«ҚАУІПСІЗ ҚАЛА» ЖОБАСЫ МӘДЕНИЕТКЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

1  810 көрілім

165 мыңнан аса халқы бар рухани шаһарда қауіпсіздікке баса назар салу – құптарлық іс. Естеріңізде болса, өткен аптаның сәрсенбі күні қала әкімі Рашид Аюпов «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірқатар мамандарға жіктеп тапсырмалар берген болатын. Қала әкімдігі қала прокуратурасы мен облыстық полиция департаментімен бірлесіп «Түркістан – қауіпсіз қала» акциясын бастады. Осы ретте, полиция қызметкерлеріне аса жауапты сынсағат берілгендей болды. Себебі, қауіпсіздікті ең алдымен бақылайтын, қадағалайтын, алдын алатын полицейлер болғандықтан, оларға ашықтықта жұмыс істеуді тапсырып, жауапкершілік артылған.

  Шілденің соңғы күндерінде бастау алған бағдарлама қауіпсіздікті қаншалықты арттырады? Түркістанды қауіпсіз қала ретінде көре аламыз ба? Осы сұрақ төңірегінде жауап іздеп көрелік.  

  Қала әкімінің тапсырма берген күнінің ертесіне-ақ халық көп шоғырланатын жерлерде әр аттам сайын сұлбасы көрінген тәртіп сақшыларын, жылжымалы полиция пунктін көрдік. Орталық «Қуаныш» базары аумағындағы  көрініс  тыныштық тұңғиығындағы шаһарды бір серпілткендей болды. Алғашқы күндегідей емес, тұрғындар жол жиегінде жүруді үйреніп қалған. Десе де, полицейлер әлі де ары-бәрі өтушілерге барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бағдаршамның қызыл түсінде тоқтап тұрған қала тұрғыны Ғалия Оразбайды болып жатқан бағдарлама аясындағы жұмысқа деген көзқарасын білдік: «Түркістан қауіпсіз қала болуы үшін полиция қызметкерлерінің бұл еңбегін дұрыс деп бағалаймын. Себебі, халықты осылай үйретпесе, олар әдеттегідей қалаған жерінен өтуді жалғастыра береді. Кептелістің де орын алуының бірден бір факторы да осы жағдай. Бірақ сырттай қарасаң тұрпайы көрінеді. Өйткені халық біреудің үйретуінсіз өзі ақпарат көздері арқылы хабардар болуы керек. Жөндеу жұмыстары – ол уақытша нәрсе. Тіпті жөндеу болмағанның өзінде тұрғындар ары-бері өте беретін еді. Сондықтан, бұл бос сөз. Енді полицейлер тек жолда жүру қауіпсіздігін ғана емес, өзге де мәселелерді жіті бақыласа екен. Мәселен осы базардың өзінде мектеп жасындағы балалар сауда-саттықпен айналысып жүр. Олардың қолына ақша тисе, бұзақылыққа жол беруі мүмкін», – деді қала тұрғыны Ғалия Оразбай.

  Иә, қанша адам болса, қалыптасатын пікір де сонша. Мәселен, инстаграм әлеуметтік желісіндегі @turkistan_gazeti парақшамызда халықтың ойын білгіміз келіп, ашық пікір қалдыруды өтініп, сауалнама тастадық. Желідегі ағайынның көпшілігі аталмыш бастаманы қолдайтынын аңғардық.

  Десе де, жаңадан сызылған жолақтарға жаяу жүргіншілер алғыстарын жаудырса, көлік жүргізушілері наразылық танытуда. Осылайша, екі жақты пікір қалыптасты. Ал жауапты мамандар бұл ретте алдымен қала тұрғындарының қауіпсіздігі бірінші орында деген басу айтуда.

  Біз қалалық полиция басқармасына да табан тіреп, жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақдәулет Әуелбековтен шара бойынша нақты мәлімет алуға тырыстық. «Біздегі ең маңызды көшелердің қатарында Б.Саттарханов пен Тәуке хан даңғылдары және С.Қожанов, Байбұрт, С.Ерубаев  көшелері бар. Ал, өздеріңіз білетін ең үлкен көше – Тәуке хан даңғылы. Орталығы базар аумағы болғандықтан адам көп шоғырланады. Мұндағы белгіленбеген жерден өту көлік жүргізушілеріне кедергі келтіреді. Кез келген уақытта адам жол жиегіне жүгіріп шығар болса оқыс оқиғалар орын алып, жол апатына әкеп соқтыруы мүмкін», – деді Б.Артықбекұлы.

  ЖПҚ бастығының сөзіне сүйенсек, қазір жол қауіпсіздігімен қатар, «Нөлдік төзімділік» бойынша да рейдтік жұмыстар атқарылуда. Нөлдік төзімділік – белгіленбеген орындарда сауда жасау, ұсақ бұзақылық, көше бойына күл-қоқыс тастаудың алдын алуды көздейді. Демек, көшеде кетіп бара жатып ішкен суыңыздың бөтелкесін, жеген балмұздағыңыздың қаптамасын, темекі тұқылын тастап, жайбарақат жүре алмайсыз.

  Айта кетейік, былтырғы 6 айлық көрсеткіш пен биылғы көрсеткішті салыстырар  болсақ, әкімшілік құқық бұзушылықтар саны өскен. Мәселен, жол қозғалыс ережелерін бұзғаны бойынша биыл 156 млн теңге әкімшілік айыппұл салынса, былтыр бұл көрсеткіш 44 млн теңге болған. Бұл деген, ел қазынасы қарапайым тұрғындардың салғырттығынан толып жатыр дегенді көрсетеді.

  Жоспар бойынша бір ай ауқымды жұмыстарды жалғастыру көзделген. «Қауіпсіз қаланың» бағыттары көп. Олар ретімен атқарылатын болады. Ал, бөлінген 16 сектордың қылмыс деңгейі, ұсақ бұзақылықтарды болдырмау  бойынша да бүкіл облыстың тәртіп сақшылары жұмыла жұмыс істеуде.  

  Еске салайық, әкімшілік құқық бұзушылық жасап, сізге әкімшілік хаттама толтырған жағдайда 2 айлық есептік көсеткіште (5050 теңге) айыппұл салынады. Егер, жеті тәулікте төлесеңіз 50 пайыз жеңілдікпен 2525 теңгені құрайды.  Осы іс-әрекет бір жыл ішінде қайталанатын болса, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615 бабының 2 тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылып, айыппұл 10 АЕК-ға тура келеді.

  Жалпы, «Түркістан – қауіпсіз қала» жобасы өткен жылдың соңында бекітілген болатын. Қылмыстылықты төмендету, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық саяси ахуалға әсер ететін мәселелерді шешуді көздеген жоба осы үш бағытты қамтиды.

  Статистикаға сүйенер болсақ, «numbeo» сайты жүргізген онлайн сауалнама нәтижесінде, 2018 жылы әлемдегі ең қауіпсіз қала Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Абу-Даби қаласы болып танылған. Мұнда қылмыс деңгейі 11,62 пайызды құраса, қауіпсіздік деңгейі 88,38 пайызды көрсеткен. Алысқа арбаламай іргелес жатқан Шымкент қаласын алар болсақ, шырайлы шаһар 2016 жылы еліміздегі «Ең қауіпсіз қала» атанған. Бұл уақытта Нұр-Сұлтанда 39 727, Алматыда 66 913 қылмыстық іс тіркелсе, Шымкентте 20 892 қылмыстық іс жасалған.

  Ал өзіміз өмір сүріп, жұмыс істеп, қызмет етіп жатқан мекеніміз Түркістанның керек десеңіз Шымқаладан да озып кетердей мүмкіндігі бар. Ол үшін кез келген тұрғын тәртіпті өзінен бастауы керек. Мұның басты қозғаушысы заман  талабы дегеннен гөрі, қаланың жаңа статусы дегеніміз дұрыс болар. Міне, кіріп келген тамыздан бастап жыл соңына дейін 500 камера көше-көшеде сіздің әрбір ісіңізді бақылайтын болады.  Сонымен қатар, орталық көшелердің бойындағы 34 аялдаманы шыныдан жасау көзделіп отыр. Шаһарда 27 қиылыста бағдаршам болса, ағымдағы жылы 15 ескі бағдаршамды жаңалау жоспарланған. Сонымен бірге, қаланың 16 секторының барлығында стационарлық полиция бекеттері орнатылып, өзінің полиция наряды бекітілетін болады. Жалпы бүгінде қалада 2 бекет бар. Сол бекеттерді шыныға ауыстыру тапсырылған болса, оның бірі шыныға ауыстырылып үлгерді. Ашықтықты айқындайтын мұндай бекеттерге тұрғындар оң көзқарастарын танытуда. Сондай-ақ, әрбір полиция көліктерінде сенім телефондары орнатылатын болады. Жол техникалық инспекция бөлімінің мәліметінше, шара аясында 27 белгі, 2 жолақ қойылып, 2 бағдаршам жаңартылған. Сондай-ақ, Есім хан алаңы тұсынан жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам да қойылған. Ал 615 баппен екі күн ішінде, яғни 28 шілде күні – 28, ал 29-ы күні 31 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

  Енді аталған іргелі істер балаңыз көшеге шықса сізде еш уайым, қауіп туындамауын қамтамасыз етеді. Полицияға деген сенімді арттыруды көздегендер Түркістанның қауіпсіз қала боларына, барлық әкімшілік құқық бұзушылықтардың төмендейтініне сенімді. Ендеше, осы сенімді ақтауды әрбір жан өзінен бастаса екен.  

Жанерке ЖАРЫЛҚАСЫН,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы