«ГАЗБЕН ҚАМТУ – ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕНІҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ»

1  175 көрілім

Түркістан қаласы өткен жылдың аяғында жүз пайыз газбен қамтылды. Алайда, әлі күнге дейін осы мәселенің төңірегінде дау-дамайлар басылмай келеді. Осыған орай, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Шымкент» МГЦБ Түркістан ТШ инженері, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Ақиқат Абдуллаевпен кездесіп, өзекті жайдың қыр-сырын анықтаған едік.

– Түркістан облыс мәртебесін алып, көптеген мемлекеттік және әлеуметтік қамту мекемелері осында келіп орналасты. Сіздердің кәсіпорындарыңыз қашан көшіп келді. Газ мәселесіндегі нақты қандай жұмыстарды қамтисыздар? Біз сұрағымызды осыдан бастау себебіміз сіздің кәсіби қызметіңізге қатысты елдің әлеуметтік тұрмысын жақсарту жолындағы атқаратын қызметіңіз жөнінде толыққанды білмекші едік?

– «Интергаз Орталық Азия» АҚ 2000 жылы құрылды. Бүгінгі таңда елімізде газ тасымалдаушы бірден-бір акционерлік қоғам болып табылады. Негізгі атқаратын қызметі – магистральдық басты жүйе мен қала ішілік газ жеткізу және тасымалдау жұмыстарын атқарады. Тұрғындардың үйіне дейін сары жәшік орнатып, соған дейін (ГРПШ) газды жеткізіп береді. 2013 жылы желтоқсаннан бері Түркістан қаласына газ жеткізуді бастадық. 2020 жылы желтоқсанның аяғында қала тұрғындарының барлығының есігінің алдына дейін газды жеткізіп бердік. Соңғы жеті жыл бойына Түркістан қаласы халқына барынша адал қызмет етіп келеміз.

– Өткен жылдың аяғында қала әкімі Рашид Аюпов «Түркістан 100 пайыз газбен қамтылды» деп есеп берді. Бірақ әлі күнге дейін көмір жағып отырғандар бар. Сіз осыған толық қосыласыз ба?

– Біздің міндетіміз – газды қаладағы барлық үйлердің есігінің алдына дейін жеткізу. Оны әрі қарай үйдің ішіне кіргізу- біздің міндетімізге жатпайды. Ол үйдің қожайынының міндеті. Алайда, 2020 жылғы желтоқсанның 31-іне дейін Түркістан қаласы жүз пайыз газбен қамтылды. Әр тұрғынның газды пайдалануға мүмкіндігі ашылды деп үлкен сеніммен айта аламын.

– Сізге мәслихат депутаты ретінде қандай міндеттер жүктелді, қай депутаттық комиссияға кіресіз? Елдің әлеуметтік мәселесіне қатысты өзіңіз қабылдау өткіздіңіз бе?

– Мен қалалық мәслихаттың депутаты ретінде инфрақұрылым жөніндегі комиссия мүшесімін. Оның ішінде тек газ емес, сарқынды су, сумен қамту мәселелеріне де қадағалау жүргіземіз. Үш адамбыз. Ардақ Мансұров, Сүлеймен Арыстанов. Осы мәселелерге қатысты қала тұрғындарына қабылдау өткіземіз.

– Қаладағы «Шауғар», «Бекзат» шағын аудандарында үйлердің маңына орнатылған газ жәшіктерінің ішінен құрылғылардың ұрлану оқиғалары тіркелді. Тұрғындар оны қайтадан базардан сатып алды. Осындай оқиғалардың қалай алдын алуға болады? Осыған құзырлы органдармен бірігіп, инспекциялық тексеру жүргізіп, рейдтер жасадыңыздар ма?

– 2020 жылы қалаға Бас жоспар бойынша түгел газды жүргізіп болған соң, қаланың сырт жағына орнаттық. Сол қаланың сыртындағы бос жер телімдеріне орнатылған жәшіктердің иесі дұрыс қадағалау жасамағандықтан жәшіктердегі құрылғыларды ұрлау оқиғалары жиі тіркелді. Сол кезде «Қазтрансгаз аймақ» басшысының орынбасары Ержан Балабеков, қала әкімінің орынбасары Жандос Тасовтың басшылығымен және қалалық полиция бөлімшесінде осы мәселеге қатысты жиындар өткізілді. Құзырлы органдармен бірге рейдтер жасадық.

Қала тұрғындарына айтарым, егер де сол өздеріңіздің үйлеріңіздің алдарына орнатылған газ жәшіктеріндегі құрылғылар жетіспей жатса, жәшікті қолмен ұстамау керек. Себебі, онда ұрының қолының таңбасы қалуы мүмкін. Сол бойда 102 телефонына хабарлассаңыздар, жедел топ келіп мәселені тергеп, тексереді. Бұл өз кезегінде қырағылық көрсетіп, қаладағы газбен қамту мекемелеріне жасаған көмегіңіз де болады.

– Түркістанның жаңа қала салынып жатқан әкімшілік орталығындағы ондаған жеті қабатты үйлердегі газға қатысты даулы мәселе қалай шешілуде?

– Бұл мәселе бойынша мен хабардармын. Бұл тікелей өз жұмысымызға да қатысты. Ол жерде бірнеше жобамен тұрғызылған құрылыс нысандары бар. Бірнеше үйлерге дербес газ қазандықтары қойылған. Бас мердігері тарапынан бірқатар ақаулықтар анықталды. Сол ақаулықтарын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімшілігі тарапындағы жеті қабатты сырты гранитті үйлерге келетін болсақ, олардың барлығы орталықтандырылған жылу қазандықтарына қосылып, қазір толықтай жылу беріліп жатыр.

– Өткен жылы, алдыңғы жылы да қыста газдың қысымы белгілі шамадан төмен болған кезде, наубайханалар да жұмысын тоқтатты. Мамандар «жаңадан берілген га құбырларында газ қатып қалды» десті. Сонда газ да мұз секілді қатып қала ма?

– Бұл оқиға 2020 жылы қарашада болған. Ол кезде қаланың айналма құбыры іске қосылмай тұрған болатын. Сол кезде қалада газдың қысымы төмен болуына байланысты газ жетіспеушілігі байқалды. Біз жедел қимылдап, желтоқсанның 16-сына дейін қаланың бүкіл айналма құбырын жалғап, автоматтандырылған жүйеге қосып, қысымын қалыпты еттік. Қазір Түркістанда газ жетіспеушілігі деген мәселе жоқ. Ол өзекті жай түбегейлі шешімін тапты. Алдағы уақытта туындамайды деп ойлаймыз.

– Сіздер осы атқарылған қызметтерді түгелдей өздеріңіз жасап отырсыздар ма? Жоқ әлде мердігерлік компа-нияларға тапсырыс бересіздер ме?

– Бұл жерде мемлекеттік ережеге сәйкес әкімшілік тарапынан қаражат бөлініп, мердігер компаниялар әр тұрғынның үйіне дейін су, сарқынды су, газ құбырын жеткізіп береді. Сосын су арнасы мекемесінің құзырына су көзі, осылайша газ құбыры да қолданысқа енгізіліп, біздің тарапымыздан пайдаланылады. Яғни, газ құбырларын күтіп ұстау біздің міндетімізге енеді.

– Қазіргі таңда өзіңіз айтқан аудандар мен қай елді-мекендерге газ жүргізіп жатырсыздар?

– Біз негізі құрылыс жұмыстарын жүргізбейміз. Негізінен газ құбырларын күтіп баптауға жауаптымыз. 2016 жылы Бәйдібек ауданында Шаян ауылын қостық. Қазіргі таңға дейін сегіз ауылды қосып біттік. Үш ауылға қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Отырар ауданында үш ауылды Ескі Шілік, Жаңа Шілік, Отырар ауылдарын газ құбырына қоспақпыз. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне дейін қосып бітетін боламыз.

– Қазір қала да, елді-мекендер де табиғи газға қосылып жатыр. Осы сұхбатты пайдаланып газды тұтынушыларға қауіпсіздік тұрғысында қандай кеңес берер едіңіз?

– Түркістан қаласына газдың келе бастағанына жеті жыл болса да бұл әлі жаңалық. Көптеген тұрғындар газды енді пайдалана бастады. Сондықтан алдымен үйге газ кіргізбес бұрын, әркімнің қолында ұялы телефоны бар. Ютубқа кірсе газ орнату ережелері шығады. ҚР Ішкі істер министрі Қасымовтың қолы қойылған «Газбен қамту жүйесі туралы» деген бұйрығы бар. Сонда үй ішіне газ құбырын орнату талабы, қандай құжаттар әзірленуі тиістігі көрсетілген. Техникалық шарт алу үшін үйдің толық құжаттары, мемлекеттік акт, техникалық жобасы, үй иесінің жеке куәлігі соның барлығын «Қазтрансгазаймақ» мекемесіне өткізіп, техникалық жағдайы туралы құжат алуы тиіс. Техникалық жағдайы туралы құжатта барлық ережелері жазылған. Мердігер компаниясына тапсырыс берер алдында сол ережелерді әр тұрғын мұқият оқып шығып, танысып, мердігер компанияның жұмысын өзі қадағалауы керек. Содан кейін «Қазтрансгаздан» өзінің жеке шотын аштырып, әрі қарай қолдануға болады. Көгілдір от негізі еліміздің табиғи байлығы.

– Қазір өзіңіз қалалық мәслихаттың депутаты, инфрақұрылым жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде қанша қала тұрғынын қабылдадыңыз және олардың шағымдары қандай мәселелерді қамтыды? Қазір қаламызда 100 пайыздық көлемде үйлерге газ жеткізілгенімен оны қосуға қаражаттары болмай отырған тұрғындар бар? Осы әлеуметтік тұрмысы төмен жандарға қандай көмек бере аласыздар?

– Осыған дейін жоспарға сәйкес төрт қабылдау өткіздім. Жоспардан тыс бірнеше рет жұмыс орнымда қабылдау өткіздім. Менің газ мекемесінде отырғанымды білгендіктен көбісі газбен қамту мәселесімен келеді. Бір жер теліміне газ жәшігі қойылмай кеткен. Сол мәселе бойынша қала тұрғыны келді. Екі қала тұрғынына өз қаражатым есебінен газ жәшіктерін әпердім. Депутаттарға көбіне әлеуметтік тұрмысы нашар жандар келеді. Оларға барынша азық-түлік есебінен көмек беріп жатырмын. Коммуналдық төлемдерін жүргізуге қаржысы жоқтары да келді. Бірнеше тұрғынның үйіне газ құбырын кіргізуге және пеш орнатуға қаржысы жеткіліксіз болу жағдайы кездесті. Оларға өзімнің әріптестеріммен бірге көмектестік. Сонымен бірге қаладағы мердігер команиялар да да көмек қолдарын созды. Бірнеше азамат жұмыссыздық мәселесімен келді. Бір азаматты өзіміздің «Интергаз» мекемесіне келісім-шарт негізінде жұмысқа алдым.

– Газетті пайдаланып халыққа не айтар едіңіз? Қала тұрғындарына газды пайдалану кезінде қандай сақтық шараларын, қауіпсіздік жайларын сақтау қажеттігі туралы толығырақ айтсаңыз. Өйткені, мына көгілдір газ бұрынғы сапасыз пропан емес, исі де білінбейтіні елге қиын тиіп тұр.

– 2021 жылғы қысқы маусым басталды. Қала тұрғындары көгілдір отынды пайдалануда. Тұрғындар қауіпсіздік шараларын ұмытпай, өзіміздің бала-шағамыздың денсаулығын ойлап, әр үйдің газ жүйесін тиісті маманына үнемі тексертіп отыруы керек. Бір жыл болса да, бес алты жылдан бері газды пайдаланып отырған үй болса да, жыл сайын газ құбырын, пешті, мұржаны түбегейлі тексертіп алғаны жөн. Әр үй жеке иелікте болғандықтан лицензиясы бар мекемемен келісім-шартқа отырып, үй ішілік газ құбырларына қызмет көрсету мамандары жылына екі рет келіп, газ құбырын шүмектерін тексеруі тиіс. Пеш қазандықтарын тексеруі керек. Қыста жылу беру маусымында бір тексертіп алғанның артықтығы жоқ. Газ қазандығының мұржаларын да тексерту керек. Себебі, жаз мезгілінде пайдаланбағандықтан мұржаға құс, жарқанат кіріп кетіп, өліп қалған болуы да мүмкін. Яғни пешті жаққан кезде, тартпай қалады да, сол кезде улы газ үйге кері қарай шығады. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мырзаның қайта-қайта, шырылдап айтып жүргені – әрбір үйдегі газ пешінің қасында газдабылқаққышы болуы керек. Себебі, бұл табиғи газдың иісі жоқ. Оның жайлап шығып тұрғанын ешкім де сезбей қалады. Сосын арзан деп ирандық пештерді алуға болмайды. Өткен жылғы қайғылы жағдайды қала халқы біледі. Сондықтан айтарым, барлық қауіпсіздік шараларын орындап, төтенше жағдай инспекторларының ескертулерін толық орындауға шақырамын.

– Сұхбатыңызға үлкен рахмет! Халықтық қызметіңізге жеміс тілеймін.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы