ЖЕҢІМПАЗДАР «ЕЛБАСЫ МЕДАЛІМЕН» МАРАПАТТАЛДЫ

970 көрілім

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қолдауымен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры іске асырған «Ел үміті» жобасының түркістандық жеңімпаздарын қабылдап, «Елбасы медалін» табыстады.

Айта кетерлігі, даму бағдарламасын көздеген жоба өткен жылдың шілде айында 7 бағыт (спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі) бойынша бастау алған болатын. Үш деңгейді (қола, күміс, алтын) таңдаған қатысушылар 6 айдан 18 айға дейін әр бағыт бойынша белгілі бір қызметті орындады.

Жоба аясында қатысушылар спорттағы дайындығын жетілдірді, ұлттық мұрамызды зерттеді, әлемдік және қазақ әдебиетінің шығармаларымен танысты, еңбек практикасынан өтіп, елдің әр түкпіріне барып, Қазақстан тарихына үңілді және волонтерлік қызметте де белсенділік танытты. Осының нәтижесінде шығармашылығын шыңдаған, жан-жақты ізденген жеңімпаз оқушыларымыз қала әкімінің алғысына бөленді. Жас жеңімпаздарды құттықтаған қала әкімі Рашид Абатұлы оларға «Елбасы медалімен» қатар, қала әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.

Басқосу барысында осы жобада жеңіс тұғырынан көрініп, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Қуатбекұлының марапатына ие болған «Елбасы медалінің» алғашқы иегерлерінің бірі, М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектептің 10-сынып оқушысы Жанерке Маратқызы жоба туралы баяндап, облыс және қала басшыларына ризашылығын білдірсе, оның ұстазы, «Үздік педагог» республикалық байқауының жүлдегері, мектеп директорының бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Жақсыкүл Сүлейменова да жүлдегер оқушы дайындаудағы тәжірибесін сөз етті. Қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекованың қатысуымен жүргізілген әңгімелесу барысында басқа да оқушылар өз ойларымен бөлісіп, қатарластарын аталған жобаға қатысуға, әрқашан ізденісте болуға шақыратындықтарын жеткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары