«ЕЛ СЕНІМІН АҚТАУ ҮШІН БІРЛІГІМІЗДІ ТАНЫТУ КЕРЕКПІЗ»

2  643 көрілім

Рая ИБАДУЛЛАЕВА,

Түркістан қалалық мәслихат депутаты:

Биыл қалалық мәслихаттың жетінші шақырылымның депутаттары құрамының жаңарғандығын бұған дейінде газетімізде айтып өткен болатынбыз. «Nur Otan» партиясының праймериз жобасы арқылы ұсынылып, халық қалаулысы атанған, білікті ұстаз, мектеп директоры Рая Серікбайқызы Ибадуллаева түркістандықтарға жақсы таныс. Осы орайда, «Депутат мінбері» айдарының келесі қонағы депутаттық мандатқа жаңадан тың серпінмен кіріскен Рая Ибадуллаевамен әңгімелескен болатынбыз. Ендеше, сұқбатқа кезек берсек.

– Рая Серікбайқызы сұқбатымызды өзіңіз және еңбек жолыңыз бен отбасыңыздан бастасақ?

– Мен 1970 жылы 9 шілдеде Отырар ауданы, Балтакөл ауылында туып өстім. Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектепті 1987 жылы бітіріп, Алматы Әлем тілдері университетінің шет тілі мамандығын алдым. 1991-1995 жылдары аралығында «Қожатоғай» елді мекеніндегі А.Иманов атындағы жалпы орта мектепте шет тілі пәнінің мұғалімі, 1995-1997 жылдары Түркістан қаласы Т.Бигельдинов атындағы №16 жалпы орта мектептерінде ұстаздық қызмет атқардым. 1999 – 2008 жылдар аралығында қалалық білім бөлімінде шет тілдері пәнінен бас маман, ізгілікті пәндер бойынша әдіскері болып жұмыс жасадым. 2008 жылдың 15 ақпанынан бастап М.Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектептің директоры қызметін атқарып келемін. Бүгінде өмірлік жолдасым Әмірбеков Қуатхан Әшірханұлы екеуміз үш ұл, екі келін, бес немере тәрбиелеп отырған жайымыз бар.

– Халық қалаулысы болуыңызға не себеп болды?

– Білім саласында жеті-сегіз жылдай мектепте жас маман, қалалық білім бөлімінде жас қызметкер, жас директор болып қарқынды шығармашылықпен ұйымдастыру тіршілігінде болып, халықпен етене жұмыс жасай жүріп, елуді еңсергенімізді білмей де қалыппыз. Әйтсе де білім саласының әртүрлі қызметінде жүріп, қызметтің қыр-сырын біліп, небір білікті де іскер, талапшыл басшылардың тәлімін алып, оны өз тәжірибемізге ендіре нәтижесін көрдік. Елбасы Жарлығымен киелі қаламызды облыс орталығы болады дегенде, ел игілігіне білім саласындағы мол тәжірибем мен өз үлесімді қоссам деген ой болды. Оның үстіне республика көлемінде ақындық өнерімен танылып жүрген дарынды оқушым Нұрсұлтан «Апай, неге бағын сынап көрмейді. Апай нағыз халық қалаулысы болып, ел мәдениетіне үлесін қоса алатын жан» деген сөзі мен кезінде облыстық мәслихаттың депутаты болған әкемнің: «Қызым, енді жас емессің, оң-солыңды таныдың, енді үлкен масштабта халыққа қызмет ететін кезің келді» – деген сөздері көңіліме сенім ұялатты. Мектепте шаш етектен жұмысым бола тұра, еріксіз нар тәуекелге бел байладым… Қалалық білім бөлімінде әртүрлі салада жұмыс жасағандықтан ба маған артылған сенім осындай дәрежеге жеткізді. Халық сенімі деген осы шығар. Енді оны ақтау үшін халық қажеттілігіне орай шынайы жұмыстар үйлестіруді мақсат еттім.

– Бүгінде халық қалаулысымен қатар, білім беру саласында да жемісті қызмет атқарып келесіз. Елімізде орын алған пандемияға байланысты оқушылардың онлайн оқуын қалай бағалайсыз? Бұл тұрғыда көптеген ата-аналар тарапынан мәселелер көтерілуде? Ертеңгі күні оқушылар өз деңгейінде білім ала алмай қажетті бағдарламаларды игере алмай қалмай ма?

– Бұл әлемді шарпыған пандемия тек білім саласын ғана емес, қарқынды жұмыс жасап жүрген барлық мекемелердің жұмысына кедергі келтіргені рас. Елбасының саясатымен білім беру жүйесі әлемдік әдістемеге негізделген жүйемен жұмыс жасауда. Қазақстандағы мектеп басшылары мен пән мұғалімдерінің құзіреттіліктерін арттыру барысында деңгейлік үш айлық курстарда білімдерін жетілдірді. Осы әлемдік жүйе тура онлайн режиміне дайындық іспетті болды. Елбасына күн туып ылаң белгілері басталғаннан барлық білім беру жүйелері карантинге жабылды. Осы орайда, онлайн сабақтары тәжірибесімен дағдыланған мұғалімдер жұмысына кірісті. Керісінше, мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық көрсетіліп әрбір балаға, әрбір жанұяға планшеттер мен ноутбуктер берілді. Бұл жерде бірнеше желілерде білікті де тәжірибелі ұстаздар қашықтықтан сабақ береді. Ал, мұғалімдер берген сабақтарды тиянақтап оқушылар білімдерін толықтырып, кері байланыспен жұмыс жасады. Менің ойымша, оқушыларға қажетті деңгейде оқу стандарт талаптарына сай білімдері өз дәрежесінде берілді. Ал, оқушылардың қабылдауына орай, түйіткілдер туындауы мүмкін. Бұл жерде ата-аналардың да еңбегі орасан зор болды. Мұғалімнің қадірі білінді. Енді міне, Түркістан өңірі жасыл аймаққа еніп, төртінші тоқсанды дәстүрлі түрде оқуға Түркістан облыстық бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, оқушылар дәстүрлі сабақ оқуға мүмкіндік алды. Пән мұғалімдері қосымша сабақтар үйлестіріп, онлайн режимдегі сабақтарды тағы бір қайталап бекітуді қолға алды.

– Сайлауалды бағдарламаңызда көтерген мәселелеріңіздің бүгінде оңды шешімін табуына ықпал етіп жатсыз ба? Мәселені нақты айтып өтсеңіз?

– «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы аясында қаламыздың дамуы барысында көптеген мәселелер қамтылды. Мен басқа да салалардағы жауапкершілігімді айтпағанда қаламыздағы дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығына және дәріханалардың режимге сәйкес жұмыс жасауына бақылау жасауды жауапкершілікке алдым. Алдын ала ескертіп, байқау ретінде «Бірлік» ауылындағы «Арзан» мен қаланың орталығындағы «Ақтілек» дәріханаларының бірнеше дәрілер құнын салыстырғанымда екі түрлі бағаны көрсетті. Қала әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімі туризм саласының сектор меңгерушісі Жұмабекова Жанар дәрі бағаларының әртүрлі болуын өндіруші компаниялар көрші Ресей, Польша, Индия елдерінен келуімен түсіндірді. Нәтижесінде, дәріханалардағы бағаның әртүрлі болуына байланысты ескертулер бердім және қала әкімдігінің бизнесті қолдау және туризм бөлімі туризм саласының сектор меңгерушісі Жанар Жанабекқызы және заң өкілдерімен арнайы жұмысшы топ құрып, дәріханалардың қызметі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, сараптау ұлттық орталығы бекіткен дәрі-дәрмектердің ортақ бағасымен дәріханалардағы сатылым бағасын салыстырмалы түрде тексеріп, оның шекті бағадан аспауын, халыққа қажетті дәрілер қорының жеткілікті дәрежеде болуын қатаң бақылауға алатындығымызды дәріхана меңгерушілеріне ескерттік.

– Депутат ретінде халықтың билікке деген сенімін арттыру мақсатында не жетіспейді деп ойлайсыз? Өзіңіздің ой-пікіріңіз?

– Бюрократтыққа жол бермей, халықтың мұң мұктажымен санасу қажет. Билікке көмек сұрап барған азаматтарды карапайым қабылдау, олармен тең дәрежеде сөйлесу, міндетсінбей жанашырлық, шынайылықпен түбегейлі мәселені шешу. Ашық диалогтар ұйымдастыру. Азық-түлік дүкендер мен базар бағасының тұрақтылығын реттеу. Халықты бөліп жармай, жұмыс көзін тауып беру. Облыс орталығы болғандықтан тұрақты жұмыс көздерін ашу мәселесін қарастыру керек. Зауыт, фабрикалар салу. Әртүрлі кәсіптік саланы жандандыру мақсатында оларды қаржыландыруда халыққа кедергісіз қол жетімді мүмкіндіктер жасау. Қылмыстық жүйеде сот, прокурор, полиция заңдылықты қатаң қадағалау. Арызданушыны сандалтпай халық ішіндегі өзекті мәселелер дер кезінде шешілсе, адамдардың құқықтық сауаттылықтарын ашатын курстар, телеарналардан құқықтық сауаттылық сағаттары, электронды үкімет тағысын тағы бар. Осының өзін түсінбей жатамыз. Осы мәселелерді халық терең танысса, көптеген тұрмыстық мәселелерді шешуге болады. Халықтың мемлекеттік бағдарламаларды білуі маңызды. Осындай мәселелер заманауи жандандырылса халықтың билікке деген сенімі артар еді деп ойлаймын.

– Бүгінгі депутатты не толғандырады? Өзіндік ой-пікіріңізбен бөліссеңіз?

– Мені еліміздің болашағы, атап айтқанда дін, діл, тіл, патриоттық рухы толғандырады. Жастарымыз өзге ағымдарға еріп кетпей, өз ата салтымен, қасиетті қазақы дәстүрлерін ұстанып, ана тілі мен ұлттық рухты ұрпақтан ұрпаққа таза қаз-қалпында жеткізсе деймін. Қазір жан-жақты білімді, ислам мәдениетін жүрегімен түсінетін, ата-анасын сыйлайтын, ана тілін құрметтей білетін, әлемдік деңгейде білім алу үшін өзге де тілдерді меңгерген, біреудің ала жібін аттамайтын, аманатқа берік, иманды жастардың өсіп келе жатқанына сенімдімін. Қазақы мектептердің де көксегені сол.

– Рая Серікбайқызы алдағы жұмыс жоспарларыңыз туралы баяндап берсеңіз?

– Ендігі жоспарым облысымыздың өркендеп, жаңарып жаңғыруындағы рухани мәдениетіне, әлеуметтік ахуалына, денсаулығы мен қала жастарының оқу білімге құштарлығын арттыру бойынша және канвассингтер, қоғамдық қабылдаулар, қалалық мәслихаттағы азаматтармен және жекелей іс-шаралар, зерттеу-саралау жұмыстарын заң органдарымен, заң аясында бірлесе жұмыстар үйлестіру. Ол шараларды бүгінде бастап та жібердік. Халық игілігі үшін жасалған жұмыстардың нәтижелерімен әлеуметтік желілерде баяндап отыратын боламыз.

– Ендеше әрбір игі істеріңізге сәттілік серік болсын! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы