ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ НАУРЫЗДЫ ҚАЛАЙ ТОЙЛАЙДЫ?

1  941 көрілім

«Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы», көпшілік қыстың құрсауынан аман шығып, «Самарқанның көк тасы еритін күн» деп асыға күтетін Наурыз мейрамы түркі халықтарының арасында Наурыз, Невруз, Навруз, Новруз-Байрам деп аталады. Бұл мереке біраз ұлт өкілдеріне ортақ болғанмен, әр халық өзінше ерекше етіп тойлайды. Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды. Ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым – қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт – дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр. Түркістанда 18 ұлт өкілдері бар. Өз елдерінде болмаса да олар Наурыз мерекесін атап өтуді тоқтатқан емес. Ұлттық тағамдары мен өздеріне тән салт-дәстүрлерін жаңғырта отырып, ұлттық киімдерін киіп жыл сайын Наурыз мейрамын тойлайды. Соның ішінде қазақ, өзбек, әзірбайжан және түрік ағайындары қалай атап өтетіні туралы сұқбаттасқан едік.

Гүлбахар Тәжібаева, өзбек ұлтының өкілі: – Біз Наурыз мерекесін асыға күтеміз. Бір апта бұрын ауламыздың, есік алды мен үй ішінің барлығын тазартып шығамыз. Ал, мереке қарсаңында үлкен қазандарда дәстүрлі түрде палау, шурпа, көктен чубара, манты жасалынады. Бұл мейрамда дәстүрлі түрде дастарқанда көктен жасалған ас болуы тиіс. «Ас атасы – нан» демекші пәтір нан мен көк самса да біздің әр мерекеде дайындалатын ас.

Наурыздың ең басты тағамдарының бірі – Сумаляк. Сумаляк енді өскен бидайдан жасалынады. Бидайды мейрамға дейін 10 күн бұрын суға салып, тақтайға жайып, үстіне дәке жауып, суғарады. Ол 2-5 см болып өскен кезде оны майдалап турап, еттартқыштан өткізіп, бірінші реттік өнім аламыз. Оны сығып, суын бір ыдысқа жинап алады. Сумаляк деген «жеті әйел» немесе «жеті періште» деген мағынаны береді. Халық осындай тіл үйірерлік дәмді тағамды дайындайтын әйелдерді періштелерге теңеген. Ол пісіп жатқан қазанға ер адамдардың жақындауына болмайды. Бидайды үш кезеңдік өңдеуден өткізгеннен соң үлкен қазанға мақта майын қыздырып, оған дайын өніммен бірге ұн салады. Оны 3-4 әйел араластырып тұрады. Сумаляк тез күйіп кететін тағам болғандықтан оған 15-20 шақты майда тастар салынады. Тасты жинаушылар тасқа жақсы тілектерін айтып, оны жақсылап жуып-тазалап қазанның ішіне тастайды. Сонымен қатар, қазанға бүтін күйінде грек жаңғағы салынады. Сөйтіп сумаляк 18-20 сағат піседі. Сумаляк қоюлана бастағанда оның қызғыш түсі қоңыр түске айналады. Оны тұрақты түрде араластырып тұру керек. Сумалякты 1-2 әйел дайындай алмайды. Ең аз дегенде 5 әйел дайындауы тиіс. Сумаляк дайындалып жатқанда үйге туған-туыс, көршілер қонаққа келеді. 22 наурыз күні үлкен қазаннан барша халыққа сумаляк таратылады.

Наурыз мерекесінде өзбектер міндетті түрде бір-бірін құшақтап, жақсы тілектер айтып, сыйлықтар сыйлайды. Біздің ұлт – өте қонақжай халық. Біз бір-біріміздің үйімізге қонаққа барғанда өзімізбен бірге тәттілер, дәмді тағамдар алып барамыз. Наурызда атластан тігілген арнайы ұлттық киімдерімізді киеміз.

Расул Дурсунов, түрік ұлтының өкілі: – Бұл мерекенің біздің халқымыз үшін маңызы зор. Наурыз жылдың басы болып есептелетіндіктен, ежелгі наным-сенім бойынша оны қалай қарсы алсаң, жыл бойы солай өткізесің деген түсінік бар. Сондықтан да бұл күні ең әуелі дастарқан мол болуы тиіс. Ал, дастарқанымыздың сәнін келтіретін негізгі тағам – «ашура» деп аталады. Бұл тойымды, тәтті әрі пайдалы асты басқа күндері де әзірлейміз, дегенмен Наурыз мейрамы қарсаңында оны үйдегілер ерекше дәмді қылып жасауға тырысады. Жалпы, біз бұл мерекеге дайындықты бір апта бұрын бастаймыз. Яғни көктемнің алғашқы күндерінде үйді тазартып, реттеп, мүмкіндігінше барлығын жаңартуға тырысамыз. Сондай-ақ, Наурыз кезінде айналамызды денсаулық, сәттілік, бақыт әкелетін заттармен қоршаймыз. Ал салт-дәстүрге келетін болсақ, бұл күні біз от жағып оның үстінен жеті рет секіруіміз керек. Негізінде аталмыш рәсім бүгінде сирек өткізіледі. Дегенмен көпшілік бұл дәстүр адамға жетістік әкеледі деп сенеді. Осылай 22 наурызды той-думан мен берекелі дастарқан басында өткеріп, ертеңінде 23 күні таза киімдерімізді киіп, мәңгілік сапарға аттанған туыстарымыз бен жақындарымызға Құран бағыштаймыз.

Әдия Аристова, әзірбайжан ұлтының өкілі: – Бізде Наурыз мерекесі күні әзірбайжандар ұлттық киімдерін киіп, бір-бірінің үйін аралап, амандық сұрасып, жаңа жылмен құттықтайды. Наурыз мерекесін «Новруз байрам» деп атаймыз. 21 наурыз күні алыс-жақын туыстар кең жайылған дастарқан басында жиналып, бір-біріне бақыт пен молшылық тілейді. Дәстүр бойынша «тонгал» деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіреміз. Жеті саны қазақ халқында ғана емес, біз үшін де қасиетті. Ал, мереке күні ұлттық тағам «палау» пісіреміз. Көбіне адамдар өзбек ұлтының палауымен шатастырып жатады. Әзірбайжандардың күріші ұзынша келген, дәмі де өзгеше. Палаудан бөлек, мерекелік дастарқанның басты тағамының бірі «шекербура» дайындалады. Ол ай пішіндес жасалатын тәтті тағам. Сонымен қатар, бидай қуырылып, жұмыртқаларды қызылға бояймыз. Наурыз мерекесі – біз үшін ерекше мерекелердің бірі.

Гүлмира Тілеубергенқызы: – Наурыз мерекесін қаһары қатты қыстан аман-есен шығып, қалың киімдеріміздің бәрін сандығымызға салып, жаңарып, үйімізге өзгерістер енгізіп, тазалық жұмыстарын жүргізуден бастаймыз. Қазақ халқы қонақжай халық болғандықтан қай мерекеде болмасын, үйімізден адам үзілмейді. Наурыз мерекесін наурыз айының бел ортасынан бастап, сәуірдің ортасына дейін бір айға жуық уақыт тойлаймыз. Әр үй «наурыз көже» дайындап, көрші-қолаң, ағайын-туысты қонаққа шақырады. Ең әуелі бауырсақ пісіріп, жеті шелпек тарқатып, ата-бабамызға Құран бағыштаймыз. Бұл «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөзге саяды. Дастарқанға «ақ мол болсын» деп, сүт-айран, қымыз-қымыран, құрт, ірімшік, сары май секілді ақтан жасалған барлық тағам түрін, майсөк, талқан, жент сияқты тойымды астарды қоямыз. Міндетті түрде жеті түрлі дән қосып, «наурыз көже» дайындаймыз. Наурыз көжеден бөлек қыс бойы сақталған сүрленген ет пен қазы асып бешбармақ немесе жас малдың етінен қуырдақ, сірне, сырбаз жасаймыз. Қазақ дастарқан мол болса, сол жылы молшылық болады деп ырымдайды. Сонымен қатар, қарияларымыздың ақ батасын алуды өзіме басты міндет санаймын. Наурыз мерекесі елімізге құт-береке алып келеріне сенемін.

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы