ОРТАҒАСЫРЛЫҚ КҮЛТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

808 көрілім

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Күлтөбе қалашығындағы тарихи нысандардың реставрациясы» ғылыми жобасының орындалу мәселелеріне байланысты жиналыс өтті.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Н. Ахметжанов өткізген жиынға Қазақ мәдениеті ғылыми зерттеу институтының директоры А. Хазбулатов, аталған институттың ғылыми қызметкері М. Шайгозова, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Б.Ә.Байтанаев, Халықаралық Орталық Азия зерттеулері институтының директоры Д.Воякин, археолог, ғалым М. Тұяқбаев, А.Ержігітова, қорық-музей директорының орынбасарлары қатысты.

Басқосу барысында Күлтөбе қалашығындағы тарихи нысандарды реставрациялау бойынша 2021 жылға арналған ғылыми жоспарды пысықтау, перспективалық туристік маршрутарын дайындау және реставрацияланған нысандарды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне өткізу сынды өзекті мәселелер талқыланды.

Жиын аясында ортағасырлық Күлтөбе қалашығының болашақ туристік бағыттары туралы, реставрациялық жұмыстарды қажет ететін археологиялық зерттеулер нәтижесінде ашылған жаңа объектілер бойынша маңызды шешімдер қабылданды.

Түркістан аумағындағы алғашқы қалалық қоныстардың бірі – 27 гектар жерді алып жатқан Күлтөбе қалашығын қайта қалпына келтіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Қазақ ғылыми – зерттеу мәдениет институты 2018 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі.

Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қоқан және қазақ хандығы тұсындағы үйлердің орындары, ХVІІ-ХІХғғ. тән қыш-құмыралар, басқа да түрлі құнды жәдігерлер табылғанын хабарлаған болатынбыз.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен 2019–2021 жылдарға жоспарланған археологиялық және реставрациялық жоба аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Биыл “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Күлтөбе қалажұртына кешенді түрде археологиялық қазба, консервация және реставрация, жартылай қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Күлтөбе қалажұртында әлі де ашылмаған тарихи сырларды зерттеп, анықтау, ЮНЕСКО және ИКОМОС халықаралық сараптамалық қоғамдастығы ұсынған Күлтөбе қалажұртындағы маңызды тарихи орындарды сақтау және қалпына келтіру басты назарда.

Археологиялық парктің ғылыми тұжырымдамасына сәйкес әр түрлі әлеуметтік бағыттарға арналған – ғибадатханалар, үйлер, қолөнер шеберханалары және өзге де тарихи археологиялық нысандардың 3D үлгісін жасау, тарих, археология, этнография, мәдениеттану және өнертану тұрғысынан Күлтөбе қалажұртын зерттеудің әртүрлі аспектілеріне арналған монография, ғылыми жинақ, иллюстрациялық альбом және бірқатар ғылыми мақалалар жарық көретін болады.

Айта кетейік, біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастау алатын Қазақстандағы алғашқы сәулет құрылыстары бар Күлтөбе қалашығы бірқатар деректерде Күлтөбе Ясы (Асон) деп аталады. Алғаш рет Ясы атауы моңғолдардың ұлы ханы Менгудің ордасына Қазақстанның оңтүстік аймағы арқылы сапар шеккен армян патшасы І Гетумның жолжазбасында кездеседі.

“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары