ТЕҢДЕСІ ЖОҚ НЫСАНДАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

1  477 көрілім

Елбасымыз Н.Назарбаевтың бастамасымен облыс орталығы атанған Түркістан қаласы екі-үш жылдың ішінде адам танымастай өзгерді. Шынында, бүгінде киелі қаланың даңқы шарықтады. «Көп естігеннен бір көрген артық» дегендей, күннен күнге сәулеті келіскен ғимараттарымен көкке өрлеген Түркістанды көруге еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келуде.

Расында, облыс орталығы атанған күннен көзі ашылған бұлақтай қаламыздың екінші тынысы ашылып, шарықтап дамуына еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан екенін айтуымыз керек. Елбасының бастамасымен көне қала 2017 жылы түркі елдерінің мәдени астанасы атанса, кешегі өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан Декларациясы қабылданып, Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды. Құрылысы қайнаған облыс орталығында көптеген ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілуде.

Кешегі аптада бірнеше нысанның лентасы қиылды. Соның алғашқысы – «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені. «Керуен-сарай» кешенінің ашылу салтанатына Премьер-Министр Асқар Мамин, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ, инвестор компанияның өкілі Қуанышбек Құдайберген қатысты. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды.

Алып нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 га аумақта орналасқан. 2019 жылы құрылысы басталған нысанды 2 жылда аяқтау үшін 4000-нан аса жұмысшы қамтылған. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамхана-лар, СПА және фитнес-орталық, кино-театр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Бұл ретте, барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрлан-дырылған шоуы өткізіледі. «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс деп күтілуде.

Керуен сарайдың біраз бөлігін жасанды көл алып жатыр. От пен суды қатар ататын су бұрқақ жасалған. Бұл қазақ халқының от пен судан аман өткендігін білдіретін символ ретінде қойылғандай әсер береді. Шоудың да қаншама түрлісі бар мұнда. Әсіресе, нысанның ашылу салтанатында су үстінде «Қыз Жібек пен Төлеген» қойылымы көрсетіліп, келген қонақтарды таң-тамаша қалдырды.

Сонымен қатар, әлемге танымал каскадер Марио Люраши баптаған, шетелден арнайы алдырған асыл текті жылқылар үстіндегі көріністер де керемет.

– Біз қызық жағдайдың куәсі болудамыз. Біз, француздар өз аттарымызбен келіп, қазақтарға ат үстінде өнер көрсетуді үйретудеміз. Алайда, қазақ халқы аттың құлағында ойнап өскен кешегі көшпенділердің ұрпағы емес пе? Олар бізден, біз олардан көп дүниелерді үйреніп, тәжірибе алмасып жатырмыз,-дейді Марио Люраши.

Шынында, Керуен сарай кешеніне аяқ басқан адам жанына қалағанының барлығын таба алады. Шығыс стилінде салынған теңдесі жоқ «Керуен – сарай» нысанының ашылуын асыға күткен тұрғындар бұл жерге «Екінші Венеция», «жер жәннаты» атауларын беріп те үлгерді. Керуен сарайдың ашылуын асыға күткеннен болар, осы күнге дейін нысан толығымен іске қосылмаса да архитектуралық көрінісін тамашалауға еліміздің түкір-түкпірінен адамдар ағылып келіп жатты. Енді дақпырты жер жарған Керуен сарайының есігі келушілерге айқара ашық.

Сондай-ақ, А.Мамин Түркістандағы Қазақ музыкалық драма театрына барды. Түркістан музыкалық драма театры да алғашқы сахналық қойылымын көрсетіп үлгерді. «Шаңырақ» деп аталған туындының идеясы түбі бір түркі халықтарының бірлігі, ынтымағы, бауырластығына құрылған. Заманауи театрдың аумағы 11 мың шаршы метрді құрайды. Көрермендер залының сыйымдылығы 510 орынға арналған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да еркін кіріп-шығуына барлық жағдай жасалған. Бұл жаңа театр ұжымының жұмысына қажетті барлық бөлмелермен жабдықталған заманауи нысан. Әртістердің де қажеттіліктері толығымен қамтамасыз етілген.

Бұдан соң Үкімет басшысы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханамен танысты. Фараб кітапханасы Шымкент қаласының Түркістан облысына жасаған тартуы. Ғимараттың үш қабаты оқу залдары, коворкинг-орталықтары, фото, бейне және аудиожазба, каллиграфия, қыш өнері студиялары, шеберханалары, оның ішінде 3D-модельдерді жасауға арналған шеберханалары, сондай-ақ киноконцерт залы, кофеханалары, кітап кәдесыйлары мен қолдан жасалған бұ-йымдар дүкендері қамтылған аймақтар-ға бөлінген. Кітапхананың ғылыми-зерттеу орталығында кітап сақтау қоймасы, сирек кездесетін кітаптар мен көне заманғы қолжазбаларды сақтауға арналған бөлім, құжаттарды, кітаптарды цифрландыру және консервациялау цехтары, оның ішінде Орталық Азиядағы тотығуға қарсы жабдықпен жабдықталған бірден-бір цех бар.

Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр сондай-ақ, Түркістан қаласын-да басқа да инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы