САҢЫРАУҚҰЛАҚ – ТАБЫС КӨЗІ

1  334 көрілім

Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік – салыстырмалы түрде жаңа құбылыс. Жыл сайын бұл бағыттың өкілдері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп келеді. Мысалы, Түркістан облысының Кентау қаласында шағын аспа саңырауқұлағын өсіру бизнесі ашылды. Оның жетекшісі Гүлнәр Ниязова. Гүлнәр жақында Түркістан облысы Үкіметтік емес ұйымдар альянсының Сауран аудандық ақпараттық ресурстар орталығының төрайымы болып сайланды. Осыған орай әріптесімізді құттықтай отырып, саңырауқұлақ өсіруді қайдан үйренгендігін сұрадық.

– Гүлнәр, дені сау қазақ жылқы, қара мал, бау-бақшадан да қауын, қарбыз өсіреді. Бірақ осы уақытқа дейін орыстар құсап, саңырауқұлақ өсіруіңнің сыры неде?,-деп әзіл-шынымызды араластыра сұрақ қойдық.

– Бұл біле-білгенге өте мықты табыс көзі. «Әттең тонның келтесі ай» деп өрістете алмай отырмын. Біз өз жобамызға өте кәсіби түрде келдік. Ірі қалалардағы табысты тәжірибелерді зерттедік. Алматы мен Астанада саңырауқұлақ жылыжайларының қалай жұмыс істейтінін көруге бардық. Біз жақсы білім базасын жинадық – оңтайлы температура, жарық, ылғалдылық сияқты өндірістік тәжірибе жинақтадық. Біз саңырауқұлақтарымызға не қажет екенін және оларды қалай өсіру керектігін білеміз, – дейді Гүлнәр Ниязова.

Жоба екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тәжтажал індеті кезінде мейрамханалар мен кафелердің жұмысының тоқтап қалуына қарамастан, кәсіпорын 700 келіден астам саңырауқұлақты сата алды. Компанияда шағын жылыжай, барлық қажетті жабдық, сондай-ақ өнімді тасымалдауға арналған автомобиль бар. Кәсіпорында мүмкіндігі шектеулі Владимир Поздняков және Әділет Елшібек жұмыс істейді. Балалық шақта менингиттен кейін жігіттер саңырау болып қалған. Бірақ бұл олардың белсенді азамат болуына, қоғамға пайда әкелуіне және ақша табуына кедергі келтірмейді.

– 200 шақырым радиуста біздің ауданда бірде-бір саңырауқұлақ жылыжайы жоқ. Сондықтан біздің өнімдеріміз үлкен сұранысқа ие. Бұл өнім әр түрлі жастағы тұрғындар арасында, кез келген отбасында, сондай-ақ кафелерде, барларда, мейрамханаларда танымал. Біздің саңырауқұлақтарымызды пісіріп, қуырып қана қоймай, тұздап, қатырып, маринадтауға да болады, – дейді кәсіпорынды құрған «Эко-Атамекен» қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлнәр Ниязова.

«Саңырауқұлақтардың ерекшеліктерін кәсіпорын қызметкерлері Владимир мен Әділет жетік меңгерген. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін таптырмас іс. Владимир мен Әділет бір рет көрсетіп, түсіндіргеннен бәрін түсініп кетті. Саңырауқұлақтарды өсіру – бұл тыныш әрі пайдалы жұмыс. Мұнда балалар өздерін толық түсініп, басқа қызметкерлерге қарағанда жақсы жұмыс істей алады», – деп түсіндіреді Гүлнәр Ниязова.

Бұл бизнес «Samruk – Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қазақстандық әлеумет-тік кәсіпкерлерге арналған «Әрекет» жобасының аясында ашылды. Жыл сайын қор жарты миллионнан үш миллион теңгеге дейінгі гранттар конкурсын ұйымдастырады. Үш жыл ішінде 120 коммерциялық емес ұйым пайдалы қоғамдық бастамаларға серпін беретін гранттар алды.

Жобаның ең негізгі екі шарты бар: жобалар әлеуметтік мәселелерді шешуі және гранттық көмек көрсетілгеннен кейін де өзін-өзі өтей алатын табысты кәсіпорын болуы керек. Мысалы, екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан саңырауқұлақтарды өсіру жобасы өзін-өзі қамтамасыз етіп, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп келеді.

2021 жылы «Эко-Атамекен» қоры «Әрекет» байқауына қайта қатысады. Құрылтайшылар жобаны кеңейтуге ниетті. Олар жылыжайдың ауданын екі есе ұлғайтып, таймерде жұмыс істейтін жаңа кондиционер мен жаңбыр жамылғысын сатып алуды жоспарлауда. Қазір «Әрекет» жобасының екінші кезеңі өтіп жатыр. Қатысуға арналған барлық КЕҰ өтінімдері жиналып, конкурстық комиссиямен қаралуда.

«Эко-Атамекен» осы кезеңнен өтетін болса, онда жоба қызметкерлері «Акселератор» оқыту бағдарламасынан, ал конкурсқа жаңадан келгендер – «Инкубатор» бағдарламасынан өтеді. Тренингтер әлеуметтік кәсіпкерлік, маркетинг, қаржы және бизнестің құқықтық аспектілері тақырыптарына арналады. Бұдан әрі қатысушылар комиссияға өздерінің соңғы, оқытуды ескере отырып түзетілген жобаларын ұсынады. Үздік идеялар грант жеңіп алады.

– Біздің өтінішіміз барлық кезеңдерден сәтті өтеді деп үміттенеміз. Бізде үлкен жоспарлар бар және осы жоспарларды біз тезірек жүзеге асыруға ниеттіміз. Өткен жолы біз байқау аясында жобамызды бастай алдық. Осы жолы «Әрекет» байқауы аясында жобамызды әрі қарай дамытуға ниеттіміз, – деп қорытындылады Гүлнәр Ниязова.

Кәсіпкердің айтуынша, қазір әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл жаңа тренд. Қазір адамдар тек пайда тауып қана қоймай, қоғамға шабыт беретін және пайда әкелетін бизнеспен айналысқысы келеді.

Міне, Сауран ауданындағы Үкіметтік емес ұйымдардың басын қосып олардың қоғамдық жұмыстарын бір орталықтан үйлестіруді мақсат етіп отырған Гүлнәр Ниязова тек кәсіпкер ғана емес, жүрегі жұмсақ ана, қайырымды жан.

Сондықтан да, Сауран ауданы әкімдігі мен Түркістан облыстық үкіметтік емес ұйымдар Альянсының да таңдауы Гүлнәрға түсті. Қоғамдық ұйымдардың жетекшілері Гүлнәр Ниязованың сенімге селкеу түсірмейтіндігіне кепілдік беріп отыр.

Ескендір ЕРТАЙ,

«Түркістан»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы