ТҮРКІСТАН ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНА КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ ҒАЛЫМЖАН БИМУРЗАЕВ: «ОРТА БУЫНДЫ МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ – ЕЛ САУЛЫҒЫНЫҢ САҚШЫЛАРЫ»

2  043 көрілім

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесінде білім саласы да жаңа реформалар мен тың бастамалар кезеңінен өтуде. Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған кезекті Жолдауында білім саласының өркендеп, даму жолдарына ерекше тоқталған болатын. Осы талаптарға жауап бере алатын, әлемдік жаһандану ағымына ілесіп, заман талабына сай өркендеп келе жатқан қаламыздағы іргелі оқу орны – ол Түркістан жоғары медицина колледжі. Ендеше, осы оқу орынның бүгінгі тыныс-тіршілігін білу мақсатында колледж директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Бимурзаев Ғалымжан Нұрманұлына арнайы барып тілдескен болатынбыз.

– Ғалымжан Нұрманұлы! Өзіңіз басқарып отырған Түркістан жоғары медицина колледжі қаламыздағы іргелі оқу орындардың бірі. Колледж қаланың дамуына өз тарапынан айрықша үлесін қосып келеді. Әңгімені осыдан бастасақ?

– Киелі Түркістан шаһары Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен облыс орталығына айналып, жаңаша келбеті қалыптасуда. Ықылым заманда түркі халықтарының рухани астанасы болған тарихи мекеннің жаңа ғасырда қайта түлеп, ерекше жаңғыруы барша қазақстандықтардың да жүрегіне қуаныш ұялатты десек қателеспейміз. Қаламыздың дәрежесінің жоғарылауына байланысты тұрғындар мәдениеті көтеріліп, қолдан келгенше жаңашылдыққа ұмтылуда. Сол сияқты Түркістан жоғары медицина колледжі де қаланың белді білім ордаларының бірі ретінде оқу үрдісіне тиімді өзгерістер енгізуде. Білім сапасына жаңа талаптар қойылып, бұрынғыдан да терең, жан-жақты білім беру, оқу аясын кеңейту жоспарлануда. Бұған дейін болашақ орта буынды медицина мамандарын тек медицина саласымен тыңғылықты нәрлендірсе, енді оған қаланың туристік аймаққа айналуына орай, медициналық пәндерді орыс тілінде, ағылшын тілінде білім беруге талап күшейе түсуде, тіпті қазіргі таңда кейбір топтарда медициналық сабақтар толығымен ағылшын тілінде жүргізіліп келеді.

– Қаламыз туристік бағытта қарқынды дамып келеді. Соңғы уақытта елімізде медициналық туризм қажеттілікке байланысты сұранысқа ие. Осыған байланысты колледж тарапынан қандай жаңалықтар бар?

– Түркістан қаласында туризмнің мәдени, демалу бағыты дамитын болса, сонымен қатар медициналық туризм де қатар дамитын болады деген сенімдеміз. Колледжде оқытушылар үшін арнайы ағылшын тілі клубы жұмыс істейді. Жуырда тілдер пәндері бойынша ЦӘК-тің (циклдық әдістемелік комиссия) ағылшын тілі пәнінің оқытушылары онлайн түрінде шет тілі мәдениетіне оқытудың коммуникациялық технологиясын пайдалана отырып, жыл сайын жоғары деңгейде ашық отырыс өткізеді. Бұл ашық отырысқа хирургия, педиатрия, дене тәрбиесі, терапия және тағы басқа ЦӘК-тердің ағылшын тілін меңгерген белсенді оқытушылары қатысады. Жалпы, оңтүстік өлкесі табиғатқа бай, Сарыағаш шипажайы, Манкет, Бүргүлік сияқты саф алтындай таза ауа, тамаша сауықтыру орындары қаншама адамның денсаулығына пайдасын тигізіп келеді. Осы сауықтыру орындарында колледж түлектері де жемісті еңбек етуде, ал алдағы уақытта олар шет тілінде де қарым-қатынас жасап, емделушілердің көңілінен шыға алатын болады. Колледждің негізгі мақсаты да осы медицина туризмін дамытуға тамшыдай болса да өз үлесін қосу.

– Маман дайындауда ұстаздардың алатын орны ерекше екені мәлім. Колледжде студенттерге білім беретін оқытушы құрамы туралы айтып өтсеңіз? Жеткен жетістіктері дегендей?

– Түркістан медицина колледжі бес мамандық бойынша орта медициналық, фармацевтикалық білім беретін және орта буынды медицина қызметкерлері қайта даярлықтан өтетін және біліктілігін көтеретін еліміздегі алдыңғы қатарлы ірі оқу орындарының бірі. Қазіргі таңда әрбір маман жаңа заман жаңалықтарына ілесіп, заманауи инновациялық технологияларды қолдана білетін, фунционалды сауатты, құзіретті маман даярлау мақсатында білім ордасы мақсатқа бағытталған шаралар атқаруда. Бакалавриат дәрежесін иеленіп, жоғары медициналық колледж мәртебесін алған Түркістан жоғары медицина колледжінің алған асулары мен жеткен жетістіктері де мол. Болашақ орта буынды медицина мамандарына жоғары білікті оқытушылар мен тәжірибелі дәрігерлер дәріс береді. Оның ішіде ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздіктері, «Ы.Алтынсарин» медалінің иегерлері, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісінің иегерлері, «Қазақстан Республикасының кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісінің иегерлері, профессорлар мен ғылым кандидаттары, магистрлер оқу-тәрбие үрдісіне зор үлестерін қосуда.

– Оқу орнында қандай мамандықтар қамтылған және студенттердің емдеу-сауықтыру орындарда тәжірибе алмасу бағытында қандай шаралар қолға алынуда?

– Колледжді бітіруші түлектердің 15 пайызға жуығы жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырса, 60 пайызы өз мамандықтары бойынша халыққа қызмет көрсетуде. Түркістан жоғары медицина колледжі «Мейіргер ісі бойынша қолданбалы бакалавр», «Жалпы тәжірибелік мейіргер», «Фельдшер», «Акушер», «Медициналық лаборант», «Фармацевт», «Дантист» біліктіліктерін даярлайды. Сонымен қатар, 3 жылдық еңбек өтілі бар мейіргерлер мен фельдшерлер де мейіргер ісі бойынша қолданбалы бакалавриатқа жеделдетілген бағдарламамен оқи алады. Колледжде білім алушылардың оқу-өндірістік тәжірибе жұмыстары келісім-шарт бойынша облыстағы барлық денсаулық сақтау ұйымдарында жүргізіледі. Емдеу-сауықтыру мекемелерінде арнайы оқу бөлмелері ашылған. Студенттерді ғылыми зерттеулерге ынталандыру, дарынды жастарға қолдау көрсету мақсатында пән үйірмелері, көркемөнерпаздар клубы, спорттық секциялар тұрақты жұмыс істейді.

Колледжде жүзге жуық оқу кабинеттері бар, оның ішінде дәріс залдары, клиникаға дейінгі кабинеттер, анатомиялық мұражай, лабораториялық кабинет, тест орталығы, Интернет жүйесіне қосылған электронды оқу залы, лингафонды кабинеттер мен жаңа компьютерлермен жабдықталған информатика кабинеттері. Дәріс залдары бүгінгі заман талабына сай интерактивті тақтамен жабдықталған. Колледжде кітапхана мен электронды оқу залы тұрақты жұмыс істейді. Бай кітапхана қоры медициналық оқулықтармен ғана емес, көпшілікке арналған ғылыми журналдармен, әдеби оқулықтармен де толықтырылып отырады. Кітапхана жұмысына «Кабис» бағдарламасы енгізілген. «Анатомия – медицина негізі» – демекші студенттердің өз мамандығын толық меңгеруі үшін колледжде анатомиялық мұражай жұмыс істейді. Колледж мұражайы республикадағы ең үлгілі, экспонаттарға бай мұражай болып есептеледі. Мұражай ішінен мәйітхана бөлмесі мен арнайы жабдықталған бөлмелер ашылған.

Колледждің спорт кешені футбол алаңымен, жабық волейбол, баскетбол алаңы және түрлі спорттық ойындарды өткізуге арналған спорттық залмен, жаздық бассейнмен жабдықталған. Колледждің 300 орындық жатақханасы жаңа үлгідегі жихаздармен қамтылған. Атап айтқанда медициналық бекет, кітапхана, электронды оқу залы, қонақ бөлмесі, жуынатын бөлме және ас дайындайтын бөлмелер бар. Әр қабатта отандық «Отау тв» желісімен қамтылған теледидар мен тынығатын арнайы орындар ұйымдастырылған.

– Колледж студенттерін патриоттыққа тәрбиелеуде елін, жерін сүюде қандай іс-шаралар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, оқу бағдарламасында қандай жаңашылдықтар бар?

– Колледж студенттерін Отанға деген сүйіспеншілікке, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне, Конституцияға кұрметпен қарауға, патриоттыққа тәрбиелеуге ерекше мән берілген. Осы орайда, студенттердің өзін-өзі басқаруы үшін «Студенттік үкімет» құрылған. Студенттік үкімет мүшелері қала көлемінде өткізілетін барлық деңгейлі іс-шараларға белсенді атсалысып тұрады. Болашақ орта буынды медицина мамандары арнайы оқу кабинеттері жаңа үлгідегі компьютерлермен және тағы басқа қажетті техникалық құралдармен қамтылған. Бұдан бөлек, аурухананың таңу бөлмесіне жақындатылып жабдықталған таңу бөлмесі бар. Ондағы тігіс салуға арналған манекендер мен кеңірдек интубациясы тренажері және плевралды пункция муляждарын қолдану арқылы студенттер дағдыларды имитация жасауға мүмкіндік алады.

Хирургиялық симуляциялық орталықта көп функционалды робот, жүрек-өкпе реанимациясы тренажерлары, асқазанды зондтауға арналған тренажерлар, жарақаттар манекені кешенімен іске қосылған. Имитатор манекендердің арасында ең күрделісі көп функционалды робот-симулятор болып табылады. Жалпы, бұл манекендер арқылы науқасты қабылдау, шұғыл көмек көрсету имитациясы жүргізіледі.

Балалар аурулары пәнінен тәжірибелік сабақ өтуге арналған көп функционалды симуляциялық нәресте НАL манекендері тәжірибелік дағдыларды меңгеруге оңтайландырылған. Сонымен қатар, бұлшық етке инъекция жасауға арналған моделдерде көрсетілген анатомиялық құрылымдар инъекция орнын дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Манипуляцияларды орындау барысында фантом, тренажерлер ішкі ағзалардың анатомиясын, топографиясын анықтауға, манипуляцияны орындауды бақылауға болады.

Болашақ мамандарды ғылыми ізденістерге баулу мақсатында «Жедел жәрдем», «Реабилитация», «Денсаулық», «Мейірімді мейірбике», «Жан шуағы», «Флоренс Найтингейл ұрпақтары», «Дені сау бала мектебі», «Жас дантист», «Зерттеуші химик», «Жасыл дәріхaнa», «Жас лаборант» атты ғылыми үйірмелер жұмыс істейді. Жыл сайын барлық бөлімдерде «үздік маман» байқауы өткізіліп тұрады. Үйірмелерде колледждің дарынды студенттері арнайы, жалпы кәсіптік және әлеуметтік – гуманитарлық бағытта ғылыми зерттеулер жүргізеді. Студенттердің сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасалуының нәтижесінде колледж студенттері жылдан-жылға білім сайыстарында облыс және республика көлемінде жоғары жетістіктерге қол жеткізуде.

Қазіргі таңда әлемде мейіргерлердің рөлі артып отырғандығы баршаға мәлім. Осы орайда, білім ордасында мейіргер ісі бойынша шетелдік озық тәжірибелер кеңінен қолданылуда. Атап айтсақ, оқу оңалту орталығы, оқу паллиативттік және хоспистік көмек көрсету оқу орталықтары. Орталық жоғары деңгейдегі тренажерлермен, пациенттерді қозғалтуға арналған эргономиялық заттармен жабдықталған. Мейіргер ісі негіздері бағытында тағы да «Эргономикалық орталық» пен «Поллиативті көмек көрсету бөлмесі» ашылған. Бүгінгі таңда соңғы үлгідегі техникалық құралдармен жасақталып, танымастай өзгерген Түркістан жоғары медицина колледжінің оқу базасы мен үнемі облыстық, республикалық сайыстарда алдына жан салмайтын алғыр студенттері Түркістан шаһарының мақтаныштарына айналып отыр.

– Елбасымыздың «Біздің болашағымыз – жастар» деген жалынды сөзі мен ерекше аялы қамқорлығы жастардың жігерін ұштап, олардың әрбір істе биіктерден көрінуіне серпін беруде. Осы орайда, колледж студенттерінің жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз?

– 2020 жылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткізілген «WORLDSKILLS TURKESTAN – 2020» облыстық чемпионатында «Медициналық және әлеуметтік күтім жасау» құзіреттілігі бойынша жоғары кәсіби шеберлігі мен біліктілігін іс жүзінде қолдана алғаны үшін стоматология мамандығының екінші курс студенті А.Джунайдуллаев І дәрежелі дипломмен марапатталды. 2020-2021 оқу жылында стоматология бөлімінің 4 курс студенті Сирожиддин Тажиев және емдеу ісі бөлімінің 3 курс студенті Бек Садилла «ҚР колледждерінің ең үздік 100 студенті» республикалық жобаның жеңімпаздары атанды.

Ұлы Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қағидасын ұстанып, Отанымыздың ғаламдық көшін өрге сүйрейтін азаматтармен бірге халық денсаулығын жақсартуға әрдайым өз үлестерін қосып келеді. Өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамытуға барынша назар аудару, денсаулық сақтау ұйымдарының қажетті материалдық базамен толық қамтылуына баса мән беру, сапалы медициналық қызметті қалада да, ауылда да қолжетімді ету, ауыл тұрғындарының алғашқы диагностика мен скринингтен өтуін қамтамасыз ету, облыстық медицина саласына палиативті күтім жасауды енгізу, мүгедектерге арналған оңалту орталықтарын ашуға атсалысу жұмыстарын қолға алып келеміз. Колледж студенттері түрлі білім сайыстарында да жүлделі орыннан көрініп, ұстаздарының үкілеген үміттерін толықтай ақтауда. Білімге құштар, талапты, мейірімді, коммуникативті маман дайындайтын үздік медициналық колледжі медициналық туризмнің дамуына сүбелі үлестерін қосатын болады.

– Сүбелі әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан: Қуаныш ТАСЫБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы