ТҮРКІСТАН: АРХИВ ДЕРЕКТЕРІНДЕГІ ТАЙҚАЗАН ТАРИХЫ

3  376 көрілім

Еліміздің рухани байлығының қатарындағы киелі жерлер, архитектуралық ескерткіштер мен жауһар жәдігерлер жөніндегі айғақтар, құжаттар ұлттың игілігі ретінде мемлекет қарауына алынған. Архив қызметкерлері сақтау қоймаларындағы билік органдары құжаттарының негізінде Түркістан өлкесіндегі тарихи орындар жайындағы деректерді көпшілік талқысына тұрақты түрде салып тұрады. Ислам дінінің таралуының айғағы ретіндегі кесенелер мен мешіттердің құрылысы қазақ жерінде VIII-XI ғасырлардан кең етек жайғанын дереккөздер растайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде аса құнды құжаттар тізбесін жасау барысында кеңестік билік кезеңінде жасақталған құжаттар кешені көптеген беймәлім жайттардың бетін ашады. Аталған тізімді құрастыру барысында архившілердің назарына ілінген құжаттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазан мен екі қола шырағданның Ленинград асып кетуінен мағлұмат береді.

Ғаламтор желісіндегі, бұқаралық ақпарат құралдарына берілген деректерде де Түркістан қаласында орналасқан архитектуралық ескерткіштердің ежелгі дәуірдегі жауһар нұсқасы Қожа Ахмет Ясауиге арналып салынған кесененің тағдыры саяси биліктің қолымен шешілгендігін ашып көрсетеді. Қанша адам болса сонша пікір қалыптасатындықтан, ауыз екі әңгімелердің ұзын-ырғасы 1935 жылы халықаралық көрмеге қоюға алынған Тайқазанды ешкім іздемеді, қайтарып алуға талпыныстар жасалмады дегенге келіп саяды. Бұл мәселе қалай өрбіді, қандай шешімдер қабылданып, қадамдар жасалды? Мемлекеттік Эрмитаж бастығы Иосиф Орбели Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мемлекеттік есепке алынбағандығы, оны жиырма шақты діндар қауымның билеп-төстейтіндігі туралы неге нық сеніммен айтты? Расында, бұл қайдан шыққан қауесет?

Аталған жан-жақты сауалдарға Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің Түркістанның 1500 жылдығына орай дайындаған жинағына жарияланған ресми құжаттар негізінде жауап іздеп көрелік.

1926 жылғы 13 мамырдағы Орта Азия ескі архитектуралық ескерткіштерді қорғау комитетінің Ескерткіштер мен көне заттарды қорғау жөніндегі секцияның мәжілісінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи мешітін қорғау жөніндегі комиссия құру мәселесі көтеріледі. Шымкент қаласында орналасқан аталған ұйым кесенені зерттеу жөніндегі комиссияны құру үшін В.П.Тризнаны Түркістан қаласына іссапарға жібереді. Көне ескерткіштің ерекше тарихи құндылығын ескере отырып атқару комитетінен, жергілікті тұрғындардан және Орта Азия архитектуралық ескерткіштерді қорғау комитетінен үш адамнан тұратын комиссия құру тапсырылады.

Аталған жылы комиссия жан жақты жұмыс жүргізіп қыркүйек айында баяндама дайындайды. Қыркүйекте тыңдалған баяндамада: «Комитет тарапынан 1922 жылы аталған ескерткішке назар аударылды, Бұл құрылысқа назар аударудың себебі, онда Темір дәуірінен қалған 5 үлкен күміс және қызыл мыспен әрленген қола шырағдандар, су ішуге арналған жазулары мен бедерлері бар қазан және жан жақты әрленген, бедерлері мен оюлары бар 2 керемет есік сақталған. 1923 жылғы 19 желтоқсанда жасалған зерделеу актісінде құрылыстың зақымданғаны, бүліну процестері жүріп жатқандығы» жайлы айтылған.

1930 жылғы 2 ақпандағы табиғатты, көне және өнер ескерткіштерін қорғау жөніндегі ведомствоаралық Сырдария округтік комиссиясының ұйымдастыру комиссиясы қараған мәселелердің бірі Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени құндылықтарды есепке алу және қорғау туралы болды.

1935 жылғы 25 қыркүйектегі облыстық халық ағарту бөлімінің мәжілісінде Түркістан қаласында Өлкетану музейін ұйымдастыру туралы мәселе қаралды. Бұл қаулыда Қазақ халық ағарту комиссариатынан Қожа Ахмет Ясауи мешітін Түркістан қаласындағы музей ретінде пайдалануға рұқсат етуді сұрады. Шпота мен Юганькинге Түркістан аудандық атқару комитетінің, партия комитетінің және аудандық оқу бөлімінің атына мешіттің мүліктерін қорғауға қатысты шаралар қабылдау туралы хат дайындау тапсырылды.

1936 жылы 29 мамырда Қазақ Орталық атқару комитеті төралқасының секретариат меңгерушісі өткен тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің қаулысына сәйкес Қазақстан аумағындағы ескерткіштердің қатарында есепке алынған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен мешітіне қатысты шешім қабылдайды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін тұрақты түрде қарауылдау жұмысын жүргізу қажет деп табады. Ол үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық халық ағарту бөлімі өз сметасынан бір күзетшіні қаржыландыруы қажет деп тапсырды. Өлкелік маңыздағы ескерткіш қалпына келтіру жұмыстарын  жасауды қажет етеді. Орталықтың есебіне алынған. Белсенді күзетуді қажет етеді, тонала бастаған аса құнды жабдықтар бар деп көрсетіледі.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкер­лері 1937 жылғы «Қазақстан Орталық Комитетінің Коммунистік партиясы (большевиктер)» № 708 қорында сақталған Қазақстанның мәдени-тарихи құндылығы жөнінде өте қызықты құжаттарды аса құнды құжаттар тізбесіне енгізген болатын. Олардың ішінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи мешітінде тұрған қасиетті тайқазан және 2 шырағдан туралы ресми құжаттар бар. 1937 жылы, сол уақытта ҚазКСРі Ағарту ісінің халық комиссары Т.Жүргенов тайқазан мен екі шырағданды Қожа Ахмет Ясауи мешітіне қайтару туралы өтініш білдіріп, Бүкілодақтық комитеттің өнер істері бойынша бөліміне хат жазған. Иосиф Орбели бұл мәселені қазақстандық музейлердің экспонаттық қорын байыта тү­сетін көркемдік заттарды Эрмитаж қоры­нан бөліп, түркістандық қолөнер бұйымдарына айырбас жасау арқылы реттеуді ұсынған екен. Хат алысулардың нәтижесінде КСРО ХКК жанындағы Өнер істері бойынша комитет бұл бірегей ескерткіштердің орнына ҚазКСР-іне ерекше көркем шығарма­ларды беріп, тайқазанның орнын толық­тыруға келісім берді. Аталған хат алмасуларда Эрмитаж директоры академик Иосиф Орбели кесененің мемлекеттік есепке алынбағандығын тілге тиек етіп, «аса құнды көне бұйымдардың Түркістанға қайтарылуы оның із-түзсіз жоғалып кетуіне соқтырады. Ондағы экспозициялау жағдайы өте төмен, арнайы тексерумен барған қызметкердің рапорты мұны дәлелдейді» деп көрсеткен.

Ал бұл сөздің жай ғана сырғытпа сөз екендігін мына деректер растай түседі. 1935 жылы Т.Жүргеновтың Қазақ Өлкелік партия комитетінің хатшысы С.Нұрпейісовке жазған сұраныс хатында: «БОАК 1924 жылғы 7 қаңтардағы тарихи ескерткіштерді қорғау туралы қаулысына сәйкес кесене БОАК жанындағы Ескерткіштерді қорғау жөніндегі комитет пен Қазақ халық ағарту комиссариатының есебінде және мемлекеттік қорғауға алынған» деп көрсетіп «кесененің құлағалы тұрғанын, үлкен ғылыми маңызын ескере отырып, құнды ескерткішті сақтаудың қажеттілігін көтеріп, Халық ағарту комиссариаты КСРО-дағы тарихи есекерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жасау мәселелерімен айналысатын Ленинград Материалдық мәдениет академиясына Түркістан кесенесін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын бағалауды  құрастыру және жұмысты өз бақылауына алуға өтініш жасаған болатын. Академия бағалауды құрастырды, 1935 жылғы өндірістік жоспарына қосты және тәжірибелі архитекторды жұмысты басқаруға бөлді» дей келе, аталған жұмыстың жүзеге асырылуы үшін жергілікті билік тарапынан қаржы аударуды кешіктіріп жатқандығын, бұл мәселені тез арада шешуді сұрап жазады.

Жылдар бойы Түркістанның төріндегі тайқазанның елімізге қайтарылуы туралы мәселе көтерілген емес деуге келмейді. Өңдеу, жөндеу шеберханалары жасақталып, Самарқан, Бұқара, Ташкент қалаларының шеберлері келіп жөндеу жұмыстары жүргізілді. Патша әскерінің зеңбірек шабуылынан қираған күмбезі мен қабырғалары қалпына келтірілді. ХХ ғасырдың басында Орынбордан ат терлетіп келген алаш қайраткері М.Дулатов ақсарай, қабірхана, кітапхана бөлмелерінің құлағалы тұруына байланысты жабық болғандығынан кіре алмай кетсе, 20-30-жылдары Б.Тризна, Нечкиндер кесененің аз ғана діндар топтың қолында екенін айтып дабыл қақты. Орта Азия көне ескерткіштерді қорғау қоғамының қозғау салуымен кесене Бүкілодақтық есепке алынып, ежелгі ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынды.

Саяси қуғын-сүргіндердің кесапатынан С.Нұрпейісов те, Т.Жүргенев те құрбан болды, 1941 жылғы алапат соғыста бүкіл ел болып фашизммен күресті бастады, 1946–1953 жылдары Сталиннің қаһарынан қаймыққан ел тарихын түгелдеуге мұршасы келмеді. Бір ел, бір мемлекет ретінде өмір сүргендіктен Эрмитажда Иран сәулет өнерінің озық үлгісі ретінде Шығыс залында орналасқан Тайқазан мен екі шырағданды қайтару туралы мәселе жылдар бойы қозғаусыз қалды.

Тек 1985 жылы сәуірдегі КСРО да М.Горбачев жариялаған «жеделдету», «қайта құру», «жаңару» атты саяси реформаның нәтижесінде халықтың пікірі есепке алына бастады. Билік халыққа бетін бұрғандай болды. Одақтас респуб­ликалар халықтарының төл тарихына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне жол ашылды. Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларынан шыққан ынталы топтар Одақ басшыларына Эрмитаждағы тайқазанды қайтару жөнінде қоғам, әдебиет және өнер қайраткерлерінің қолдары қойылған хаттарды жөнелте бастайды. Ол хаттар КОКП басшылығына, КСРО Жоғарғы Кеңесіне елімізден сайланған делегаттар мен депутаттар арқылы тапсырылып жатты.

2017 жылғы 8 желтоқсанда жарияланған оқырман хаты да осы деректерге негіз бола алады. Түркіс­тан қаласының тұрғыны Роза Пірмашевадан zamana.kz. редакциясына хат келген. Ол кісі өзін тол­ғандырып жүрген мынадай мәселе жөнінде жазыпты: «Тайқазанның 1989 жылы Ленинградтағы Эрмитаждан Түркістанға қайта әкелінуіне азды-көпті атсалысқан жандардың бірімін. Құрамында Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов, Жоғарғы Кеңес депутаты Людмила Акбарова, мен және сол кездегі Түркістан қалалық атқару комитетінің төрағасы Еркін Жорабеков бар делегация ел атынан Мәскеуге бар­ғанбыз. Қалада бірнеше күн қона жатып, үлкен жұмыстар атқардық. Тайқазанды Түркістанға қайтару жөніндегі көптеген адамдардың қолы қойылған хатты апарып тапсырған едік. Мүмкін осы еңбегіміздің жемісі болар, арада көп өтпей Тайқазан өзінің тарихи Отанына, Ясауи кесенесіне оралды.

Соның бірі – 1989 жылдың 6 шілдесі күні Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі ұжымының атынан, КСРО халық де­путат­тарының съезіндегі жеделхатта: «Мәскеу. Кремль. Халық депутаттарының съезі. КСРО Жоғарғы Кеңесі төр­ағасының бірінші орынбасары А.Лукьянов жолдасқа. Екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Түркістан қаласының ең­бек­ші­лері Эрмитаждағы Тайқазанды өзінің нағыз иесіне, Қожа Ахмет Ясауи музейіне қайтаруды өтінеді» делінсе, Қазақ КСР депутаттары Н.Назарбаев, О.Сүлейменов, М.Шахановтың атына да аталған мәселеге ықпал ету жайлы жеделхат жолданды. Осыдан дәл жиырма сегіз күн өткенде КСРО Мәдениет министрі В.Захаровтың Тайқазанды Түркістанға қайтару туралы бұйрығы шықты».

Жүргізілген бұл жұмыстар Саяси билік пен халықтың бірлесе, тізе қоса, жұмыла кіріскендігін ҚР Президенті Архивінде сақталған мына құжат бекіте түседі. 1988 жылғы 15 мамырда Қазақстан КП Түркістан қалалық комитеті мен халық депутаттары қалалық кеңесінің басшылары Н. Балқияев пен Е.Жорабеков Қазақстан КП Орталық комитетінің атына Түркістан қаласындағы нысандарды жобалау және құрылысының мәселелері (Қожа Ахмет Ясауи кесене кешенін қорғауға және Түркістан қаласының 1500 жылдығын мерекелеуге дайындық жасауға байланысты) бойынша шешілуі тиіс мәселелер тізбесін жолдайды. Аталған хатта Кентау тігін-тоқыма фабрикасын ескерткіштерді қорғау аумағынан шығару, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Кентау автокөлік жолының құрылысын қорғау аумағынан транзиттік автожолға шығару құрылысын жеделдету. «Интурист» қонақ үйінің құрылысы, автокемпинг құрылысы, қорғау аумағындағы канализацияның 2 кезеңінің, жылу жүйесінің құрылысын, археологиялық зерттеулерді жүргізуді, КСРО Мәдениет министрлігінің қала мәртебесінің «А» дәрежесіне бекітілуіне орай музейдің дәрежесін қайта қарау және т. б. мәселелер қарастырылған. Аталған хаттың 11 тармағында «кесененің басты экспонаты қазіргі таңда Эрмитажда тұрған салттық қазанды қайтару» мәселесін көтереді. Сонымен қатар, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің «қаланың 1500 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу туралы» арнаулы қаулысын қабылдау қажет деп көрсетеді. Бұл хатқа жазылған бұрыштамалар: Қазақ КСР-і Мәдениет министрі М.Ахметоваға Ө.Жәнібеков: «Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігіне тікелей қатысты мәселелерді қарауды сұраймын. 21 мамыр 1988 ж.» деп жолдайды.

Мәдениет министрінің бірінші орынбасары В.Кутовой Қазақстан КП ОК 1988 жылғы 21 мамырдағы тапсырмасы бойынша 1988 жылғы 21 маусымда үш беттен тұратын көлемді қызметтік жазба жолдайды. Шымкент облыстық атқару комитеті, Түркістан қалалық партия комитеті, «НИИ стройпроект» институты және т. б. мүдделі ұйымдардың қатысуымен 1988 –1990 жылдарға арналған сақталуын қамтамасыз ету және бұл кешеннің қорғау аймағындағы ескерткіштерін туристік-экскурсиялық бағыттарға енгізу бойынша іс-шаралар әзірленіп, бекітілді. Аталған мерзім ішінде атап айтқанда Қожа Ахмет Ясауи мешіт-кесенесінің күмбездерін, жайпақ шатырын және Қылует жерасты мешітін, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесін қалпына келтіру жұмыстарын, қорған қабырғаларының солтүстік-шығыс бөлігін қалпына келтіруді жалғастыру, ашылғаннан кейін қорғау аймағындағы анағұрлым маңызды археологиялық нысандарды сақтау, кейбір ескерткіштерге баратын жаяу жүргізуші жолын құру арқылы абаттандыру жұмыстарын орындау, архитектуралық кешеннің музей экспозициясын жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады. Осы хатта Қожа Ахмет Ясауи кешені қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін оның мәртебесін өзгерту туралы мәселе көтеріледі. Түркістан қаласы басшыларының хатында көрсетілген Кентау тігін-тоқыма фабрикасы орналасқан ғимараттың ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші болғандықтан Ясауи кесенесінің музейі балансына беру, кесене жанына өтетін қалааралық автокөлік жолын айналма жолға шығару арқылы көшені көлік қозғалысынан босату мәселелерінің дұрыс көтерілгендігін атап көрсетеді. Сонымен қатар, Қазақстан ғалымдары да өздерінің ғылыми жауаптарын беріп жатты. 1988 жылғы 9 желтоқсанда Қазақ КСР-і Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының директоры, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі М.Қозыбаев Қазақстан КП ОК атына «Түркістан қаласының жасы туралы» хат жолдап, қаланың тарихы туралы деректер келтірілген ежелгі жазбалар мен кітаптарға сілтеме жасап, жүргізілген археологиялық зерттеулердің қорытындыларына сүйене отырып, бірнеше қорытынды жасайды. «Нәтижелер:

1. Ясы қаласының жазба дереккөздерде анағұрлым ерте айтылуы ХІ-ХІІ ғасырларға, нақты айтқанда ХІV ғ.

2. Археологиялық дереккөздер ортағасырлық Ясы қаласы қазіргі таңда Күлтөбе атауымен белгілі үйінділердің орнында екендігін дәлелдейді.

3. Күлтөбе-Ясының пайда болу уақыты – біздің дәуіріміздің 33–400 жылдары.

Қорытынды: Жаңа археологиялық мәліметтер бойынша Ясы-Түркістан қаласының шекті жасы 1500–1600 жыл деп анықталды. Қаланың мерейтойлық жылы 1989–1992 жылдар болып белгіленуі мүмкін.»

Түркістан қаласының жасын зерделеу, жан-жақты зерттеу нәтижесінде оның жасы анықталып, мемлекеттік билік органдарына Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлау мәселесі көтеріледі.

Жариялылықтың жылы лебі сіресе қатқан сеңді бұзды. Шетелдік туристердің ағылуы, Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі қалаларға деген көпшіліктің қызығушылығы, Кеңестер Одағы оның ішінде Қазақстан мен Орта Азия республикаларының аумағындағы көне жәдігерлердің халық назарына ұсынылуы күн тәртібінде тұрды.

1987 жылғы 2 қарашада «1987–1990 жылдары Түркістан қаласының 1500 жылдығын атап өтуге дайындық және мерекелеуге байланысты іс-шаралар жүргізу туралы ұсыныстар» жасалуы да біршама істің бастауына айналды. 1989 жылғы 19 мамырда Қазақстан КП ОК Идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары М.Жолдасбеков Қазақ КСР-і Мемлекеттік мәдениет комитеті мен Шымкент облыстық атқару комитетінің «Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық ұйымдастыру» туралы қаулының жобасын жасау туралы ұсынысын айтып, Қазақстан КП Орталық комитетінің атына хат жазады. Құжаттар кешенін саралай келе, Түркістанға тиесілі Тайқазанның елге оралуына бүкіл халық болып жұмылғанын көреміз. Жоғарғы билік тарапынан 30-жылдары қайтару әрекеті жүргізілгенімен, оның орнына әйгілі суретшілер мен қолөнер шеберлерінің бұйымдарын Қазақстанның музейлеріне беру арқылы мәселе шешілген болатын. 1960–1980-жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесін күрделі жөндеуден өткізіп, оның айналасындағы пантеон-некропольді қалпына келтіру емес, олардың барлығын жермен-жексен етіп, гүлзарлар мен ескерткіш бұйымдар сататын дүкен мен келушілерге арналған шайхана құрылысы салынды.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музейінде (1988-1995 ж.ж) директор қызметін атқарған Нұрмахан Назаровтың жергілікті баспасөз бетінде берген сұқбатында: « Ол заманда, республика басшылары Одақ басшылығына уақытша берілген затымызды қайтарыңыз деу, ол кездегі әдепке жатпайтын. Себебі, бәрімізде Кеңес Одағы деген бір-ақ Отанымыз болды. Солай бола тұра, сол кездегі Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтжанды жан Өзбекәлі Жәнібековтің дипломатиялық жолдармен (коммунистік партия съездерінің делегаттары, Одақтың еңбекшілер депутаттарының сессияларына қатысушылар арқылы хаттар жолдау) әрекеттер жасалды» деп көрсетеді.

Тайқазанды 1930-жылдары қайтармаған Кеңестер Одағының өкілдері оның тұратын жерінің қолайсыз екендігін алға тартқан болатын. 1924 жылы мемлекеттік есепке алынған архитектуралық көне ескерткіштің қалпына келтірілуі ұзақ жылдарға созылды. 1989 жылы 18 қыркүйекте Тайқазан Түркістан қаласына қайта оралды. Ырыс, несібесі арта түскен еліміздің бойтұмарына айналды.

Әлия СҮЛЕЙМЕНОВА,

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бас сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы