ДІНИ ҰЙЫМДАР ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ШАРТТАРЫ

2  038 көрілім

Дін – тарих кезеңдерінің қай қатпарлары болмасын адамзат үшін құнды. Уақыт өткен сайын кейбір діндер деградацияға түсіп жатса, бірі қайтадан жанданып, жаңа бір күш алғандай дамиды. Әрине, бұл құбылыстардың барлығы қоғамдағы діндарлыққа байланысты. Діндарлық – мемлекет пен дін арасындағы саясатқа тікелей байланысты. Егер мемлекет зайырлылық қағидаттарын ұстанса, қауіп төндірмейтін, экстремистік және террористік деп танылмаған діни бірлестіктерге бірдей қарайды немесе кейбір діни бірлестікке ерекше бір мәртебе беріп айқындайды. Кейбір мемлекеттер өзінің саяси бағытын дінмен ұштастырып жатады. Осы бір байланысқа қарама-қарсы идеология – атейстік. Яғни, Құдайға сенбеушілік.

Ата заңымыздың 1-бабының, 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.

Зайырлы мемлекеттерде арнайы тіркелген діни бірлестіктердің жұмыс жасауына ешқандай кедергі жоқ. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы «Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданған болатын. 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының күшіне енуі, елдегі кейбір діни бірлестіктер қызметінің ахуалын біршама өзгергендігі аталып өтіледі. Осы саладағы туындаған мәселелерді ескере отырып, 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы негізінде діни бірлестіктерді қайта тіркеу 2012 жылдың 25 қазанына дейін жүргізілді. Қайта тіркеу нәтижесінде діни бірлестіктердің саны 32% қысқарды.

Діни ұйымдар, діни топтар мен діни бірлестіктер түрінде құрылуы мүмкін. Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдарда және жергілікті мемлекеттік органдарда, әскери бөлімдерде, мемлекеттік және муниципалдық ұйымдарда діни бірлестіктер құруға тыйым салына-ды. Сонымен қатар, діни партия құ-руға қатаң түрде тыйым салынады.

Діни ұйымдар меншік иесі бола алады. Олар ғимараттарға, жер учаскелеріне, өндірістік, әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени-ағартушылық мақсаттарға, діни заттарға ие бола алады. Діни ұйымның меншігі өз қаражаты есебінен сатып алу немесе құру, азаматтардың, ұйымдардың қайырымдылықтары немесе мүлікті мемлекеттен беру арқылы құрылады. Діни ұйымдарға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға және өз кәсіпорындарын құруға рұқсат етіледі. Оның үстіне мұндай кәсіпорындар азаматтық және еңбек заңнамасының нормаларына бағынады.

Діни ұйымдар сонымен қатар, діни мақсаттағы әдебиеттерді және басқа материалдар мен заттарды арнайы дінтанулық сараптамасынан кейін өндіруге, сатып алуға, таратуға құқылы. Сонымен қатар, діни ұйымдар діни қызметкерлер мен діни кадрларды даярлау үшін кәсіби діни білім беру мекемелерін құру құқығына ие. Елімізде діни бірлестіктерді тіркеу үшін қажетті шарттарға тоқталсақ: діни бірлестіктің жарғысы; құрылтай жиналысының хаттамасы; бастамашы азаматтарының тізімі; орналасқан жерiн растайтын құжат; діни ілімнің пайда болу тарихы мен діни баспа материалдары; мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымы төленгенін растайтын түбіртек. Қазақстан Республикасының заңында қарастырғандай діни бірлестіктер: жергілікті, өңірлік, республикалық болып құрылуы мүмкін.

Адамның ең басты құндылықтарының бірі саналатын дін оның наным-сенімі арқылы қоғам өміріндегі рухани саланы жүзеге асыратын механизмнің бір бөлшегі болғандықтан діни бірлестіктердің қызметінің жүйеленуі мемлекет үшін өте тиімді. ҚР Конституциясында көрсетілгендей Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады және мемлекетте қандай да бір діни наным сенімге ресми басымдылық берілмейді. Дегенмен, елімізде сан тұрғысынан басымдылық танытқан ислам діні мен православие дінінің айтулы мейрамдары ресми мейрам болып тіркелген. Елімізде тіркелген барлық діни бірлестіктердің негізгі мақсаты – діни сенімдері мен көзқарастары әртүрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі.

Қорытындылай келе, мемлекетіміз қоғамға қаупі жоқ, ел арасында ұлтаралық және конфессияаралық келісімге нұқсан келтіретін, қандай да бір зорлық-зомбылықты үндейтін діни ұйымдарға қарсы. Керісінше, ел бірлі-гінің нығаюына, халықтар арасындағы достықты өркендеуді мақсат тұтатын діни бірлестіктерге, заң аясында жұмыс жасаса қарсылық білдірмейді. Еліміздің тарихи дамуында ерекше орны бар діни бірлестіктерге мүмкіндігінше қолдау көрсетеді.

А.ТАҒАЙ,

«Әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімі басшысы м.у.а.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы