БАТАГӨЙ ҚАРИЯҒА БАЙТҰРСЫНОВ МЕКТЕБІНЕН БІР БӨЛМЕ БҰЙЫРДЫ

719 көрілім

Жиын барысында, ағартушының өміріне арналған сыныптан тыс ашық сабақтар өткізілді. Баяндама мен бейнефильм, сахналық көріністер және «Біз біргеміз» атты концерттік бағдарламалар жасалды.

    Іргетасы 1898 жылы қаланған білім ордасы 123 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап келеді. Үш ғасырды қамтыған, терең тарихы бар мектеп қабырғасынан елімізге танымал, абыройлы азаматтар түлеп ұшқан. Солардың бірі, Түркістан қаласының құрметті азаматы, Республикалық батагөй, абыз-ақсақал, қаламгер Әбдібек қажы Абылайұлы Бейсеновтің осы мектепті бітіргеніне 66 жыл толып отыр.

    Түркістан қалалық адами ресурстарды басқару бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының айтуынша, Республикаға танымал ақсақалдың мектеп бітіргеніне 66 жыл толса, бір қызығы осы мектептің де сыныбы 66 болып шықты. Соған орай биылғы жылы мектепке тұңғыш қадам басқан бүлдіршіндердің бір сыныбын түгелдей Бейсеновтер әулеті жарақтандырып берді. 

    Кенересінен 10 ұл-қыз, 36 немере-жиен, 40 шөбере өрбітіп отырған «Дала ғалымы», «Дала агрономы» атанып кеткен Әбдібек атаға аталмыш мектептен бастауыш сынып кабинетінің  ашылу салтанаты өткізілді. Жиынға қатысушылар сыныпты тамашалады. Ғалымдар отбасы атанған жанұяда 3 ғылым кандидаты, екі магистр және бір халықаралық тренер (профессор, доцент, аға оқытушы). 10 перзенті мен 22 немересі жоғары білімді және олардың бірқатары магистр болса, 3 немере мен 2 шөбересі студент.

    Жиынға облыстық және қалалық білім саласының басшылары, зиялы қауым өкілдері, ұлағатты ұстаздар, құрметті қонақтар мен журналистер қатысып өз пікірлерін білдірді. Түркістандағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №1-ші жаңа мектепте өткізілген шараның қала өміріндегі рухани және мәдени жетілудегі  маңызы зор екендігін ерекше атап өтті.

    Түркістан қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстапаева халық шаруашылығында ұланғайыр қызмет атқарған Әбдібек ақсақалды да, зайыбы Ұлпатша әжейді де өте жақсы таниды екен.

    – Мен бірнеше мәрте көптеген ақын-жыраулар қатысқан, ең арғысы Жамбылдың немересі Әлімқұл Жамбылов қатысқан бата берушілердің сайысын өткізгенмін. Сонда Әбдібек атамыздың кез-келген тақырыпта тоқтаусыз толғайтынына таң қалатынмын.  Ал, Ұлпатша әжеміз де ортаның гүлі ретінде көңілін ән-жырмен  көтеріп қана қоймай, бүкіл тамақ, тәтті  атаулыны пісіруге уақыт табатын. Ал, ұл қыздарының тәрбиесі, ғылымға бейімділігі ол бөлек әңгіме. Өзі бітірген мектебінен арнайы кабинет ашып, балаларға қамқорлық жасауы ғажап құбылыс,-деп еске алады. 

    Республикалық «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін көтеру орталығының ұстазы Гүлзада Бейсенова әр облыстан 10 мектепке онлаин режимде «Ізденіс және келешек» атты байқау өткізілгендігін сонда Түркістан облысынан №1 Ахмет Байтұрсынов мектебінің ұстаздары суырылып алға шыққандығын айта келіп, мектеп директоры Дәулет Құдайбергенов пен мұғалім Маржан Мұнтасоваға «Алғыс хаттар» тапсырды.

    Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы төрағасының міндетін атқарушы Мұрат Ізтілеуов мектеп директорының білім беруді және мәдени іс шараларды үнемі әрі үздіксіз жоғары дәрежеде ұйымдастыра алатын ерекше қабілетін айта келіп, «Алпамыс» қорымен бірлесе отырып,  еліміздің дамуына ерекше  еңбек сіңірген Сұлтанбек Қожановтың -125 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттады.

    Ал, Бейсеновтер әулетінің үлкені әрі дарынды ғалым, профессор  Нұрзада Бейсенова болса, әкесінің атынан аталып отырған бастауыш сыныбын одан әрі жарақтандыру бұдан әрі қарай тоқталмайтындығын, бүлдіршіндерге қажетті барша оқу-құралдарын жеткізетіндігін және жылда заманауи құралдармен жабдықтауды Бейсеновтер отбасы мойнына алатындығын мәлімдеді. 

    Ахмет Байтұрсынов атындағы №1ші мектептен кабинет ашатындай Әбдібек қажы Абылайұлы кім дегенге келер болсақ, Әбдібек қажы Бейсеновтің отбасы  туралы толыққанды очерк газетіміздің №37-38 нөмірлерінде «Ғалымдар отбасы» деген атпен берілген болатын.

    Бұл жолы алып қосарымыз ауылдастары, әріптестері дала ғалымы, дала агрономы десе, бала жастан кітап-газетті көп оқығандықтан құрдастары Максим Горкий және егін, бау-бақша өсіру тәжірибелеріне байланысты Иван Мичурин деп атап кеткен Әбдібек Абылайұлы өмірінің көп жылдарын елді-мекендердегі егінді жерлерді суармалы ету, дәнді-дақыл шаруашылығын дамытуға арнады.  Биыл Ұлпатша әжемен отасқанына және Ахмет Байтұрсынов (бұрынғы Ленин) атындағы №1 мектеп-лицейін бітіргеніне 66 жыл – «Темір той» мерейтойға жеткен Әбдібек атаның отбасы ел дамуына, қоғамға сіңірген еңбектері еленіп, көптеген төсбелгілер, медальдармен, «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттармен» марапатталған.

Ұлттың ұйытқысы Ахмет Байтұрсыновтың атындағы мектептің табалдырығын осы отбасының үшінші буыны Әбдібек қажының немересі Бірғаным Телманқызы Әбдібек аттады. Бірғанымның тұсауын Қазақстанның даңқын әлемге танытқан Қазақстанның Израйл, Италия, Кубадағы елшісі, Қазақстанның БҰҰ-ындағы тұрақты өкілі қызметтерін атқарған Бірғаным Сарықызы Әйтімова кескен екен.  Шетелден елге оралған соң, ҚР білім ғылым министрі, ҚР Премьер министрінің орынбасары, ҚР Сенатының депутаты болған, «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері Бірғаным Сарықызының жолын тарыдай болып мектепке аяқ басқан Бірғанымға да бергей!   

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы