындай, биліктің қазақ тіліне оң қабақ танытатындай құрылтайы болады деп келіп отырмын.

Өйткені Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде қол жеткізген жетістігімізбен бірге, әттегенайларымыз да көп болды. Сол әттегенайларды ашып айтып, жоюдың нақты-нақты жолдарын белгілейтін құрылтай болса деген тілегім бар. Кеше бұл құрылтай туралы барлық ойымды «Астана ақшамы» газетінде ашып айттым. Бүгінде ел ағалары құлақ асып тыңдайтын болса, соны айтпақшымын.

– Түркістанның даму қарқыны туралы не дейсіз?

-Мен бұрын да келіп аралап жүрмін. Әр келген сайын, күн санап өзгеріп жатқан Түркістан. Бұл Елбасының өте бір дұрыс шешімі болды деп ойлаймын. Түркістан сонау әлімсақтан бері қарай түбі түркінің астанасы, рухани астанасы болып келген. Тәуелсіздік алғалы бері осындай мәртебе беру жөнінде талай мәрте айтылған. Міне, осы соңғы үш жылда салынып жатқан ғимараттар, кең көшелер, түркінің астанасы дегенге сай болатындай көркейіп келе жатыр. 18-ге келген қыздар әдемі көйлек киіп шыққандағы көздің жауын алатыны сияқты, Түркістанның әр ғимараты, әр көшесі, әр ауласы сондай бір керемет рең алған. Бір ғимарат бір ғимаратқа ұқсамайды. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Сыртынан қарағанда ішінде не орналасқанын сезесің. Міне, осы кітапхананы да адаспай тауып келдік. Бұрын Өмірзақ Естайұлы Астананың құрылысына да үлес қосты. Сол жақтағы тәжірибесін де пайдаланып, сол алғашқы кездегі ағаттықтарды қайталамаған сияқты. Себебі, ғимараттардың орналасуы, сыртқы кескін келбеті, көшелердің кеңдігі маған қатты ұнады. Мен соңғы бірер жылда төртінші рет келіп отырмын. Келген сайын қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздайды. Мен бұл әлі басы деп ойлаймын. Келешегі бұдан да зор болады. Бұл барлығымыздың абыройымыз. Бұл -Тәуелсіздігіміздің ең үлкен жетістігі. Біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында тек Нұр-Сұлтан қаласымен ғана емес, Түркістанымызбен де мақтана аламыз. Марқұм Алаш арыстарының армандаған Мағжан Жұмабаевтың арманындағы Түркістанның бағы қайта айналып қонып жатыр деп толық сеніммен айта аламын.

ОН ЖЫЛ ҰЙЫҚТАҒАН ТІЛДІ БИЛІК ОЯТТЫ

ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Асылы Османова

-Бүгінгі құрылтайдың өтуін мен жоғары бағалаймын. Он жыл бойы ұйықтап жатқан тілді оятып, үлкен жұмысқа мұрындық болып отырған Қырымбек Елеуұлына рахмет айтамын. Себебі, мемлекеттік тұрғыдан көңіл аударып отырған осы кісі. Бір іске бір адам бастамашы болмаса болмайды. Мұның мәні де маңызы да зор. Өйткені, тіл ұлттың жаны, рухының үні, ең құнды дүниесінің алтын қоймасы. Соны осылай қадірлеп, қастерлеуіміз керек. Тілдің жөні бөлек. Ұлтты ұлт етіп көрсететін де тіл. Сол қазақ тіліне ерекше мән беруіміз керек. Ауада бұлт бар, құдайдан үміт бар. Осыдан кейін жағдайымыз жақсаратын шығар деген үмітім зор.

Түркістанның орны бөлек. Түркістан қазаққа ғана тән емес. Түркістан исі түріктің ордасы болған. Сырттан келгендердің де қорғаны болып тұрған елміз. Түркістанды облыстың орталығы етіп белгілегеніне де мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Қазақстан азаматы ретінде рахмет айтып, ризашылығымды білдіремін. Түркістанның гүлденген, түрленген кезі. Мен Түркістанда педучилищеде 1957 жылдан 1961 жылға дейін төрт жыл оқығанмын. Ол кездегі Түркістан мен бұл кездегі Түркістанды салыстыруға болмайды. Осы Түркістанды гүлдендірген, түрлендірген осы елді тумасы Өмірзақ Шөкеевке рахмет. Ол кісіге құдай кісілікті де, кішілікті де, ізеттілікті де, іскерлік-ті де аямай берген. Ел үшін аян-бай жасаған қызметінің жемісін көрсін. Түркістан облыс болғалы көптеген қиындықтар болды. Сол қиындықтардың бәрін аспай, саспай жеңіп осындай жағдайға жеткізді. Түркістанды гүлдендіріп, түрлендіріп отыр. Алланың шапағатына, елінің махаббатына бөленсін! «Сіңірсем деймін еліме маңдайдың терін ағызып, жасасам деймін тіліме жанымның отын тамызып» дейтін ер азаматтарымыз ғұмырлы болсын!

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы