ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛ ТҰҒЫРЫ

25  778 көрілім

Тәуелсіздік – еліміздің жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі. Бүгінгі күннің жетістіктері осы Тәуелсіздіктің арқасында келді. Отыз жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісіне қыруар жұмыстар жасалды. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде.

Ата-бабамыз армандаған тәуелсіз күн арайлап атып, көк байрағымыз көкке желбіреді. Жас елдің тарихындағы жаңа дәуір өзінің бастауын Тәуелсіздіктен алады. Сондықтан Тәуелсіздік мерейтойы ерекше мәнге ие. Биылғы айтулы жылды жоғары дәрежеде ұйымдастыру және идеологиялық деңгейге жеткізу міндеті тұр. Ел тарихындағы осындай бірегей белесті толайым табыстармен қарсы алу баршамыз үшін үлкен сын. Тәуелсіздік тойы жалпы халықтық сипатқа ие болып, отандастарымызға айрықша рух беруі керек. Тәуелсіздік тойына әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы тиіс. Ол – ауыл шаруашылығында, өндірісте, өнеркәсіпте жұмыс істеп жүрген кез келген отандасымыздың сапалы еңбек етіп, ел игілігін арттыру деген сөз. Яғни, азаматтарымыздың адал еңбегі мен елге деген шынайы құрметі тәуелсіздік тойына жасалған үлкен тарту болмақ. Бүгінгі уақыт – елдіктің, егемендіктің, кемелдену мен келешекке құлаш сермеудің тамаша кезеңіне айналуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, елімізде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге қатысты үлкен шаралар қарастырылған, экономиканы индустриялық инновациялық дамыту бойынша жаңа міндеттер қойылған. Осылардың негізінде тәуелсіздік пен тұрақтылықты, келісім мен бейбіт өмірді нығайта түсетін боламыз. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде елімізді дүниежүзі танып, Елбасының ерен еңбегінің, сындарлы саясатының арқасында саяси-экономикалық, әлеуметтік табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік алдық. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы.

Біздің Ата Заңымыз – негізгі тәуелсіздік нышандарының бірі. Қазақстанның өз мемлекеттік рәміздері бар. Олар Ту, Елтаңба, Әнұран. Рәміздер егемендікті, бостандықты, дәстүрлерді, тәуелсіздікті көрсетеді. Тәуелсіздік – бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі өміріміз – Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Тәуелсіз болу – өз тағдырына жауап беру деген сөз. Тәуелсіздіктің бүгінгі жетістігі – өткен жылдар ішінде елімізде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген уақыттар. Бірақ алдымызда әлі де алар асулар, бағындырар белестер көп. Біз өткен 30 жыл ішінде қандай межеге жеттік, жеткен жетістігімізді 30 жыл ішінде ұрпақ жадында қалдырып, еліміздің болашақ тағдырын, тарихын, салты мен дәстүрін дәріптеу біздің қолымызда. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді. Тәуелсіздік – еліміздің егемендігінің айғағы. Көгімізде Тәуелсіздік туы желбіреді. Содан бері 30 жылға таяу уақыт өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Қазір елімізге тыныштық орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президенттің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасы. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашағына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды.

Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иеміз. Қоғамдық өмір сабақтары мен еліміздің мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды қойып отыр. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.

Артқа тастаған отыз жылдың ішінде бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз өсті. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық саласына аса мән берілді. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады.

Гүлсім АКИМБЕКОВА,

Түркістан қалалық мемлекеттік архиві КММ-нің 1 санатты архивисі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы