53 ЖЫЛДЫ ЕҢСЕРГЕН ҰЖЫМНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

1  310 көрілім

Еліміз бойынша тамыз айының алғашқы жексенбісі теміржолшылармен қатар, көлік қызметкерлерінің күні бірге аталып өтеді. Осы орайда, автокөлік қызметкерлері күні қарсаңында қаламыздағы «Жолаушы» ЖШС мекемесінің құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Рахым Көлбайұлы Тәңірбергеновпен арнайы барып тілдескен едік. Ол бізге мекеменің тарихынан бастап, бүгінгі таңға дейінгі атқарып жатқан жұмыстарын баяндап берді. – Қаладағы жолаушы тасымалдайтын бірден-бір мекеме ол «Жолаушы» ЖШС болып табылады. Биыл жолаушы тасымалдау мекемесінің құрылғанына – 53 жыл толып отыр. Елу жылдан асқан мекеме тарихына көз жіберсек, 1966 жылы жолаушылар тасымалдайтын мекеме болып құрылып, осы жарты ғасырдан аса уақытта қаншама азамат басқарды. 1966 жылы жолаушы тасымалдайтын аз ғана автокөлікпен құрылған мекеме 1970 жылдары 60 автокөлікке ұлғайып, жұмысшылар саны 170 адамды құраса, 1990 жылдары мекеме есебінде 170-тен астам автокөлік және 400-ге жуық қызметкерлер мен жұмысшы, жүргізушілер еңбек етсе, заман ағымына қарай, 1996 жылы «Жолаушы» акционерлік қоғамы болып бөлініп шықты. Ал, 1999 жылы «Жолаушы» ЖШС болып қайта құрылды. Бүгінгі таңда 500-ден астам автокөлік Түркістан қаласы мен маңы және қалааралық, облысаралық бағыттарында жолаушы тасымалдаумен айналысып халыққа қызмет жасап келеді. Табыс көлемі жылдан жылға көбейіп, жолаушылар тасымалдау саласы бойынша облыста ғана емес республикадағы алдыңғы қатарлы мекемелер қатарынан көрініп келеміз. 2012 жылы мекеме облыс көлемінде «Үздік жолаушылар көлігі кәсіпорны» дәрежесіне ие болды, – дейді Рахым Көлбайұлы.

Еліміз бойынша жолаушы тасымалдауда жолақы тарифін ең төменгі мөлшерде ұстанып отырған мекеме, бұл өз кезегінде қарапайым халыққа мекеменің көрсетіп отырған жеңілдігі деп біледі. Мұндай жетістіктерге жетуде «Жолаушы» ЖШС мекемесінің құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Рахым Тәңірбергеновтің ерен еңбегінің арқасы деп біледі жұрт. Бүгінде аталмыш мекемеде қызметкерлер саны 30-ды құраса, жүргізушілер саны 400-ден астам. Қоғамдық көліктердің жалпы саны – 400, соның ішінде қалалық бағытта – 270, ауданішілік – 10, ауданаралық – 40, облысаралық – 80-ді құрайды. Мекеме қала көлемінде 21 бағытта қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, 1 ауданаралық (Түркістан-Кентау) және 6 облысаралық (Түркістан-Шымкент, Түркістан-Қызылорда, Түркістан-Шиелі, Түркістан-Нұр-Сұлтан, Түркістан-Алматы, Түркістан-Барлық) транзит бағыттарға қызмет жасайды.

Рахым Көлбайұлы облыстық мәслихатының депутаты болған жылдар ішінде қаланың өркендеуіне, дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатқан бірден-бір азамат. Алдағы уақытта қала ішіндегі қоғамдық көліктерді толық автобуспен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Оның ішінде бүгінгі таңда қалада қызмет көрсетіп жүрген 7, 31, 4, 8 бағыттағы автокөліктер толық автобуспен қамтылған.

Тағы бір айта кетер жәйт, кейінгі жылдары Елбасының кәсіптік білім беруді жандандыру стратегиясын жүзеге асыру мақсатында Түркістанда жастардың авто-механикалық кәсіпті терең меңгеруі үшін арнаулы индустриалды-педагогикалық колледжін ашып, ауыл балаларының техникалық білім алуына қамқорлық жасауда. Бұл колледжді ашу арқылы елдің келешегі – жастарға үлкен демеу көрсетіп отыр. Мемлекеттік бағдарламадан басқа әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларын ақылы негізде оқытуға қолдау көрсетіп жүр. Осында білім алып жүрген жастардың алдынан даңғыл жол ашылғаны баршаға аян.

«Қазір екінің бірі жоғары білім алғысы келеді, колледжге ұмтылып жатқан жастар аз, соған қарамастан, өндірісімізге ауадай қажет, бірақ ұмытыла бастаған автомеханик, диспетчер, автослесарь, дәнекерші секілді мамандықтарды игеру үшін біз жастарға жағдай жасауды мақсат тұттық. Міне, 13 жыл болды, алғашқы түлектеріміз қазірдің өзінде ел игілі үшін қызмет жасап, алды басшылық қызметіне дейін көтеріліп жатқандары баршылық. Колледжіміздің оқу ақысын да қарапайым халыққа ыңғайлы етуді мақсат еттік», – дейді.

Сөз соңында облыстық мәслихаттың депутаты, «Жолаушы» ЖШС мекемесінің құрылтайшысы Рахым Тәңірбергенов алдағы келе жатқан тамыз айының алғашқы жексенбісі көлік қызметкерлерін және барша әріптестерін төл мерекесімен құттықтап, шаһардың облыс орталығы ретінде қайта түлеп, түрленіп жатқанын 2-3 жыл көлемінде адам танымастай қалаға айналатынын, бұл тұрғыда әрбір түркістандық өз тарапынан үлес қосса деген тілегін жеткізді.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы