АЗУЫН АЙҒА БІЛЕГЕН АҚШ ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕСІНЕН БАТТЫ

866 көрілім

АҚШ сенаты желтоқсанның 3-іне дейін мемлекеттік қарыз шегін уақытша 480 млрд долларға көтерді. АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен бұл қадамның аса қауіпті екендігін мәлімдеді. Қаржы министрі CNN-ге берген сұхбатында: «Бұл қадам аса қауіпті жанжалдарға апарып соқтырады. Американдықтар мен әлемдік нарықтың Американың есеп қисабына дұрыс мән бермейтіндігін көрсетіп отыр»,-деп мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік қарыз лимиті бұған дейін $28,5 трлн болды. Бұл ең соңғы өлшемі. Егер де, желтоқсанның 3-інде сенаторлар дефолт деп жарияласа, АҚШ Үкіметінің жүздеген мың мемлекеттік қызметкері жалақысыз еңбек демалысына шығады. Зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарнасы төленбейді. Бұл жай нарықтағы құнды қағаздар қорына қалай әсер етеді?

АҚШ экономикасы тағы да қарыз алмаса, тұра алмайтындығын қаржы сарапшылары түсініп отыр. АҚШ-тың қаржы министрі Джанет Йеллен «АҚШ лимитін көтермеген жағдайда, қарыздарына дефолт жариялайды» деп мәлімдеді. Сенаторлар өз мемлекетін дефолт деп жариялауға жеткізгісі жоқ. Олай болса қалған жағдайда мұның зардабы әлемді шарпиды. Минут сайын 2 миллион долларға дейін еселеп өскен қарыздың бүгінгі мөлшері usadebt.ru мәліметіне қарағанда 29 триллион долларға жақындап қалды.

Үрейленген американдықтар онлайн таблодан көз алмай бақылауда. Себебі, қазірдің өзінде әрбір американдықтың жеке тұлға ретіндегі қарызы-86,736 долларға жетті. Ал, әрбір салық төлеушілерге бөлгендегі қарызы – 223,899 долларға жетті.

Күн сайын өсе түскен қарыздар қайдан шықты? Қарыздың 32-34 пайызы қаржылық мекемелерге–инвестициялық қорларға, банкілерге, жеке тұлғаларға мемлекеттік қарыз. 38-40 пайызы шетелдік инвесторлардың мемлекеттік құнды қағаздарға бөлген қарызы. 26-28 пайызы ішкі қаржылық құрылымдарға қарызы. Оның ішіне Федеральдық сақтандыру қоры, сақтандыру және зейнетақы қорынан алынған қарыздары кіреді.

АҚШ сенаты осы қарызды қайтару мәселесін 1917 жылдан бері 78 мәрте қараған екен. Оның барлығында да алпауыт қаржыгерлердің уәждеріне сеніп, дефолт деңгейін үнемі көтерумен болған. Енді шегінерге жер қалған жоқ. Республикалықтар бір қарыс та шегінбеуге бекініп отыр. Қаржылық дағдарысқа тоқтау сала алмай отырған Джо Байден бастаған демократтардың беделі күн санап құлдырап барады.

АҚШ-тың жағдайы дефолт деп табылған жағдайда, долларға тағдыры байланған мемлекеттердің экономикасы да домино сипатында жапырлай жығылып, әлем елдеріндегі әлжуаз мемлекеттердің экономикасының күрт құлдырауына әкеледі.

Сарапшылар қазірдің өзінде, АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 1 пайызға өскенде, тәулігіне 40 мың адам ажал құшатындығын айтып, дабыл қағуда. Себебі, тұрғындардың жүйкесі әбден жұқарған. Өмірден баз кешіп, суйцид жасап- өзіне-өзі қол жұмсау фактілері көбейген.

Сондықтан да Ресей, Қытай, Қазақстан соңғы жылдары жинап үлгерген алтын қорына үміт артып отыр. Оның сыртында көптеген мемлекеттер екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарын долларсыз, сол елдердің төл ақшасына және алтын бағамымен жүргізе бастады. Мәселен, Қытай мен Ресей юань-рубль саудасына көшуде. Қазақстан да екі елмен саудасын төл теңгемен жүргізуде. Мұның өзі көңілге үлкен үміт ұялатады.

Жақында Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен өткен отырыста мемлекет тұрақтылығының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық бөлігін үнемі бақылау қажет екені атап өтілді.

– Азаматтардың нақты кірісін арттыру, сапалы жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, осының бәріне экономиканың өсімі арқылы қол жеткіземіз. Денсаулық сақтау мен білім беруді қолдау, азаматтардың өзекті мәселелерін шешу әрдайым мемлекеттік органдардың басты назарында болуға тиіс. Мұның бәрі – қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен сенімділігінің кепілі, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Жиында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Мәсімовтің, Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаеваның баяндамалары тыңдалды. Дегенмен, Қазақстан Үкіметі мен Қауіпсіздік кеңесі тәжтажал індетінен кейінгі дағдарысты еңсерудің стратегиялық және тактикалық жоспарын жергілікті жағдайларды ескере отырып, нақты статистикалық мәліметтерді өмірге бейімдеп, ашық та дәйекті фактілерге орай жүргізуі тиіс.

«Жауырды жаба тоқитын» кез артта қалды. «Ауруын жасырған өледі». Мұны теңізшілер тілімен айтқанда «полундра» дейді. Кім қалай құтылғысы келсе, бірегей долларға бағынған қаржылық дағдарыс кемесінен дер кезінде қашып үлгеруі тиіс. Доллардан құтылуды сәт сайын шырылдап айтып жатқан саяси-экономикалық сарапшылардың жайына мемлекет басшыларының құлақ асатын күні туды.

«Шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу!» деген панфиловшылар секілді Орта Азия мемлекеттері мен Ресей әлеуеті бірлесіп, ортақ экономикалық интеграцияны бұдан да жетілдіре түссек, қиындықтан шығар күн жақын. Қаржылық қиындық та жаңа бастамаларға жол ашатынын ескерсек, тың ойлар мен жаңа технологияға негізделген нарық құшағын ашып тұр.

Ескендір ЕРТАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы