ТҮРКІСТАНДА 2046 ОҚУШЫ АЛТЫН ҰЯСЫМЕН ҚОШТАСТЫ

874 көрілім

Бүгін шаһардағы А.Байтұрсынов атындағы № 1 мектеп-лицейінде «Сәт сапар саған, Жас түлек!» атты тақырыпта соңғы қоңырау салтанатты шарасы болып өтті.
Атаулы шараға қала әкімі Рашид Аюпов, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова және ұстаздар қауымы, бітіруші түлектер қатысты. Әкім ел болашағы жастар екенін айта келіп, бақ пен баптары қатар шауып қалаған оқу орнына түсіп кетулеріне тілекші екенін жеткізді.

Адамгершілік құндылықтары берік негізі бар нәтижеге бағдарланған жан-жақты тұлға қалыптасуына бағыт-бағдар беруді мақсат ететін соңғы қоңырау жыл сайын үлкен деңгейде аталып өтілетін. Күллі әлемді аяғынан тұрғызған пандемияға байланысты адам саны шектеліп, карантин талаптары ескерілгенін айта кеткен жөн. Тіпті өткен жылы соңғы қоңырау кешігіп соғылса, биыл өз уақытында болғанын атап өтуге болады.
Ал шаһардағы соңғы қоңырау болып өткен білім ордасы жаңа ғимаратқа қоныс тепкеннен кейін атаулы шараны алғаш өткізіп отыр. Жиын барысында қаладағы білім саласының бүгінгі деректерімен танысып, мектептің жақын тарихынан сыр шертетін арнаулы фотокөрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, оқу жылын кәсіби табыстармен аяқтаған бірқатар ұстаздарды, түрлі білім бәсекелерінде жүлдегер атанған оқушыларды және мектеп өміріне белсене араласып, білім саласының дамуына үлестерін қосқан ата-аналарды қала әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.
Айта кетейік, биыл қаладағы 42 (10 жекеменшік мектеп) жалпы орта білім беретін орта мектептерді 2046 оқушы бітіріп отыр. Солардың ішінде 124 оқушы «Алтын белгі», 56 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған. Ұлттық бірыңғай тестілеуден бағын сынауға 1337 оқушы өтініш білдірген. Қорытынды аттестаттауға келетін болсақ, 9-сынып оқушылары 28 мамыр мен 5 маусым аралығында, ал, 11-сынып оқушылары 1-10 маусым күндері аралығында білім сынағын жазбаша түрде тапсырады.

Үмітбек БАҒДАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы