ЖАҢА КОДЕКС – ЖАҢА ҚАДАМ

1  999 көрілім

Мемлекетіміздің, мемлекеттік институттарымыздың дамуымен қатар, мемлекетіміздің қазіргі заңдық базасын жетілдіру де маңызды аспектілердің бірі болып табылады. Яғни, қоғамымыз алға басып, құқықтық жағынан дамыған сайын заңдар да заман талабымен үндесіп, жетіле түсетіндігі табиғи заңдылық. Қоғамдық қатынасты реттейтін заңдар ескіріп, орнына жаңадан заңдар қабылданып, кейбір заңдарға, нормативтік құқықтық актілерге, кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатады. Соның бір дәлелі қазіргі уақытта еліміздің құқықтық кеңістігінде кеңінен талқыланып, оны жүзеге асыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқан, сот қызметіне тың серпін беретін тағы бір заң – «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі».
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады» – дей келе, әкімшілік әділет құрылымын енгізу мәселесін көтерген болатын.
Осыған орай, жуырда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданды.Бірақ бұл заң 2021 жылы 1 шілдеде өз күшіне енеді. Бұл кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, олардың қатынастарын реттейді. Қазіргі уақытта халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл заң жариялық құқықтарды ретейді. Бір жағында мемлекеттік орган болса, енді бір жағында заңды тұлғалар. Заңның басты ерекшелігі – жауапты тек мемлекеттік орган болады.
Жоғарғы Соттың ресми мәліметінше, әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің күшіне енуіне байланысты елімізде 21 жаңа әкімшілік соты құрылмақ. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс шеңберінде істерді қарайтын әкімшілік соттың атауы «Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған аудандық сот» болып өзгеретін болады. Жаңа Кодекс Әділет министрлігімен бірлесе отырып әзірленген. Қазіргі таңда заңнамалық құжаттың нормаларын түсіндіру бойынша судьялар оқытылып жатыр. Жаңа Кодекс енгізілген уақытта қолданыстағы екі заң күшін жояды. Оның бірі – Әкімшілік рәсімдер туралы заң болса, екіншісі – Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заң. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде билік пен халық арасындағы дауды қараудың негізгі қағидаттары белгіленген. Мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтар арасында даулы жағдайлар жиі туындайды. Іс сотқа жеткен кезде шешім көбіне мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлғаның пайдасына шешіліп жатады.Мемлекеттік органдардың қолында барлық ресурс бар. Ал қарапайым адамда ондай әлеует жоқ. Осы себептен мұндай дауларда қолында билігі бар мемлекеттік мекеме жеңіске жетеді. Ал биылғы шілде айында күшіне енгелі отырған кодекс осы теңсіздікті жою мақсатын көздейді.
Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Кодекс құрылымы бойынша екі бөлікке бөлінеді: бірі-рәсімдік бөлігі, екіншісі-сот ісін жүргізу бөлігі. Рәсімдік бөлік мемлекеттік органдардың рәсімдерін, соның ішінде мемлекеттік органның өкілеттіктері мен әкімшілік актінің қабылдануы мен шағымдалуы тәртібін айқындаса, сот ісін жүргізу бөлігінде талап қою түрлері, істерді қарау тәртібі, сот шешімі, сот бақылауы секілді іс жүргізу тәртібі бекітілген.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.Әкімшілік әділет институтының негізгі нысанасы жария-құқықтық қарым-қатынастар бойынша жасалатын даулар. Елімізде осы кезге дейін «Әкімшілік рәсімдер туралы» кодекс қолданылып келеді. Сонымен қатар осынша уақыт әкімшілік сот өндірісінің жеке тәртібі болмады. Жария-құқықтық даулар тараптардың теңқұқылығы жағдайында азаматтық процессуалдық ережелер бойынша қаралды.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің азаматтық процестен айырмашылығы ретінде соттың белсенді рөлін айтуға болады. Осы кодекстің 16-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізу соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды. Әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы. Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Тағы бір жаңашылдық. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ, әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.
Кодекстегі маңызды жаңалықтардың бірі талап түрлерінің нақты айқындалуы деуге болады. Сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Ұсынылып отырған өлшемдерге сәйкес олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекетті жасау, тану туралы талап қою болып төрт түрге бөлініп отыр. Бұл ретте азаматтық процеске қарағанда, талаптың ұйғарымдылығы, тексеру көлемі, оныңісбойынша өтуі талаптың нақты түрін таңдауға байланысты екенін ескеру керек.
Жаңа заңнама мемлекеттік органдарға дәлелдеу міндетін жүктей отырып, соттың процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептер мен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқығын белгілеген. Кодексте тараптарды ымыраға келтіру шараларын белсенді түрде қолдану да ұсынылған. Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтайалады. Осындай заң жобасы сот саласы үшін жаңа қадам, жаңа серпін болары сөзсіз.

Абай БЕКБОТАЕВ,
Түркістан қалалық сотының судьясы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы